Аймақтар • 12 Қаңтар, 2024

Армысың, Алатау!

303 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облы­сы жаңа қа­ла­­­мен то­­лық­ты. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жар­лығымен Жетіген ауылы облыстық маңы­зы бар Алатау қала­сы болып өзгертілгенін өңір жұрт­шылығы қуана қабыл­дап, шаһардың келешегіне зор үміт артып отыр.

Армысың, Алатау!

Алатау қаласының келешектегі келбеті

Қазақстанның жаңа дәуі­рін­­де әлемдік сәулет-құры­лыс өнері­нің озық үлгісімен бой көтеріп, Орталық Азия елдерінде ойып орын алатын Алатау қаласының тұрғындар саны 2 мил­лионға жуықтайды деген болжам бар.

Жоспарға сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бір­лесіп экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізген. «Жібек жолы» бойындағы бірегей экономикалық және туристік орталыққа айналатын Алатау қаласы­ның ауқымды даму жос­парымен облыс әкімдігінің өкілдері таныстырды.

Қазір қаланың жалпы ауданы 88 мың гектар аумақты алып жатыр. Қала халқының са­ны 52 мыңнан асады. Бірер күн бұрын ғана қала мәртебесін алған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Олар қалалық қатарында екенін алыс-жақын­дағы ел-жұртқа сүйіншілеп, жеткізіп отыр.

«Жетігеннің тұрғылықты тұрғынымыз. Еңбек еттік, бала­лары­мызды өсірдік. Бірлік-ынты­мағы жарасқан ауылы­мызға қала мәр­тебесі беріліп, Алатау деп атал­ғанына өте қуаныш­тымыз. Сәу­летті, дәулетті қала­ға айналсын деген тілегіміз бар», дейді Жеті­­ген ауылдық ақсақалдар кеңе­сі­нің төрағасы Асқар Жүсіпов.

ке

«Тұрғындардың дені Алматы қала­сына қатынап жұмыс істейді. Жастар оқи­ды. Оған жету де оңай емес. Қоғам­дық көлікті кү­те­міз, болмаса таксиге шы­­ғы­н­­­да­­ламыз. Жаңа құрылған қа­ла­­­мыз да­мып, жоспарлы істер жү­зе­г­е асса, жұ­мыс орындары ашыл­са, оқу орын­­дары салынса, ба­ла­­­лары­­­мызға, немере­­лері­мізге тиім­­ді бо­­лар еді», деген Бижамал ап­а­­ның да жүзінен қуаныш лебі білінді.

Жаңа құрылған Алатау қаласының құрамына бірқатар ауыл еніп отыр. Атап айтқанда, Талғар ауданындағы Дәулет және Қайрат ауылдары, Іле ауданындағы Жетіген ауылдық округі мен Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс елді мекендері, Қонаев қаласының әкімшілігіне қарасты Заречный және Арна ауылдары кіреді. Осылайша, Алатау қаласын арнайы экономикалық аймаққа айналдыру көз­делген.

«Жетіген ауылдық округіне қар­ас­ты 4 ауылдық елді мекен бар. Жетіген, Құйған, Еңбек және Жаңаарна ауылдары толық кіретін болды. Мұны естіген тұрғындар қуанып жатыр. Қала атанудың арқасында көптеген әлеуметтік мәселенің шешім табарынан үмітті. Округте 1 мемлекеттік, 12 жекеменшік балабақша мен 6 мектеп бар. Болашақта бұл нысандар қатары көбейеді», дейді Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілов.

Жаңа қаланың бас жоспарына сәйкес, 168 заманауи мектеп, 219 балабақша, 102 емдеу мекемесін салу жоспарланған. Сондай-ақ 40 мың студент оқи алатын академиялық қалашық бой көтермек. Миллионға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жыл сайын 4 миллионнан астам турист қабылдауға қауқарлы жаңа қала Батыс пен Шығысты байланыстыратын танымал орталыққа айналады.

Шаһар негізгі төрт инновациялық ауданнан тұрады. Олар: «Gate District», «Golden District», «Growing District» және «Green District» деп аталады. Олардың әрқайсысының өзіндік мақсаты бар. Мысалы, «Gate District» қаржы және іскерлік орталыққа айналады, инвестиция тартады және коммерциялық хаб құрылады. «Golden District» тұрғындар мен туристерге бағытталған медициналық және білім беру кластеріне жауапты, ал «Growing District» әртүрлі өнеркәсіп секторларының дамуына ықпал ететін сауда-логистикалық ор­талық болып саналады. Сондай-ақ «Green District» демалыс орындары мен та­қы­рыптық саябақтары бар демалыс және мәдениет орталығы болатындығы жөнінде облыстық әкімдік өкілдері баяндап берді.

«Мұндағы мақсат – Алматы қала­сын­­дағы көлік кептелісі, халық ты­ғыздығы сынды көптеген проб­ле­ма­ның түйінін тарқату. Оқу орындарын, бизнес нысандарын Алматы мен Қонаев қаласының арасында бой көтеретін қалаға жүйелі, жоспарлы түрде орналастыру. Сол арқылы жұмыссыздық мәселесін шешу. Экологиялық ахуал да алаңдатарлық күйде. Осы өзекті мәселелердің оң шешім табуына ықпал етеді деген сенімдеміз», дейді Алматы об­лыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков.

Бұл ауқымды жоспар Алматы об­лы­сының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналады деп күтіліп отыр.

Жаңа қаланы құру – жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфра­құ­ры­лым нысандарын жаңғыр­туға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияларды, технологияларды, қосымша қаржы ағындарын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсім­де­рін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақ­сар­туға ықпал етеді.

«Біз былтыр арнайы эко­номикалық аймақтың жоспарын да­йын­дадық. Құжатқа Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл қала Азиядағы Сингапур, Гонконг, ал Еуропадағы Берлин қаласының аумағымен бірдей. Мұндай қала елімізде алғаш салын­бақ. Бұл еліміздің ғана емес, Орталық Азияның жаңалығы болмақ. Себебі, мұнда инвесторларды тарту өте қолайлы. Қазірдің өзінде ауылшаруашылық бағыты бойынша 10 келісім жасалды. Бұл – болашақтың қаласы болады», деген пікірін білдірді «СЭЗ Алатау» компаниясының басшысы Жәнібек Сауырбек.

Жаңа нысандардан бөлек аймақта жаңа теміржол бағыты іске қосылып, ондағы жұмысшылар санының арта­тындығы да айрықша аталды.

Мемлекет басшысының Алатау қа­ласын құру туралы шешімі өңірге оң өзгерістермен қатар, барлық ба­ғыт­қа соны серпін береді. Жаңа қала­да мүм­кін­діктердің көкжиегі кеңейеді. Онда туризм, сауда-логис­тика, медицина, спорт, білім беру, биз­нес бағытында дамып, қоғамдық көліктер жанданып, жерүсті жеңіл метрополитені ашылады. Өнеркәсіп саласында да қыруар іс атқарылмақ.

Жұрт көңілін жадыратқан Алатау  болашақтың ең сәулетті де келбетті қаласына айналары ақиқат.

 

Алматы облысы