Биыл Қазақстан халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі ел болады. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етуі еліміздің өңірде ғана емес, әлемде де бейбітшілік пен амандықты сақтау үшін жауапкершілік деңгейін арттырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында өңірлік ынтымақтастықтың, әсіресе Орталық Азия өңірі контекстіндегі маңыздылығына ерекше назар аударған. Мемлекет басшысы «С5+» үлгісін және оның халықаралық аренадағы өңір елдерінің ұстанымдарын нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Экономикалық даму тұрғысында мультипликативтік әсер алу үшін стратегиялық әріптестікті тереңдетуге екпін берді. Бұл – Қазақстанның өңірлік бастамаларды дамытуда және Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда белсенді рөл атқаруға саналы түрде ұмтылатынының белгісі.
Айдар ҚҰРМАШЕВ,
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы