Жасампаздық Жолдауы
“Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы таяу онжылдыққа, яғни еліміздің 2020 жылға дейінгі cтратегиялық дамуы мен әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыдағы маңызды бағдарламаларды нақтылауымен ерекшеленеді.
Әсия АХМЕТОВА, “Нұр Отан” ХДП Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы әрқайсымыздың елжандылық сезіміміздің отын үрлеп, желпіндірді. “Ер айтса ел айтқаны, көптің қамын жеп айтқаны” деген тәмсіл сөз бар. Президенттің жалпы жұрттың қамы мен бақытты өміріне бағытталған Жолдауы – болашаққа бағдар, ілгері басуымыздың қозғаушы күші екені анық. Маңызды құжат – ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, рух беретін, жүрегі елім деген қазақстандықтарға жол сілтеп, бағыт беретін бағдаршам десек, қателеспейтініміз тағы күмәнсіз.
Жолдау – елдіктің үні. Бүгінгі таңда саяси сахнада өзіндік орны бар нағыз халықтық партия – “Нұр Отан” жер-жерде 2020 бағдарламасын орындау жолындағы жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс. Ешкім сыртта тұрмауы керек, өйткені, тек осылай ғана біз Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етеміз.
Ең бастысы – бүкіл азаматтық қоғамды партияның төңірегіне топтастыру арқылы ұлттар арасындағы келісім мен этносаралық достықты сақтап, елдікті ту етіп ұстаған еліміздің тұрақтылығын нығайту. Өзім ұйғыр қызы болғаныммен, қазақтың келінімін. Ұрпақ өсіріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге күш салудамын. Партияның жанынан жас саясаткерлер клубын ашып, соған жетекшілік жасап, ұрпақ белсенділігін арттыруды алға қойдым. Осылайша Жолдауды қуаттап, оған өзіндік үлесімді қосудамын.
Самат СҮЛЕЙМЕНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің студенті:
– “Қазақстан-2030” Стратегиясында еліміздің ұзақ мерзімді даму бағыты, мақсаты мен басымдықтары белгіленді. Сонымен қатар алғашқы онжылдықта осы бағыттағы жоспарымыз қисынды даму жолына түскені де атап өтілді. Әлемдік қаржы дағдарысынан әлеуметтік ауыртпалықсыз өтуіміз Елбасы ұстанған саяси бағыттың дұрыстығын дәлелдеуімен де ерекшеленді.
Жолдауда білім және ғылым саласын дамытуда мемлекет тарапынан ауқымды шаралардың жүзеге асырылып жатқаны атап көрсетілді. Бүгінде ел дамуының бірден-бір даңғыл жолы білім мен ғылымға деген қамқорлықты нақты шаралар мен атқарылған жұмыстардан анық көруге болады.
Елбасы жоғары білім беру жүйесінің стратегиялық міндеттерін де көрсетіп берді. Астана қаласында салынып жатқан Жаңа халықаралық университеттің маусым айында ашылатындығы, оның дарынды, талантты жастар үшін қолжетімділігі бізді қуантады. Облыс орталықтарындағы интеллектуалды мектептердің ашылуы интеллектуалды ұлт құруға бағытталған шара деп ойлаймыз.
Жастардың бәсекеге қабілетті білім алуы Елбасы назарында. Мәселен, шілде айында көтерілуі тиіс болған шәкіртақының, бюджеттік сала қызметкерлері жалақысының сәуір айынан 25 пайызға көтерілуі қуанышты жәйт.
Мына жолдарды да бейжай оқи алмайсың. Онда: “Біздің жастарымыз жаңа асулар мен шыңдарды бағындыруда, мақсатына жетелейтін елеусіз, бірақ сенімді соқпақтарды іздестіруде табанды да бірбеткей болуы тиіс”, делінген. Бұдан кейін өміріңді өзгертпеуге тырыспай көр. Тек, уақыттан ұтылмай алға басу, сенімді соқпаққа түсу қажет.
Бағдат ҚАРАСАЕВ, Алакөл ауданының әкімі:
– Дәстүрлі Жолдауды Алакөл жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдады. Өйткені, Елбасының өткен жылғы Жолдауында дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру атқарушы органдардың басты бағыты болды. Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары бекітіліп, “Жол картасы” бағдарламасы жүзеге асырылса, 2010 жылы “Жол картасы – 2009” жоспары бойынша басталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта жаңғыртуды жалғастыру, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты ең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі жоспарын жасау міндеті жүктеліп отыр.
Еліміздегі дағдарысқа қарсы іс-шаралардың бірі “Жол картасы” бағдарламасы аясында ауданға барлығы 210 млн. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы 230 млн. теңге бөлу жоспарланған. Өткен жыл құрылыс саласы үшін жемісті болып, аудан бойынша 4097 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынды. Сонымен қатар, Үшарал қаласында 7 жалдық тұрғын үй құрылысы аяқталса, биыл Достық кентінде 20 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне ұсынылмақшы.
Өңірлік “Ауыз су” бағдарламасымен Қабанбай, Ақжар ауылдарының су жүйелері жөндеуден өткізілсе, Теректі ауылында су жүйесінің жөндеу жұмыстары басталды. Аталған шараға 30 млн. теңге қаражат бөлінді. Автомобиль жолдарын күтіп, жөндеуге 10 млрд. теңге бөлініп, 478 шақырым және 1214,5 мың шаршы метр жалпы пайдаланымдағы жол жөнделсе, Үшарал қаласы мен Қабанбай ауылында көшелерді абаттандыру және “Қабанбай-Көктұма” жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Елбасы Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында-ақ балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырды. Білім саласы бойынша мектепке дейінгі мекемелердің жүйесі кеңеюде. Осы мақсатта Достық кентінде 280 орындық балабақша құрылысы жүргізілсе, биыл аудан орталығы Үшарал қаласында 100 орындық және Қабанбай ауылында 140 орындық балабақша салу көзделген. Аталған балабақшаларға 520 бүлдіршін қамтылады деп күтілуде.
Жазып алған Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.