Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

Ақтауға ұсынылған 6 188 адам

213 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығы аясында 2021 жылы Батыс Қазақстан облысында да жұмыс тобы құрылды.

Ақтауға ұсынылған 6 188 адам

Жұмылған жеті топ

Құрамында кәсіби тарихшылар мен өлкетанушы, журналис­тер кірген топ жеті бағыт бойынша іске кірісті. Ол бағыттар – өңірдегі халық көтерілістері, күштеп ұжымдастыру және 30-жылдардағы ашаршылық, кулактар, байлар, Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, дәстүрлі дін өкілдері, 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындар, Қазақстанға күштеп көшірілгендер және 1920-1940 жылдар аралығында мемлекеттің жазалау­шы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы жұмыс тобының мүшелері Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архив пен Президент архивінде қажетті құжаттармен таныс­ты. Батыс Қазақстан облысына қатысты көптеген құжаттың көшірмесі алынды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивтерінде, БҚО Полиция департаментінің арнайы архивінде зерттеушілер жүйелі қыз­мет етті. Топ мүшелері Астана, Семей қалаларында, облыстың Қара­төбе, Жәнібек, Шыңғырлау, Сырым, Жал­пақтал, Ақжайық, Тасқала аудандарында іссапарда болып, арнайы шара­ларға қатысты. Аудандық архивтерде жұмыстанды. Қажетті деректер бойынша көптеген сұхбат алынды. Үшжылдық зерттеу нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық жұмыс тобы мүшелері 13 жинақ дайындады.

 

Халық көтерілістері

Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу тобына тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров жетекшілік етті. Жергілікті полиция департаментінің арнайы архивіндегі құпия құжаттармен танысып, 1920-1930 жылдары Батыс Қазақстан өңіріндегі Кеңестік билікке, ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістерін, контрреволюциялық ұйымдар туралы архив деректерін зерттеген ғалым Жаңақала және Ілбішін көтерілістері, Жымпиты ауданындағы баскөтерулер, Шыңғырлау ауданындағы ұжымдастыруға қарсылық, Орда ауда­нының №1 аулы, Қасымтау және Сүйін­дік ауылдарындағы, Азғыр ауда­нындағы байларды кәмпескелеуге қарсы наразылыққа қатысты архив құжаттарын тапты.

1930-1931 жылдары болған Жаңақала көтерілісін көп адам біле бермейді. Сол кездегі Жаңақала мен Ілбішін аудандарын қамтыған көтеріліс жаншылған соң, 360 адам тұтқындалған екен. Соның 71-і тергеу кезінде қайтыс болған. Осыдан-ақ кеңестік репрессияның қаншалық аяусыз жүргенін көруге болады.

Есқайрат Хайдаров осы зерттеулерінің негізінде «Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістері» (1928-1932 жж.) атты монография, «Бөкей және Орал өңірлеріндегі бандитизм. 1921-1931. (ОГПУ хабарламалары бойынша)» тақырыбында құжаттар жинағын дайын­дады.

 

Ашаршылық пен азап көш

Өңірдегі күштеп ұжымдастыру және 30-жылдардағы аштық жайлы зерт­теуді тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева қолға алған болатын. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық архивіндегі №19, №28, №313, №40 қорларда сақталған тарихи құжаттар іріктеліп, сарапталып, «Бөкей, Орал губернияларындағы ашаршылық 1921-1923 жж. (Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив құ­жаттарының жинағы)» атты кітап жарыққа шықты. Бұл жинақтағы 120 құжат бұрын-соңды жарық көрмеген еді.

Бұған қоса Бақтылы Сансызбайқызы «Капустин Яр» әскери полигонын құ­руға байланысты 1952 жылы Орда мен Жаңақала ауданы халқының рес­публикалық ішкі депортацияға ұшы­рағанын дәлелдеді. Ғалым Түркістан облыстық архиві және Жетісай өңірлік мемлекеттік архивіне арнайы сапарлап, еріксіз көшірілген 336 отбасының тағ­дырына қатысты құжаттар тапты. Кеңестік билік жүргізген өктем саясат кесірінен көшіп барған адамдардың түрлі кеселден қайтыс болғанын, әсіресе балалардың көп қырылғанын дәлелдеп, жерленген орнын да куәгерлердің көме­гімен анықтады. Ол жерге болашақта ескерткіш белгі қою ойластырылып жатыр. Ал жергілікті қаламгер Ғай­сағали Сейтақтың басқаруымен шық­қан «Нарыннан өлі айырылмай, тірі айы­рылдық» атты жинақта сол бір қаралы көштің куәгерлерінің естеліктері жинақталған.

 

Байдан бақ тайған шақ

Батыс Қазақстан облысы бойынша кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалар тақырыбын «Дана» ғы­лыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жантас Сафуллиннің өзі қолға алды.

Зерттеу барысында 1928 жылы Орал губерниясынан 130 бай кәмпескеленіп, жер аударылғаны анықталды. Мұндай қуғын-сүргін кейінгі жылдары да тоқ­тамаған. Мысалы, 1929 жылы – 60, 1930 жылы – 364, 1931 жылы – 1596, 1932 жылы – 109 адам, жалпы саны 2150 адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 1933 жылы 903 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, түрлі алым-салық салынған.

 

Батыс Алашорда

Алаш партиясы, Алашорда үкі­меті идеясы үшін мемлекеттік қуда­лауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адам­дарды анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі тарих ғылым­дарының же­текшісі Альфия Бай­бол­сынова да өнімді еңбек етті. Нә­ти­жесінде, Алашорда ұйымына мүше болған 500 тұлғаның тізімі мен биографиясы жинақталды.

Бұдан бөлек Батыс Қазақстан облысы бойынша жазалау лагерьлері мен НКВД кеңселерін анықтау бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Архив құжаттары мен жергілікті куәгерлердің мағлұматы бойынша Тасқала ауданындағы милиция пункті жанындағы ату жазасы орындалған орын, Теректі ауданының аумағындағы Придорожный, Сталинка, Көбенсай ауылдарын қамтыған №12 лагерьлік пункті, Теректі ауданы аума­ғындағы Шалқар лагерьлік бөлімшесі, Бөкей Ор­дасы ауданындағы Сайхинлаг орындарына экспедицияға шығып, лагерь орындарының картографиясы жасалды.

Осы кезеңде Альфия Байболсынова «Дәулетшах Күсепқалиев: қоғамдық-саяси қызметі» атты монографиясын баспадан шығарды. Сондай-ақ «Тәуел­сіздік үшін күрескерлер: Алаш қозға­лы­сының белсенділері мен ниеттестері» атты энциклопедиялық жинақ дайындалды.

 

Қудаланған дін өкілдері

2021-2023 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша репрессияға ұшыраған дін өкілдерін анықтау, ақтау бойынша да жүйелі жұмыс атқарылды. Бұл бағыттың жетекшісі өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлының авторлығымен 2021 жылы «Сенім үшін сергелдең», 2022 жылы «Қуғындалған хазіреттер» кітаптары баспадан шықты. Өңірде дін өкілдерін қудалау ісі 20-жылдары сайлау құқынан айыру науқанынан басталып, сол кезеңде Орал губерниясындағы дін өкілдері, құлшылық ғимараттары есепке алынған. Жалпы, репрессия уақытында өңірде 4 мыңдай адам діни сенімі үшін қуғындалғаны анықталды. 1937-1938  жылдары Орал облысынан 18 панисламистік антисоветтік ұйым әшкереленген. Бір ғана №02368 қылмыстық іс бойынша 125 адам айыпталып, ату жазасына кесілген.

 

Әскери тұтқындар

1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша жұмыс тобын өлкетанушы Ахмедияр Батырханов басқарған болатын. Зерт­теулер нәтижесінде 1939-1945 жылдары Фин және ІІ дүниежүзілік соғыста Батыс Қазақстан облысынан 1036 адам жау қолына тұтқынға түскені, оның 820-сы тұтқында қайтыс болғаны анықталды. 216 адамның кейінгі тағдыры белгісіз.

Жергілікті полиция архивінде 2 939 батысқазақстандық соғыс тұтқыны туралы мәлімет бар екені анықталды. Аталған архивте соғыс жылдары тұтқында болып, елге аман-есен оралған соң істі болып РСФСР ҚК 58-1 бабының «б» тар­мағымен Оңтүстік-Орал әскери окру­гінің әскери трибунал үкімімен 10-25 жыл­ға сотталғандардың істері сақталған екен.

1941-1953 жылдары әскери трибунал үкімімен 284 адам сотталған, оның ішінде 42 адам ату жазасына кесілген. 1941-1948 жылдары Әскери трибунал үкімімен сотталған 200 адамның ешбірі ақталмаған. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті архивінде сақ­талған 167 адамға қатысты мәлімет тиісті орындарға жолданды.

 

Босқындар

Өлкетанушы, тарих магистрі Ай­болат Құрымбаев жетекшілік еткен Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жылдар аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша жұмыс тобы «Мені елден айырған саясаттың екпіні» («Күштеп көшірілгендер: Батыс Қазақстан облысы тарихының қайғылы кезеңі, 30-50 жж ХХ ғ») жинағын дайын­дады.

Аты айтып тұрғандай, бұл жинақта 1930-1950 жылдары Батыс Қазақстан облысына саяси себептер бойынша жер аударылған 3 153 адамның мәліметі берілген. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқар­масының мәліметі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 24.11.20ж. №456 Жарлығы шыққалы бері Батыс Қазақстан облысына депортацияланған 1559 адам ақталған.

 

Batysmura.kz порталы

Батысқазақстандық зерттеушілердің үш жылдық жұмыс нәтижесі бүгінде www.batysmura.kz сайтына жинас­тырылған. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша атқарылған істердің нәтижелері, сонымен қатар сая­си қуғын-сүргін көргендерге қатысты ауызша деректер білетіндер болса, байланыс орнату үшін арнайы сауал­намалар орналастырылды. Жоба бойынша өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат, сайт пен әлеуметтік желі арқылы жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың кәмпеске мен аштыққа қатысты тың деректері жарияланды.

Қорыта айтқанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссия 2021 жылы 992 дін қайраткерін, айыптылар ротасынан – 22, ату жазасына кесілген – 44, соғыс тұтқыны болған – 285 адамды, кәмпескеленіп, жер аударылған 71 адамды ақтауға ұсынды.

Ал 2022 жылы Президент архивіндегі 136 қылмыстық істің, Орталық мемле­кеттік архивтен 4 істің құпиялығын алуға, Президент архивіндегі ақталмаған, құпиялығы алынбаған 167 істі прокуратура мамандарымен кеңесіп, ақтауға жататындарын анықтауға, негізсіз тәркіленіп, жер аударылған, айыппұл салынған 1 214 адамды ақтауға ұсыныс берілді.

Сондай-ақ 2023 жылы әскери трибуналмен сотталған 200 адам, БҚО Полиция департаменті архивінен анықталған 284 адам, әскери трибуналмен ату жазасына кесілген 20 адам, мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 2150 адам, орынсыз алым-салық салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған 903 адам ақтауға ұсынылды. Батыс Қазақстан облысының «қоғамдық даму басқармасы» ММ басшысының атына тергеу барысында қайтыс болған 74 адамды ақтауға ұсыныс жасауға хат жолданды.

 

Жантас САФУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі