Пікір • 15 Қаңтар, 2024

Қателіктен сабақ алмай, алға жылжу мүмкін емес

188 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел алдындағы басты міндет – табысты қайта бөлу керектігі кейінгі жылдары ашық айтылып, басым бағыттардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін бұл мәселені бірнеше рет айтты. Жуырда «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында айтылған ұсыныстардың өзегі де осы болды.

Қателіктен сабақ алмай, алға жылжу мүмкін емес

Бұл жолғы сұхбатта біраз сауалдың жауабы ашық айтылды. Бұл үрдіс сұхбат беруді есеп берумен шатастырып алатын кейбір шенеуніктерге сабақ болады деп үміттенемін. Тек Мемлекет басшысы емес, Үкіметтің кез келген блогын басқарып отырған тұлғалардың баспасөзге шығуы сол саланың жай-күйінен хабар беретін жағдайға жеткізуіміз керек.

Мемлекеттік деңгейде айтылған ұсыныстардың кем дегенде 10 па­йызы орындалса, экономикалық көрсеткішіміз қазіргі деңгейде болмас еді. Мемлекеттік деңгейде айтылған ұсыныстар алдын ала сараптамалық кеңестен өтпейтіні, басқаша айтқанда халыққа берілген уәдені орындауға экономикалық мүм­кіндігіміз көтере ме деген мәсе­ле алдын ала зерделенбейтіні ай­тылған ұсыныстардың жүзеге асы­рылуына кедергі болып келген еді. Кейінгі бірер жылда бұл бағыт­та біраз ілгерілеушілік бар. Ха­лықтың талабымен санасу қажеттігі билік өкілдеріне шындықты айналып өтетін жолды жауып тастады. Сырт көзге бірден байқала қоймаса да оң өзгерістер бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі кезекті Жолдауында ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көр­сет­кіштер өскенін, былтыр Қазақ­станның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болғанын айтты. 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылғаны да – рекордтық көрсеткіш.

Бір қарағанда көрсеткіш көңіл қуантады. Ел экономикасының нығайғаны, ұдайы тұрақты өсім көрсеткені жақсы. Дегенмен, бұл жаңалыққа кереғар мәліметтер де бар. Мысалы, өткен айда Ұлттық ста­тис­тика бюросының жариялаған зерт­теу нәтижелері бойынша, биыл­ғы екінші тоқсанда ел­дегі кедейшілік деңгейі 5,1% көле­мінде белгіленген. Бұл көрсет­кіш бірінші тоқсанда 4,8%-ды құра­ған еді. Сондай-ақ «Ranking.kz» мәл­ім­етінше, елімізде ең тө­мен­гі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын 177,8 мың үй шаруа­шылығы бар, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 9,4%-ға артық. Басқа­ша айтқанда, ел экономикасы өс­кенімен, халық кедейленіп жатыр.

Осыдан келіп қоғам мен билік арасындағы сенімге селкеу түседі. Себебі, 2022 жылы Ұлттық статистика бюросы жариялаған зерттеу нәтижелері бойынша, биылғы жылдың екінші тоқсанда елдегі кедейшілік деңгейі – 5,1%. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанда 4,8%-ды құраған еді. Демек, біздің елде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын 177,8 мың отба­сы бар. Бұл – 2021 жылмен салыс­тырғанда 9,4%-ға артық. Осы мәсе­лені Мемлекет басшысы да жиі ай­тады. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіз­дігіне төнген үлкен қатер. Мұның бәрі қоғамның экономи­калық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқты­руы мүмкін. Басқаша айтқанда, елдегі бай мен кедейдің арасы көз алдымызда алшақтап барады.

Жалпы, қабылданған макроэко­номикалық меженің орындалуын жұмыс орындары, қолайлы тұтынушылық инфляция, табысты әділ бөлу, экономикалық өсу деңгейі тәрізді факторлар қамтамасыз етеді. Біздің ұлттық экономикамыздың деңгейінің қандай екені бәрімізге түсінікті. Ал экономикадағы әлсіздік созылмалы жұмыссыздық синдромын қалыптастырады. Бұл – кез келген қоғам үшін трагедия. Өмір сүру деңгейімізді экономиканың, орташа жалақының өсуімен емес, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен тұтыну бюджетімен, әлеуметтік инфраструктураның дамуы тәрізді факторлармен бағалау керек.

Қазір бізде нарық заңына мүлдем қайшы құбылыстар жиі байқалады. ІЖӨ өсім бере бастады. Бірақ халықтың төлем қабілеті тым төмен. Халықтың несиеге өмір сүруі де қалыпты құбылысқа айналды.

Кейінгі онжылдықтарда әлем­нің барлық елінде дерлік табыс теңсіздігі өсті. Бірақ әртүрлі қар­қынмен. Мысалы, Таяу Шығыста ең жоғары табысы бар халықтың 10%-ы ұлттық табыстың 61%-ын ием­денген. Қытайда – 41%, Ре­сей­де – 46%, АҚШ-та – 47%. Ең төменгі теңсіздік деңгейі Еуропада тір­келген – 37%. Ал KPMG дере­гінше, Қазақстан байлығының тең жар­тысын бар-жоғы 162 адам (ел аз­аматтарының 0,001 пайызы) иелік ететінін ескерсек, кедейлік деңге­йінен көш бастап тұрғанымыз анық.

Тұтынушылық несиелеу арқы­лы халықтың әлеуметтік жағ­да­йына баға беруге болмайды, мұн­дай құбылыстың қаржылық дағ­да­рыстарға әкелетіні барлық саналы адамға түсінікті болуы керек. Бұл жерде мәселе тек банк­тердің тәбетіне байланысты емес, мәселе табыс теңсіздігінің құрсауында өмір сүріп жатқанымызда. Табысты тең бөлудегі теңсіздік тек кедейліктің емес, нарыққа қажетті мамандардың елден сырттап кетуіне мүмкіндік беретін тетікке айналып кетті.

Мен ақылға қонымды либера­лизм­ді ұстанамын және кез келген эко­­но­­микалық мақсаттарға қол жет­кізу­­ді ешбір бағамен емес, сақ­тық­­пен жүр­гізу керек деп есеп­тей­мін. Бас­қа­ша айт­қ­анда, өткеннің қателігі­нен сабақ ал­май, алға жылжу мүмкін емес.

 

Эдуард ПОЛЕТАЕВ,

саясаттанушы