Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Рухани шаңырақтың Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімі «Қазақ зағиптар қоғамының» ғимаратында орналасқан. Көз жанарындағы қиындықтарға қарамастан, зағип жандардың оқуға деген құштарлығы ерекше. Кітапхананың бөлім меңгерушісі Гаухар Тәукебаеваның айтуынша, бөлімде 4 қызметкер жұмыс істейді. Олар өз міндетін барынша ыждаһатты атқаруға тырысады. «Мұндағы оқырмандар – ерекше қажеттілігі бар жандар. Түйсіктің сезімталдығы арқылы олар барлық іске икемділігін көрсете алады. Көбіне зағип оқырмандар үйде отырып-ақ телефон арқылы тапсырыс береді, ол кітаптар инватакси қызметі арқылы жөнелтіледі», дейді мамандар.
Мұнда орнатылған сканерлеп және дауыстап оқитын құрал «Сара СЕ» машинкасы, сөйлейтін ноутбук, Л. Брайль жүйесі бойынша оқитын және жазатын компьютер, грифель шрифті, Брайль алфавитін тізетін тақтайша, үлкейтіп оқитын лупа сияқты құрал-жабдықтар – оқырман үшін үлкен көмекші. Белгілі болғандай, 2016 жылдан бері Мәскеу қаласындағы «Логос» онлайн-кітапханасы арқылы АV-3715 тіркеуіне тұрып, ондағы кітаптарды оқу мүмкіндіктері қарастырылған.
Бөлімде тифлоқұрылғалардың көмегі арқылы оқырмандарға «Жанарым жүрегімде» жобасы қолға алынғалы бесінші жылға аяқ басты. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Жоба аясында зағип жандарды тифлокомпьютер сауаттылығына, яғни жеке компьютерді пайдалану негіздері мен интернет желісін пайдалана білуге үйретуде. Осы арқылы оқырмандар әртүрлі бағыттағы кітаптар, журналдар, аудиокассеталар тыңдай алады және өз көкейінде жүрген тақырыптары жайлы жазуға мүмкіншіліктері бар.
«Жобаның негізінде зағип жандарға арналған арнайы «Jaws for windows» бағдарламасының көмегімен ғаламторды қолдану арқылы қажетті ақпаратты іздеуді, оны «Ms word» мәтінді өңдеу бағдарламасына көшіруді үйретіп жатырмыз. Яғни оқырмандарымыз мәтінді компьютерде сканерлеп, әрі қарай дыбысты бағдарламалардың көмегімен оқуға машықтануда. Сол сияқты бөлім қызметкерлері Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай Жетісу облысының көркемөнер галереясында «Бейнелеу өнерінің хас шебері» атты тақырыпта зағип жандарға арнап экскурсия сағатын ұйымдастырдық. Алдағы уақытта да оқырмандарымызға пайдалы болатын іс-шараларымыз бар», дейді Г.Тәукебаева.
Кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі талдықорғандық Шырынгүл Смағұлова көру қабілетінің қиындығына мойымай, кітапты үзбей оқуға тырысады. «Адам қандай жағдайда да үздіксіз рухани өсіп, жетіліп отыруы керек. Ол үшін үнемі кітап оқуға тырысамын. Өзім Брайль қарпіндегі Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила», Сейітжан Омаровтың «Өмір тынысы», Шерхан Мұртазаның «Жұлдыз көпір», Софы Сматаевтың «Елім-ай» шығармаларын оқып шықтым. Кітапхананың бұл арнайы бөлімі біздің рухани шаңырағымыз іспетті», дейді Ш.Смағұлова.
Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінде 30 281 кітап қоры бар. Оның 6 500-ге жуығы – нүктелі бедерлі кітап, 3 300-дейі – дыбысталған әдеби кассета, 1 098-і – электронды (аудиодиск) кітап.
Жетісу облысы