Қазір жастар театрында 25 жас актер жұмыс істейді. Өнерлі жастар аудандарға, көршілес облыстарға гастрольге шығып, шетелдік театр фестивальдарында топ жарып жүр. Бірақ осы кезге дейін дербес ғимаратқа қол жеткізе алмап еді. Тіпті театрдың тіркеу куәлігі де болмаған. Бұл, әрине, көрерменді сахналық қойылымдармен сусындатуды көздеген талантты жастардың өнеріне тұсау болары даусыз.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітованың айтуынша, өнер ұжымы 66-шы болып тіркелген. Театр ұжымына тіркеу туралы куәлік пен дербес ғимараттың берілуіне орай өткен іс-шараға танымал өнер өкілдері қатысты. Оның арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров, Канн кинофестивалінің жүлдегері, белгілі киноактриса Самал Еслямова, театр және кино актерлері, «Дарын» сыйлығының иегерлері Аян Өтепберген мен Асылхан Төлепов, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры Салтанат Әбілғазиева мен М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының актрисасы, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаты Ажарлым Бағытжанова бар.
«Атырау – ел мәдениетіне зор үлес қосып келе жатқан өңір. Қазақ мәдениетінің қайраткерлері, белгілі тұлғалар салған ізді өнерлі жастар жалғастыруды қолға алды. Жастар театрына жөндеу жүргізілген Д.Нұрпейісова атындағы мұнайшылар сарайының ғимаратын беру туралы шешім қабылдадық», деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Танымал композитор, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов жас ұжымға батасын берді. Ал Жастар театрының ұжымы ағылшын драматургі Бернард Шоудың «Клеопатра» тарихи драмасын көрермен назарына ұсынды.
Жастар театрының еншісінде халықаралық байқаулардың бірнеше жүлдесі бар. Мәселен, 2019 жылы Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен «Theatrical Talents» театрлар фестиваліне режиссер Мұқанғали Томановтың «Затмение» қойылымымен қатысып, бас жүлдені иеленді.
Ал 2021 жылы Керчь қаласында ұдайы өтетін «Боспорские огони» атты халықаралық антикалық өнер фестиваліне қатысты. Бұл фестивальға атыраулық жастар «Цезарь және Клеопатра» пьесасының желісімен «Клеопатра» драмасының премьерасын ұсынды. Бас режиссері – Мұқанғали Томанов. Фестиваль қорытындысында атыраулық өнер ұжымы бас жүлдені иеленсе, «Үздік әйел бейнесі» аталымы театр актрисасы Ғайни Кукатоваға берілген еді.
Атырау облысы