Пікір • 15 Қаңтар, 2024

Қазыналы университет

109 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алдым, аспирантурасында, докторантурасында ғылым іздедім, ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректор қызметтерін атқардым. Бүгінде университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында директормын. Саналы ғұмырымның жарты ғасыры университет аудиториясында өтті. Мен үшін университеттің өзі де, аудиториясы да, оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері де ардақты, аурасы ізгі, білімі мен ғылымы аяулы. Менің университетім – өмірімнің осындай қасиетті қазынасы.

Қазыналы университет

Қазақстан тәуелсіз жаңа мемлекет ретінде қалыптасып, түрлі бел-белестерден өтті, мемлекеттік басқарудың барлық саласы бойын­ша жетістіктерге жетті. Осы жетіс­тік­тердің баянды, игілікті болуына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті зор еңбек сіңірді. ҚазҰУ ұлттық жоғары білім мен университеттік ғылымның жаңа жүйесін қалыптастырып, дамы­туда, заман талабына сай инно­вациялық өнім өндіруде, халық шаруа­шылығы үшін жоғары білімді, жоғары білікті мамандар даярлауда, Қазақ­станның интеллектауалдық әлеуе­тінің қарыштап өсуі, елдің ын­ты­­мағы мен бірлігінің нығаюы жо­лын­да ерен еңбегімен дараланды.

1993 жылдан 2000 жылға дейін филология факультетінің деканы болып еңбек еттім. Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай университетте филологиялық білім беру ісінің нормативтік құжаттарын жасауға тура келді. Бұл айтуға оңай, ал іс жүзінде ұжымның бірлескен шы­ғар­машылық еңбегін, күш-жігері мен ақыл-ой қуатын талап еткен үлкен міндет еді. Факультет ұж­ы­мы бұл міндетті талапқа сай орын­дады.

2001-2008 жылдары универ­си­тет­тің оқу және әдістемелік жұмыс жө­ніндегі проректоры болып жұмыс істе­дім. Оқу ісінің сапасын арттыруға, уни­верситеттің білім беру қызметі сала­сында Сапа менеджменті жүйесін жа­сау мен өндіріске енгізуге зор көңіл бөлдік. Жоғары және жоғары білім­нен кейінгі білім беру деңгейлері бо­йын­ша мемлекеттік үлгідегі дип­лом­ жобасы жасалды. Ол тиісті мем­ле­кет­тік атқару жүйесінде бел­гілі тәртіпте бекі­тілді.

2009 жылдан бері қарай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор қызметін атқарып келемін. Осы уақыт ішінде Абай ғылыми-зерттеу инс­титуты толық қалыптасып, өз дамуының жаңа кезеңдеріне қа­дам басты. Институттың ғылыми-ақпараттық ресурстары қалып­тас­ты. Абай институтының вебсайты ашылып, онда Абайдың шы­ғармалары, өмірі мен шығар­машылығы туралы жазылған еңбектер жинақ­тал­ды. Институт қыз­метіндегі елеулі жетіс­тіктерді наси­хаттау ісі кең өріс алды. Үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жұмыс істей­тін сайтта тәулігіне екі мыңға жуық ақпараттық ресурс оқылатын болды.

Жарты ғасырымды есігін ашып, аудиториясына кіріп, өзім білім алып, білім өндіруге, жастарға білім беруге арнаған университетіме, білім берген ұстаздарыма, қатар қызмет еткен замандастарыма, кейінгі ізденімпаз жастарға шексіз құрметімді білдіремін.

 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор