Пікір • 15 Қаңтар, 2024

Күләш есімі неге ұмытылды?

259 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласында жастарға ар­налған «Астана жастар театры» және «Музыка­лық жас көрермен театры» бар. Бұдан бөлек, Астана қаласы әкімдігінің «Жас­тар сарайы» дарынды жас буын үшін жұ­мыс істеп келеді. Мұны үміт тұт­қан жастарымызға арналған үл­кен қамқор­лық, игілікті іс деп баға­лауымыз керек.

Күләш есімі неге ұмытылды?

Бұл мәдени ошақтар – жастардың рухани дамуы мен келешек ұрпақтың жақсы өнеге-тәрбие алуына ықпалы зор орталықтар. Мұны ел ертеңіне, қоғамның өнер әрі мәдени бағытына мән берген қала билігінің өте дұрыс шешімі делік. Сонда да осы мәдени орталықтарға, театрларға байланысты елорда тұрғындары мен қонақтарына қатысты қолайсыз бір жайт бар. Мәдениет ошақтарының үшеуінің де негізін «жастар» деген сөз құрап тұрғандықтан, «жастар театры» деп қысқартып айтқанда, көрерменнің біразы шатысып көздеген театрдың орнына жастардың басқа ғимаратының есігін қағатынына куә болып жүрміз. Кейде өзіміз де шатасып қалатын кездер болады. Бұл бұқара халыққа үлкен қолайсыздық тудырады.

Бұдан бөлек, рухани байлығымызды кеңінен қамтып, құрметтеу тұрғысынан қарасақ, аталған үш мәдениет ошағына тән бір тарихи кемшілік ойға келеді... Қазір «Жастар театры»  орналасқан ғимаратта 2000 жылы «Ақ Орда» опера және балет театры ашылған еді. Осы жылы театр ұлттық мәртебеге ие болып, оған қазақтың жаһанға әйгілі күміс көмей, жез­таңдай әншісі, 24 жасында-ақ «КСРО халық әртісі» атағын алған Күләш Байсейітова есімі берілді. Театрдың алғашқы маусымы 2000 жылдың 14 қазанында М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылды. Операны сахнаға КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов шығарды. Айрықша атап өтетін жайт, 2004 жылы Күләш Бейсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры Халықаралық музыкалық театрлардың ассоциациясының құрамына мүше болды. Бұл театр әртістері еңбегіне берілген жоғары баға  еді. Ал 2013 жылы жаңадан «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры еңселі ғимараты пайдалануға беріліп, аталған театр ұжымы сол жаққа көшірілгенде, атақты әншіміз Күләш Байсейітова есімі қалың қауымға белгісіз себептермен «ұмытылып», ескерілмей қалды. Дүние жүзіне танылған әнші есімі жаңа опера және балет театрына да бірге көшіріліп, Күләш Байсейітова атындағы опера театры аталуы заңды болар еді. Бірақ шешім дұрыс қабылдан­бады. Мүмкін әлі де кеш емес шығар... Ал бұл ұсыныс шешімін таппаса, «Жастар теат­рын» «Күләш Байсейітова атындағы Жас­тар театры» деп атаған дұрыс болар еді.

«Жастар сарайы» туралы. Аса көрнекті ақы­нымыз, сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құр­­баны Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сене­­мін» деген өлеңінің тәрбиелік мәні зор екені белгілі. Жалынды ақын өскелең ұрпақтың ке­мелденіп қалыптасуын құптады, олардың ай­бын­ды да қайсар жасампаздықтарынан үлкен үміт күтті. Сондықтан «Жастар сарайы» Мағ­жан Жұ­мабаев атымен аталса, қалың жұрттың ой-арманынан шығары даусыз.

Ал «Музыкалық жас көрермен театры» Қадыр Мырза Әлі атындағы «Музыкалық жас көрер­мен театры» деп аталса, абыройлы іс бо­лар деген ойдамыз. Осы ұсыныстар жүзеге асса, халқымыз ардақтаған Күләш Байсейітова, Мағжан Жұмабаев пен Қадыр Мырза Әліге арналған лайықты құрмет болары сөзсіз. Соны­мен қатар көрермен қауым да үш театр­ды ша­тастырмай, уақтылы өзіне керек мәде­ниет ошағына жол табар еді. Осы ұсынысты қалың жұрт­шылық, зиялы қауым мен Астана қаласы­ның әкімі қолдайды деген үміттеміз. Өйткені ұлт перзенттерін құрмет тұту, елге деген жемісті де қайырлы еңбектерін лайықты ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,

заңгер, публицист