Қазақстан • 12 Қаңтар, 2024

Креативті индустрияның мүмкіндігі

595 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт ретінде атап көрсеткен еді. Кейінгі жылдары елімізде бұл салаға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Креативті индустрияның мүмкіндігі

«Қазіргі заманда азаматтар­дың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қай­нар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креа­тивті экономика дарын­ды әрі шығармашыл адамдар­ды өзіне тартатын ірі қалалар­дың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнім­дегі үлесі бір пайызға да жет­пей­ді, жұмыспен қам­ту сала­сын­да­ғы үлесі өте төмен. Деген­­мен дары­ны­мен бүкіл әлемді мо­йын­датып жүр­ген отан­дастары­мыз аз емес. Біз елі­­мізде креативті эко­но­ми­ка­ның жан-жақты дамуына бар­­лық жағдайды жасауы­мыз керек. Соның ішінде зияткер­лік мен­­шік­ті қорғайтын құқық­тық тәсіл­­дер қажет. Бұл – өте ма­ңызды мә­се­­ле», деген еді Қ.Тоқаев.

Осы орайда Президент Жол­дауда бірқатар тапсырма берді. Мәселен, қазіргі таңда креативті индустрия орталықтары 3 ірі қа­лада (Астана, Алматы, Шым­­кент) шоғырланғанын, өңір­лер назардан тыс қалып отырға­ны­­на тоқталды. Мемлекет басшы­сы­­ның пайымдауынша, дарынды аза­маттарды өзіне тартатын орын­дар, яғни кретивті индустрия орталықтары барлық облыс орта­лы­ғында болуға тиіс. Онда креатив­ті адамдардың өз өнімін ком­мер­цияландыруына көмек көрсетілуі керек.

«Креативті индустрия субъек­тілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қол­дау бағдарламаларына толық қа­тыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көр­сету­ге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының креа­тивті индустрияны дамыту жөнін­дегі тапсырмасын орындау мақ­са­тында қызу жұмыс басталды. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірге кешенді шара қабылдады.

Сала басшысы Аида Балаева­ның айтуынша, негізгі мақсат – шығармашылық субъектілеріне салықты жеңілдету. Осы кешенді жұмыстың нәтижесінде Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Құ­жат­қа сәйкес, 40 қызмет түрі ар­найы бөлшек салық режіміне өтті. Яғни бизнес КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылды.

«Аталған қызмет түрлерімен ай­налысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2 па­йыздан 4 пайызға дейін, ЖШС үшін 8 пайызға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет. Салықты жеңіл­де­ту кино, бейнеконтент пен те­ле­­­бағдарламаларды өндіруге және одан кейінгі өндіріске, му­зы­калық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді.

Осы қолдау шарасын әзір­леу барысында халық­ара­лық тә­жірибені мұқият талдағанымызды атап өткім келеді. Ең озық елдердің (Ұлы­­британия, Германия, Оң­түстік Корея) тәжірибесі креативті индустрияны дамыту үшін са­лықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсетеді. Аталған жұ­мыс – саланы ауқымды да­мытуға бағытталған алғашқы қа­дам­дардың бірі. Бұл осы сала­дағы игілікті бастамалардың бірі деп білеміз», дейді Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева.

Креативті индустрияға еліміз­де енді-енді ден қойылып келеді. Әзірге бұл саланы экономиканың драйвері деп атау қиын. Дамыған елдердегідей Қазақстан қомақты пайда тауып отырмағаны да тү­сінікті. Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков мұның бірнеше себе­бін айтады. Біріншіден, ел тұр­ғын­дары көз көріп жүрген бизнес түрлерінен өзгесіне бет бұра бермейді.

«Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарына ұсынылған бизнес-идеяларды қарасақ, тігін тігу, торт пі­сіруден аспайды. Әрине, бұл бағытта жұмыс істеп, табыс тапқанына қарсы емес­­піз, қайта қуанамыз. Бірақ екінің бірі айналысуға қолжетімді бол­ған­дықтан, бәсеке жоға­ры, қажыр­лы еңбекті талап етеді. Сон­­дықтан креативті индус­трия­ның мүм­кіндіктерін халық­қа ж­ан-жақты түсіндіру жолға қойылғаны дұ­рыс», дейді Д.Исабеков.

Екіншіден, депутат креативті экономика саласын жетілдірудің заң­ды тетігі әлі нақтыланып, жүйе­­­ленбегенін алға тартады. Креативті бизнесті мемлекеттік қар­­жылай қолдау, инвестиция сал­ған­дағы жеңілдіктер қарастыруды ұсынады.

«Үшіншіден, креативті эко­номикаға жататын бизнес түрлерін қайта қарап, ауқымын кеңейту керек. Мәселен, Таиландта креа­тивті салаға ұлттық тағамдар мен медицинаны қосады. Бұл жа­ғын да қайта қарастырған жөн. Төр­тіншіден, Кореяда креативті контент агенттігі (KOCCA) сала­ның дамуына жауапты. Бұл ведомство киноиндустрия саласынан бастап дыбыс жазу мен музыка өндеу, компьютер және виртуалды ойын түрлеріне дейін сүйемелдейді. Бүгінде Оңтүстік Кореяда креа­тив­ті индустрия же­тек­ші сала саналады. Осындай тәжірибені ескеріп, біздің елде де арнайы агенттік құру маңызды. Алматы қаласының Креативті индус­трия басқармасының тәжіри­бесін зерделеп, өзге облыстарда да құру керек», дейді Д.Исабеков.

Былтыр күзде Алматыда «New media forum» өткені белгілі. Жиында креативті эконо­мика мәселелері жан-жақты талқы­лан­ған-ды. Сол жиында әнші, сценарист, продюсер, «Орда» тобының мүшесі Ерболат Беделхан тұщым­ды ой айтты. Оның пайымдауынша, креативті индустрияны дамыту үшін жеке кеңістік қажет.

«Қазақ тілін медиакеңістікке шығар­майынша, біз дербес бола алмаймыз. Әлемдік нарық­қа өзі­міздің тілімізбен шықпасақ, өзі­міздің кеңістігімізді қалыптас­тыр­майынша, біз өзімізді таныта алмаймыз. Осы ретте Кореяны алып қарайық. Өз тілінде әнін айтады, өз мәдениетін ұсынады, бүкіл әлемге өзін таныта алды. Шар­та­рапты жаулап алғаннан кейін, ағылышын тілін де қол­дана бастады. Осылайша, әлем­дік нарықта өзінің тілі ар­қылы өздерін таныта білді», дейді Е.Беделхан.

Әнші қазақ тіліндегі креатив­ті экономика дамыса, түркі мем­лекет­те­ріне де ықпалы тиеті­нін алға тартады. Мұндай жағдайда саланың аудиториясы 200 млн-ға дейін артуы мүмкін. Cценарист, жүргізуші, продюсер Марат Оралғазиннің пікірінше, кейінгі жылдары қазақ тіліндегі контентті көретіндер саны артып келеді. Дегенмен қазақ тілінде креативті индустриямен айна­лысатындарға үлкен жарнама берушілер назар аудармайды.

«Қазақша контентке жарнама берушілер көп келе бермейді. Мәсе­лен, орыстілді блогерлер «Sam­sung», автокөліктерді жарнамалап жүрсе, қазақ тіліндегі блогерлер пицца, донерлермен шектеледі. Яғни жарнама беру­ші­лер 90-жылдардағы қазақ­ша­ға ешкім қарамайды деген ескі көз­қа­раста қалып қойған. Сондай-ақ жарнама берушілер қазақтілді контент көрерменнің сатып алу мүмкіндігі жоқ деп ой­лайды. Бұл – жаңсақ пікір. Кө­лік салондары мен техника дүкен­дерінде көбі­не қазақтар сауда жасай­тынын тү­сін­бейді. Олар өздерінің нақты тұты­нушылары кім екенін білмей отыр», дейді М.Оралғазин.

Қорыта айтқанда, креативті индустрияны дамыту экономикаға тың серпін беретіні анық. Кейін­гі жылдары қазақ тілінде контент жасаушылардың да, көрер­мен­дердің де артқанын ескерсек, бұл саланың мүмкіндігі мол. Құзы­ретті мекемелер аталған са­ланы заңнамалық тұрғыда нақ­ты­лауға күш салып жатыр, ендігі міндет – жұ­мысты жетесіне жеткізіп орын­­дау.