Саясат • 14 Қаңтар, 2024

Сербия мен Чехияда сұхбат талқыланды

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сербиядағы елшісі Мәди Атамқұлов Халықаралық саясат және экономика институтының басшылығымен кездесу өткізді. Жиын барысында Қазақстан дипломаты әңгі­ме­ле­сушілерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының негізгі тұс­тарымен таныстырып, еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың барысын талқылады.

Сербия мен Чехияда сұхбат талқыланды

Институт директоры Бранис­лав Джорджевичтің айтуынша, Қазақстанның транс­фор­ма­циялық жолы Сербиялық сарап­шылар қауымдастығының қызығушылығын тудырды, осы­ған байланысты, серб тарапы Қазақстанның академиялық және «талдау орталықтарымен» әріп­тестікті дамытуға үміттенеді.

Кездесу қорытындысы бо­йын­ша, сербиялық шолушы­ларды Қазақстанда болып жат­қан ішкі саяси үдерістермен, сондай-ақ еліміздің сыртқы саяси басымдықтарымен таныстыруға бағытталған бірқатар тәжірибелік жобаны іске асыру жөнінде уағ­да­ластыққа қол жеткізілді.

Халықаралық саясат және экономика институты – 1947 жылы құрылған және халықаралық қа­ты­настарды зерттеуге арналған Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең көне ғылыми-зерттеу институт­тар­дың бірі.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Чехиядағы елшісі Бақыт Дүйсен­баев көрнекті саясаткер және экономист, Чехияның экс-президенті Вацлав Клауспен кездесті. Әң­гіме барысында халықаралық және ішкі саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстан мен Чехияның талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Қазақстан дипломаты сұх­бат­тасушыны Қазақстандағы ағымдағы жағдаймен және Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси және экономикалық реформалардың барысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Атап айтқанда, референдум аясында қабылданған Конс­титуцияға енгізілген өзге­ріс­терді түсіндіріп, сайлау заң­намасындағы прогрессивті жаңа­лықтарды атап өтті. Эконо­ми­ка­лық өсуді ынталандыру шаралары және Ұлттық әл-ауқатты жақсарту жөніндегі басқа да маңызды қадамдар туралы хабардар етті. Сондай-ақ Қазақстан елшісі Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген кең көлемді сұхбатының негізгі тұстарымен таныстырды.

В.Клаус Қазақстанның жа­һандық және өңірлік дең­гей­де қол жеткізген жетіс­тіктерін жо­ғары бағалады және қазақ­стандық талдау орталық­та­ры­мен өзара іс-қимыл орнатуға қызы­ғу­шылық білдірді.