Құрылыс • 15 Қаңтар, 2024

Маңызды құжатқа мән берген жөн

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қала құрылысы, құрылыс және сәулет қызметін реттеуге арналған мамандандырылған салалық кодексті әзірлеу мәселесі біраз уақыттан бері өзекті болып тұр. Өкініштісі, оны әзірлеу қажеттілігі жылдан-жылға артып келеді. Өйткені құрылыс индустриясында қолданыстағы ондаған заң мен заңға тәуелді актілер жиынтығынан жоғары тұратын реттеуші механизм жетіспей отыр. Құрылысшыларға тиімді жұмыс үшін нақты алгоритмдер мен оңтайлы заңдар қажет.

Маңызды құжатқа мән берген жөн

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы төралқасының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Ирина Манжанованың айтуынша, Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу ел Президентінің тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың басында басталған. Идеологиялық тұрғыдан алған­да, қолданыстағы және қабыл­­­дан­ған заңдардан концептуал­ды­ түрде ерекшеленетін өте ма­ңыз­ды­ әрі ауқымды жоба бо­­йын­ша жүйелі жұмыс жүргі­зі­леді деп күтілген. Алайда шынайы жағдай басқаша болып тұр.

– 2023 жылғы 29 тамызда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жария талқылаулар жүргізу үшін «Ашық НҚА» порталына Құрылыс кодексінің жобасын орналастырды. Сол жылдың 25 желтоқсанында министрлік Үкіметте кодекстің жобасын таныстырды. Сәтті әрі сауатты қорғап шықты. Бәрі ойдағыдай өтті. Алайда бір маңызды дүниені ескеру керек: презентацияның мазмұны мен оның нақты орындалуы сәйкес келмейді. Ал құрылыс индус­триясында тәжірибесі жоқ және оның өзекті мәселелерін нақты білмейтін адам ұсынылған жобаны жақсы дайындалған әрі жақсы тексерілген құжат ретінде қабылдайтыны анық. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұтастай алғанда министрліктің әлгі презентацияда баяндалған құрылыс саласын реттеудің басым бағыттарын, тәсілдерін, нысандары мен шараларын қолдады. Алайда объективті түрде мойындау керек, Кодекс жобасы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен заңдардың конгломераты секілді әсер қалдырды. Біртұтас құжатқа бәрін араластырып жіберген. Өкініштісі, Кодекстің мазмұны тұжырымдамалық тұрғыдан өзгермеген. Сондық­тан Құрылыс кодексін мұн­дай қойыртпақ құжатқа айнал­дыруға болмайды, – дейді Ирина Манжанова.

Ол іс жүзінде кодекс жобасы құрылыс индустриясында қазіргі уақытта қолданылатын заңдардың кеңейтілген тел­нұс­қасы болып шыққанын алға тартып отыр. Сондықтан мұндай формада Кодекс жобасын түбегейлі қабылдау дұрыс емес. «Құрылысшылар қазіргі қолданыстағы заңна­мамен тағы төрт-бес жыл «тыныш» өмір сүре алады. Кодекс жобасы құрылыс мәсе­лелерінен басқа өзге пробле­ма­ларды шешуге қауқарсыз. Жоба тек бұзушылықтарды жазалауға арналған нормалар мен ережелердің бірыңғай жиынтығы ғана емес, сонымен қатар индустрия қызметін реттеудің сыни жаңа тәсілдерін ұсынатын әрі заңдардың қайта ойластырылған нұсқасы болуы керек еді. Мұның бірі де жоқ. Сондықтан тапсырманы орындалмады деп айтуға толық негіз бар», деді ол.

И.Манжанованың пікірінше, жоба қабылданған жағдайда болжамды құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар жеке қаралуы керек.

– Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігінің көз­қа­расына сәйкес Үкіметке таныс­тырылғандай, Кодекс жобасын бекіту, ең алдымен, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қатынастарды тұрақты реттеуді орнатуға әсер етеді. Біздіңше олай емес. Біріншіден, жобаның индустрияға мұндай әсері болмайды. Өйткені құжатта қолданыстағы нормаларға арналған сапалы өзгерістер жоқ. Екіншіден, жобада сәулет және қала құрылысы мәселелері ескерілмеген. Ал аталған мәселелер өте маңызды екенін ұмытпайық әрі бұлар біздің елде іс жүзінде мүлдем реттелмейді. Түсіндіріп өтейін, құрылыс – кірпішті қалай қалау және мердігер компанияның қандай да бір жағдайда не істеуі керектігі туралы сала. Ал қала құрылысы – экономикалық, демографиялық, құрылыс-техникалық, сани­тар­лық-гигиеналық және эсте­ти­калық міндеттерді кешенді түрде шешетін сәулет және құрылыс саласы. Аталған екі ұғымның арасындағы айтар­лық­тай айырмашылық қазір тіпті айқындала түсті, – дейді «Атамекен» төралқасы Құры­лыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық коми­те­тінің төрағасы.

И.Манжанова жобаны таныстыру кезінде көңілді күпті еткен тағы бір маңызды тезиске мән беріп отыр – «Кодекс мемлекет, инвесторлар, құрылыс салушылар мен халық мүдделерінің теңгерімін белгілеу нүктесі болады». Болжам бойынша жасалған құжат «халық – мемлекет – бизнес» үштігіне тең сенімділік тірегі болуы керек. Алайда сарапшы бұл мәлімдемеге де күмән келтіріп отыр.

– Кодекс жобасына қолда­ныс­тағы нормалардан­ бас­қа ма­ңызды ештеңе қосыл­ма­ғанын ескерсек, дәл осылай ой түюге тура келеді. Сол секілді «құжат саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады»­ деген тұжырым да күмән тудырады. Инвестициялық тартымдылық – негізінен инвес­торлар үшін белгілі бір елдегі, аймақтағы немесе саладағы тәуекел деңгейінің, кірістілік деңгейінің және қаржы ресурс­тары құнының арақатынасынан тұратын кең әрі көпқырлы ұғым. Кодексті қабылдау немесе қабылдамау саланың нарықтық тұрақтылығына да, ел ішіндегі экономикалық ауытқуларға да әсер етпейді. Кодекстің болжамды функционалы ауқымды құрылыс нарығына қатысушылар арасында теңестіруші медиатор рөлін атқаруға тиіс болғанына қарамастан, жоба құралдары құрылыс жобаларын сараптау нарығын мемлекеттің пайдасына ашық түрде монополия­лап отыр. Бұл тұрғыда кодекс жобасы құрылыс индус­триясының сауда-эконо­ми­калық қатынастарына қаты­су­шылар арасында теңдік пен бәсе­ке­лестікті қамтамасыз етеді деу қисынсыз, – дейді ол.

Қысқасы, И.Манжанованың пікірінше, кодекстің ұсынылған жобасы қолданыстағы заң­дар мен нормаларды тұжы­рым­дамалық тұрғыдан қайта өңдеуге жатпайды. Бұл қолданыстағы салалық мәселелердің түбегейлі жаңа, креативті және заманауи шешімдерін қамтымайтын, керісінше олардың кеңейтілген жиынтығы ғана. «Өкінішке қарай, Кодекс бойынша атқа­рыл­ған жұмыс құжаттың әлеуетін толық ашпайды. Тиісінше ел Президентінің нұс­қауын толық көлемде іске асы­руға да қауқарсыз», деп түйіндеді ол.