Тұлға • 14 Қаңтар, 2024

14 қаңтар – Қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеев дүниеге келген күн

592 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

120 жыл бұрын қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР халық суретшісі, Қазақ КСР-ің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан Қастеев дүниеге келді. Туып-өскен жері – Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956). Әбілхан Қастеев (1904 – 1973 жж.) халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген, деп хабарлайды Egemen.kz.

14 қаңтар – Қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеев дүниеге келген күн

Фото: Уикипедия

Суретшінің «Ғ.Мұратбаев», «Абай», «Ж.Жабаев», «А.Иманов», «К.Әзірбаев» сияқты портреттік туындылары жоғары таным-талғамның үлгісі. Тарихи тақырыптағы «Түрксіб», «Амангелді сарбаздары», «Қалыңдық», тағы басқа көркем туындыларынан – эпикалық ауқымдылық, ұлттық бояудың айқындығы көрінеді.

Суретші ұлттық дүниетаным шеңберінде халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелей білді. Оның «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру» тағы басқа шығармалары ұлттық қазынамызға айналды.

Қылқалам шебері мәдениет тарихының, республикалық қоғамдық өмірдің жылнамасын жасады. Абай мен Қастеев арасындағы сырлы байланыс дүниені эстетикалық-көркемдік тұрғыдан танудың, өнер өзектестігінің, рухани сабақтастықтың көрінісі. Суретшінің сүйікті кейіпкері Абай тұлғасы болды.

«Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда», «Бүркітші», «Қыс», «Жаз», «Көктем» атты шығармалары арқылы суретші Абай келбетін әр қырынан сомдады.  

«Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Шымкент қаласындағы өнер училищесі, ҚР Мемлекеттік өнер музейі әйгілі суретшінің есімімен аталады. Әбілхан Қастеевтің жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісіне арналған «Әбілхан Қастеев. Ғасыр мұрасы» атты көрменің салтанатты ашылуы 17 қаңтарда сағат 16.00-де Ә.Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінде өтетінін хабарлады. Экспозиция көрнекті қазақ суретшісінің шығармашылығының қалыптасуы туралы баяндайды. Экспозицияға  ХХ ғасырдың ең маңызды тарихи кезеңдерін бейнелейтін 300-ден астам көркем және графикалық туындылар қойылады.