Аймақтар • 11 Қаңтар, 2024

Жемқорлықтан тәркіленген қаражатқа мектеп салынды

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында көптен күткен №30 мектептің есігі ашылды. Бұл білім ордасының жартысы жемқорлықтан тәркіленген қаражатқа салынған. 1200 балаға шақталған шаңырақ барлық талапқа сай, тіпті оқушының жеке шығармашылығымен айналысуына болады. Сан түрлі үйірме, спорттық секциялар маңайдағы ауыл балаларының қуанышын еселеді.

Жемқорлықтан тәркіленген қаражатқа мектеп салынды

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев

Күміс күлкісі сыңғырлаған жас өскіндер мен ғұмырын білім жолына арнап келе жатқан ұстаздар қауымы, ата-аналар қуанышты сәтке көзайым болып, мектептің ашылу салтанатын асқақ көңілмен өткерді. Жетісулық зиялы қауым, ел жақсылары мен шаһар тұрғындары қатысқан №30 орта мектептің ашылу салтанатында алғашқы болып облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов сөз алды.

«Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың терең білім, тәлімді тәрбие алуына барлық жағдай жасауды міндеттеді. Соған орай елімізде, соның ішінде өңірімізде де білім саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 7 мектеп, соның 3-уі Талдықорған қаласында салынады. Сол сияқты өткен жылы 10 білім нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған, соның бірі – осы Ынтымақ ауылындағы бүгін есігін айқара ашып отырған 1200 орынды білім ордасы», деді М.Сүлейменов.

Бүгінде мектепке 661 оқушы қабылданды, 31 класс комплектісі ашылды. Оның ішінде, Өтенай ауылындағы №21 орта  мектептен 13 сынып, 345 оқушы көшіп келген. Олар жетекшісімен жаңа мектепке бірге ауысып, оқушыларды тасымалдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар педагогтерге 30 бос орын және 20 кіші қызметкерге конкурс жарияланып,  қабылдануда.

Өз кезегінде сөз алған ардагер ұстаз Минуар Баймолданова да білім мен өнер тұрғысында өрелі ойларын айшықтап, ізгі тілегін арнады. Келесі кезекте мектеп құрылысына жауапты мердігер компания «Гунн Строй Сервис» ЖШС бас директоры Сәбит Қалимолдаев жаңа нысанның кілтін мектеп директоры Сәуле Үсеноваға табыс етті. Ән асқақтап, би биленген шара барысында мектеп лентасын облыстық білім басқармасының басшысы М.Сүлейменов пен ардагер ұстаз М.Баймолданова қиды.

Жаңадан ашылған мектеп заманауи талапқа сай жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Мектепте 50 орынды оқу залымен кітапхана, спорт зал, гимнастикалық зал,  405 орынды асхана, 390  орынды мәжіліс залы, 2  физика, 2 химия, 2 биология жаңа модификациялық кабинет, 4 мультимедиялық кабинет, 2 ұлдар шеберханасы, 2 қыздар шеберханасы бар. Сонымен қатар барлық пән кабинеттері қажетті әдістемелік, техникалық құралдармен жабдықталған.

Адамның жақсы болмағы ата-ана, ұстаз бен өмір сүрген ортасына байланысты екенін Абай бабамыз айшықтап кеткен. Бүгінде хакім айтқан үштағанды тәрбиені нықтау өзекті мәселе. Бұл ретте білім ошақтарының маңызы зор.  Ендеше ұлт пен ұрпақ болашағы үшін бой көтерген осындай зәулім рухани ғимараттар көбейе берсін демекпіз.

Жетісу облысы