Сенат • 16 Қаңтар, 2024

Халықаралық әріптестік

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинаспен кездесті. Басқосу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

Халықаралық әріптестік

Кездесуді ашқан Мәулен Әшімбаев Еуропалық одақ Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін және еліміз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға баса мән беретінін атап өтті.

«Былтыр Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуро­палық Кеңестің Прези­денті Шарль Мишель тараптар арасындағы ынты­мақ­тастықтың серпінді дамып келе жат­қа­­­нын атап өтті. Біздің депутат­тар «Қазақстан Республикасы – Еуропа­лық одақ» парламент­тік ынтымақ­тас­тық комитетінің жұмысына белсен­ді қатысып келеді. Қазақстан Парла­менті­нің Сенаты еуропалық әріптес­тері­міз­бен парламентара­лық байланыстар­ды одан әрі жандандыруға, ортақ мүд­дені көздейтін мәселелер бойынша тұрақ­ты, мазмұнды диалогті әрі қарай жалғас­тыруға дайын», деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Палата спикері Мемлекет басшысының бас­тамасымен елімізде жүзеге асы­ры­лып жатқан саяси және әлеу­меттік-экономикалық ре­формаларға тоқталып өтті.

«Еліміз адам құқықтарын қор­ғауға толықтай бейілді және осы бағыттағы реформаларды белсенді түрде жүргізіп келеді. Былтырғы 8 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласын­дағы жаңартылған іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол гендерлік теңдіктен бас­тап, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қор­ғауға дейінгі бастамаларды қамти­ды. Бұл біздің адам құқықтары сала­сындағы халықаралық стандарттарды үнемі жетілдіруге және сақтауға деген ұмтылысы­мыз­ды көрсетеді. Осы орайда елімізде кешенді реформалар бағдарламасын жүзеге асыруда үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Еуропалық одаққа алғыс айтамыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде сауда-экономикалық, инвести­ция­лық ынтымақтастықты кеңей­­ту, оның ішінде Транс­каспий халықаралық көлік бағы­тын дамыту мәселелері талқы­ланды. Мәулен Әшім­баев орнықты даму және осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарды қабылдау мәсе­лелеріне де тоқталды.

Өз кезегінде Маргаритис Схинас Қазақстанның реформаларды іске асыру бағытының тиімділігін атап өтіп, жан-жақты қатынасты әрі қарай нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.