Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп шара барысында қазақ тілінің әлемдегі ең танымал және беделді Oxford сөздігімен өзара іс-қимылы мемлекеттік тілді әлемдік лингвистикалық кеңістікке шығаруға ықпал ететін маңызды жұмыс екенін атап өтті.
«Бұл сөздік тіліміздің халықаралық қолданыс аясын кеңейтіп, түрлі салалардағы терминдік түсініктердің мемлекеттік тілде қалыптасуына ықпал етеді. Өздеріңізге белгілі, Аударма бюросы Рауан Кенжеханұлының жетекшілігімен «100 кітап» жобасы аясында әлемдік үлкен еңбектерді қазақ тіліне аударды. Олар бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылуда. Бұл сөздік те сондай мағыналы еңбектің бірі болады деп пайымдаймын», деп атап өтті сенатор Нұртөре Жүсіп.
Іс-шараға Сенат депутаттары, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы, ғалымдар мен еліміздің сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.