ФОТО: ru.sputnik.kz
Президент сұхбатында мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы, Қаңтар оқиғасының себеп-салдары секілді басқа да өзекті тақырыптар қамтылғаны мәлім. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Жапаров, республика азаматтары Мемлекет басшысы таңдаған елдің даму бағытын қолдайтынын, бұл бастамалар барлық өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Жаңа жыл айтулы жаңалықпен басталды. Президент еліміздің орта мерзімді болашағына қатысты өз ой-мақсаттарымен бөлісті. Ол бес жылдық кезеңдегі экономикалық, қоғамдық-саяси және әлеуметтік салалардағы елдің даму бағытын егжей-тегжей баяндады. Шын мәнінде, мұны маңызды әрі салмақты қадам деп қабылдадым. Айтылған жайлардың ішінде елдің экономикалық даму мақсаты туралы жоспар көңіліме қонды. Президенттің Қазақстан халқы алдындағы мақсаты – 5 жыл ішінде ішкі жалпы өнімді екі есеге дейін арттыру. Осылайша, 2029 жылы елде өндірілген ІЖӨ 450 миллиард долларға жетуі керек. Бұл ел экономикасы алдағы бес жылда екі есеге өсуге тиіс дегенді білдіреді. Нақтырақ айтсақ, осы бес жыл ішінде әрбір азаматтың табысы екі есеге артуы керек. Президент былтыр күздегі Жолдауында осы мақсат туралы мәлімдеген болатын. Стратегиялық мақсаттың маңыздылығы – биліктегі белгілі бір топтардың мүддесі емес, барлық халықтың мүдделеріне сәйкес келетін мақсат. Бұл таңдауды ұлттық идея деңгейінде қарастырған абзал. Осы мақсатқа жетудің басты күші – халық. Президент нақты мақсат қойғаннан кейін, Үкімет оны жүзеге асыруы керек. Сондықтан Үкімет бұл мәселеге жан-жақты дайындалып, оны ғылыми негіздеп, ресурстармен және кадрлармен қамтамасыз етуге тиіс. Бұл бағытта арнайы жоспар әзірленіп, заңмен бекітіледі деп күтеміз. Егер осы мақсатқа қол жеткізсек, бұл еліміздің дамуындағы тағы бір үлкен кезең болады», деді Борис Жапаров.
Сарапшы өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 5 пайызға жуық өсім көрсеткенін атап өтті. Оның сөзінше, барлық негізгі салада оң динамика байқалады.
«Өсу қарқынымыз үш есе артуы керек және біз жыл сайын осындай үлкен нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Ол үшін білім, еңбекқорлық және табандылық қажет. Бұл халық пен Үкіметтің бірлескен жұмысы болуы керек. Ал Алматы қаласына келетін болсақ, оның экономикасы Қазақстан деңгейінде 14,5%-ға өсіп отыр. Экономикалық өрістеу әр өңірдің экономикасына тікелей байланысты, сондықтан бұл қала басшылығы мен тұрғындары үшін үлкен мақсат. Қазір басқа салаларда да маңызды кезеңдер белгіленіп жатыр», деп толықтырды сарапшы.
Алматы Азаматтық альянсының төрағасы, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Қайыржан Әбдіхалықов Президент сұхбаты өткен жылдың дәстүрлі қорытындысы екеніне тоқталып, бұл бағыттағы өзінің саяси көзқарастарымен бөлісті.
«Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2024 жылғы, сондай-ақ алдағы жылдардағы басымдықтарды нақты атап өтті. Өйткені онда айтылғандардың бәрі бағдарламалық түрде негізделген. Бұл дегеніміз, осы бағыттар бойынша – қоғамдық-саяси, гуманитарлық, мәдени, экономикалық салада Үкіметке жеке тапсырмалар беріледі. Сондай-ақ Мәжіліс, Сенат, басқа да өкілді органдар, азаматтық қоғам деңгейінде талқылап, мақсатты жоспардың жүйелі орындалуына атсалысуға тиіс. Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасының негізгі себептерін «көпжылдық шешілмеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар және билік пен қоғамның деградациясына әкелген жалпы тоқырау» деп атады. Мен азаматтық қоғамның өкілі ретінде сұхбатта Президенттің бізде қоғамды түсінетін, халықты түсінетін жеткілікті күшті азаматтық қоғам бар екенін бірнеше рет атап өткеніне қуаныштымын. Президент елімізде демократияландыру үдерісі жоғары екенін және ол дамып келе жатқанын атады. Бейбіт шерулер туралы, сондай-ақ қазан айында қабылданған петиция беруді реттейтін қоғамдық бақылау туралы заңдар Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан туындап отыр», деді Қайыржан Әбдіхалықов.
Сондай-ақ сарапшы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Президент саясатының маңызды элементтерінің біріне айналғанын және әділетті Қазақстан құруда салмақты рөл атқаратынын атады.
«Біз 2019 жылдан бастап осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға күш салып келеміз. Қазірдің өзінде көп нәрсе жасалды, бұл туралы Президент «халық үніне құлақ асатын мемлекет» – халық пен мемлекет арасында әлеуметтік лифтілер құрылған кезде, жеткілікті күшті азаматтық қоғам, жеткілікті түсінікті және ашық сайлау жүйесі болған кезде жүзеге асатынын айтты. Әсіресе Қаңтар сабағынан соң және 2022 жылы 5 маусымдағы Ұлттық референдумнан кейін Қазақстан халқы Мемлекет басшысына жоғары сенім білдіріп, саяси реформаларын толық қолдады. Содан бері бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде саяси жүйеде де, әлеуметтік-экономикалық дамуда да оң өзгерістер байқалды. Қазақстанның сыртқы саясатында да сауатты позиция белгіленді. Азаматтық қоғамда үлкен рөл атқаратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шын мәнінде, іске аса бастағанын көріп отырмыз. Өткен жылдың күзінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін алғаш рет сайлау өтті. Бұл да көп нәрсені аңғартады», деді Қ.Әбдіхалықов.
«Қазақстан ұйғыр жастары одағының» төрағасы Рустам Қайрыев мемлекеттің негізгі месседжі бірлік пен татулықта екенін айтып, халықаралық қарым-қатынастардағы оң нәтижелерге тоқталды.
«Ауқымды сұхбатта көп дүние қамтылған. Мемлекет басшысы бір жыл ішінде қоғамдағы қордаланған сұрақтардың бәріне лайықты жауап берді. Жалпы, өткен жыл Қазақстан үшін басқа елдермен жемісті ынтымақтастық жылы болды. Мемлекет басшысы көп елді аралап, келісімдер жасады. Әрбір одақ Қазақстан үшін экономикалық әл-ауқатқа әкеледі, бұл бүгінгі таңда бізге өте қажет. Қазіргі уақытта әлемде экономикалық, геосаяси өзгерістер орын алып жатқанын ескерсек, еліміз әлеммен ынтымақтастығын нығайтып келеді», деді Р.Қайрыев.
Талқылауда сөз алған Ауған қауымдастығының өкілі Омар Мұхаммедсаруар өткен жылы саяси реформалар аясында елде оң қадамдар болғанын айтты. Ол маңызды мемлекеттік лауазымдарға жаңа буын менеджерлердің тағайындалуын оңды шешім деп есептейді.
«Сұхбатта жастарды қызықтыратын бірқатар сұраққа жауап берілді. Мен жастарға әсер еткен оң өзгерістерді атап өткім келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша мәжіліс пен мәслихат сайлауында жастар, әйелдер және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы квоталар қолданылды. Сонымен қатар министрлердің, вице-министрлердің және ведомство басшыларының лауазымдарына Жастар кадрлық резервінен шыққан жаңа буын тағайындалады. Еліміздің қазіргі саясаты, Президентіміз таңдаған жол жастарға үлкен мүмкіндіктер ашады», деді ол.
Жиынға қатысқан қоғам қайраткерлері мен түрлі ұйым өкілдері Қазақстан жаңаруындағы сенім мен еңбектің, кәсібилік пен бастамашылықтың мән-маңызын ерекше атап өтті.
АЛМАТЫ