Баға • 16 Қаңтар, 2024

Тұрақты баға тұрмысқа тиімді

183 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азық-түлік бағасының ала-құлалығы халықты ерек­­ше алаң­дататыны жасырын емес. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар­дың құнын кім және қалай қа­дағалайды? Сонымен қатар жаңа жылдық дас­тарқанға елорда тұр­ғындары қанша теңге жұм­сады? Аталған сұрақтарға жауап алу мақсатында «Астаналық» базар мен «Magnum» сауда желісіне барып халық­тан сұраған едік.

Тұрақты баға тұрмысқа тиімді

«Астаналық» базарда сауда таңнан бері қызып тұр. Жұмыс күнінің өзінде азық-түлік алуға келген халықтың қарасы қалың. Үкімет бекіткен әлеуметтік маңы­зы бар тауарлардың шектік баға­сы мен мұндағы бағаларды салыс­тыру үшін елмен бірге біз де базарды барлап көрдік.

Ең әуелі жаңа жыл қарсаңында базар бағамы біршама көтерілгені байқалады. Әсіресе мерекелік дастарқанға қойылатын жеміс-жидектердің құны шарықтап тұр. Мәселен, алманың бағасы сортына қарай 450 теңгеден басталса, мандарин 600 теңге мен 1 200 теңге аралығында саудаланып жатыр. Осы орайда Ләззат есімді тұтынушыны сөзге тартып көрдік.

– Үйде кішкентайымыз болған соң, банан, мандарин секілді же­міс­терді жиі алып тұрамыз. Жаңа жыл кезінде бұл тауарлар тіпті қым­баттап кетті. Үй-ішіміз­бен мере­кені атап өту үшін 30 мың тең­гедей ақша жұмсадық. Жас от­ба­сыға бұл да жеңіл тимейді. Бұ­­ған қоса күнделікті тұтынатын жұмырт­­қаның бағасы да өсіп кетіпті.

Онысы – шындық. Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке (ӘМАТ) жататын тауық жұмыртқасының бір данасын 45 теңгеден жоғары алып жүрген. Бүгінгі таңда оның бағасы 75-80 теңгені құраған. Ал саудагерлер бағаның күрт өсуін отандық өндірушілердің аздығымен және жеткізу шығындарының өсуімен байланыстырды. Қайбір жылы қымбаттап кеткен қанттың да себе­бін логистикалық проблема­мен түсіндірген еді сарапшылар. Ең өкініштісі – кейін барлық мәсе­ле өз шешімін тапса да, бағаның сол күйінде қалып қоятыны.

Осылайша, базардағы баға­ны бағамдаған соң, іргедегі «Mag­num» сауда желісіне кіріп көрдік. Бағаларды салыстырдық, басымызды шайқадық. Айырмашылық – айтарлықтай үлкен. Мысалы, «Magnum»-да 1 кг картоп 139 теңге болса, «Астаналық» базарда 160 теңгемен саудаланады. Ал сауда желісіндегі пияздың бағасы 129 теңге болса, базарда 170 теңгеге сатылып жатыр.

Сөйтіп супермаркеттің барлы­ғын аралап жүріп, кассаға қалай жетіп қойғанымызды байқамай қалдық. Назарымызға төлем жасап жатқан ақ жаулықты апа ілікті. Азық-түлікті үнеммен алғаны байқалады. Қымбатшылық туралы апамыз не дейді екен? Пікірін білдік.

– Отадан жаңа шыққан адам болған соң, көп ақшам дәріге жұмсалады. Оларды білесің, арзан емес. Өзім үкіметтен ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақы аламын. Әйтсе де Аллаға шүкір. Балалардың жұмысы бар. Не дегенмен олар да азық-түлік арзанға түседі деп жеңілдік акция­ларын бақылап отырады, – дейді 75 жастағы зейнеткер.

Содан кейін базарға енді кіріп келе жатқан үш-төрт бозбаланы байқадық. Жігіттермен танысып, сөзге тарттық. Л.Н.Гумилев атын­дағы университетінің студенттері екен. Пәтер жалдайды. Өз іштері­нен ақша қосып, азық-түлік алуға келген. Апамызға қойған сауалды бұларға да қойдық. Жауабы қынжылтты.

– Жатақханада орын болмаған­нан кейін, пәтерге ауыстық. Жал­пы жағдай – жаман емес. Бірақ азық-түлікті қарызға бөліп төлейтін кездер болады. Берешекті айдың соңында қосымша жұмыс істеп қайтарамыз, – деді олар.

Бөліп төлеу механизмі қара­пайым болғанымен, қауіпті екені белгілі. Онда сатып алу бағасы төлем кезеңінің айларының саны бойынша тең бөліктерге бөлі­неді және қарыз алушы ешқан­дай комиссия төлемейді. Бірақ мұның да өз кілтипаны бар. Кей­бір дүкендерде бөліп төлеуге болатын тауарлар кейбір несие беретін жерлерге қарағанда қым­батырақ болуы мүмкін. Эко­номист Арман Байғанов қарыз­данған тұрғындардың жағдайы алаңдатарлық деп санайды.

– Кейбіреулерге картамен төлеудің өзіндік артықшылығы бар шығар. Алайда бұл халықтың кейбір тобында азық-түлікке де ақша жетпейтінін көрсетеді. Азық-түлікті бөліп төлеу арқылы алатындар кедейлік деңгейіне жақын санатқа жататынын атап өту керек, – дейді А.Байғанов.

Хош, халықтың әлеуметтік маңы­зы бар тауарларға да әлеуеті жете бермейтінін түсіндік. Қайт­пек керек? Сарапшы Бауыржан Исабековтің пайымынша, қым­батшылықтың негізгі себебі – еліміздегі олигопилиялық нарық. «Яғни бізде қалыптасқан 4-5 ірі компаниялар бар. Солар өзара келісіп, бағаны жоғары деңгейде ұстап тұр», дейді ол. Мысалы, олигопилиялық нарықтағы екі фирманың біреуі төмен баға, екіншісі жоғары баға белгілесе, онда сандық қатынасы шамамен 1:3 есебінде екеуінің табыстары әртүрлі болады. Ондай қадамға ірі компаниялар, әрине, бармайды. Ал зардап шегетін – баяғы халық.

Айтпақшы, алдағы екі жыл ішінде мемлекет азық-түлік баға­сына мүлдем араласпауы мүмкін. Нарықты реттеуден бас тарту ұсы­нысы қазір ашық талқыланып жатыр.

«Бұл өзгеріс – отандық өндіру­шілер арасында әділ бәсекені қалыптастыруға жасалған қадам. Сәйкесінше, енді әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тамақ құны да құбылып отырады. Бұл отан­дық өндірісті тоқыраудан сақтай­ды», деп түсіндірді Сауда және интеграция министрі Арман Шақ­қалиев. Осылай деген ол әлеу­меттік тауарлар бағасын мемле­кеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тартуды ұсынып отыр.

Қорыта келе, бағаны тұрақ­тан­дыру және орын алуы мүмкін алыпсатарлықты болдырмау бойын­­­­ша әлі де бірқатар жұмыс ат­­қа­­­­рылу керек екенін түсіндік. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-тү­­лік бағасын әуелі бақылауда ұс­­тап, кейін бос жіберу үмітімізді қан­ша­лықты ақтайды? Уақыт көрсе­теді.

 

Абзал МАҚАШ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ  4-курс студенті