Пікір • 16 Қаңтар, 2024

Біліктілік қағидаты

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында көп мәселеге тоқталған. Соның бірі – білікті маман жайы. Мемлекетті бас­қа­ру жүйесін жаң­ғыр­ту мақсатымен ауқымды реформалар жү­зеге асып жатқандығының куәсі болып отырмыз.

Біліктілік қағидаты

«2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық сот жұмысын бас­тады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды»,  деді Мемлекет басшысы.

Жаңа кезеңге қадам басқан Қазақ елінің бас­шылық құрамын жаңарту жұмыстары жүріп жатқаны да белгілі. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті мамандар аз деп айта алмаймыз. Ең бастысы, мемлекеттік қызметшінің басты қасиет­те­рі – нағыз маман болу мен отаншылдық. Мұны Президентіміз әрдайым айтып жүр.

Бүгінгі шенеуніктер мен басшыларға қойы­ла­тын басты талап – қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек екенін Мемлекет басшысы осы сұхбатында шегелеп тұрып айтты. Мемлекеттік қызметшіге басты қағидат ретінде «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» екендігін жадында берік ұстану керек және әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы маңызды екені де мақалада көрсетілген.

Әрине, мемлекеттің болашағы жас буынға байланысты екені сөзсіз. Сондықтан «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан жастардың жауап­ты қызметке келуі үшін жасалып жатқан игі бас­тамалар бар. Мұндағы басты міндет – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және бас­шы­лар­дың жаңа буынына жол ашу. Президенттік кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар, оның үстіне  ұлт­жандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп, мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуел­сіздігімізді нығайтатын жастарды табу. Та­лант­ты жастардың елімізді жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру арқылы интеллек­туал­ды ұлт қалыптастыру басты шарттың бірі.

Бұл орайда Мемлекет басшысы жастарға сенім артып отырғандығын ашып айтқан. Жас ұрпақтың жаңа идеяларын қолдаумен қатар аға буынның тәжірибесіне де сүйену керек екендігіне де тоқталып отыр. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын таба бермекші.

Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылық­тар­ды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі керек. Отанға сүйіспеншіліктің озық үлгісін тарихи тұлғаларымыз – ұлы Абай, ұлт ұстазы Ахмет, ғұлама ғалым Қаныш көр­сетті. Президенттің сұхбатында Қазақ елінің тарихында ерекше орны бар әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына құрмет көрсету керек екендігі әрі осындай тарихи тұлғалар жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға зор септігін тигізетіндігі сөзсіз екендігіне де тоқталып өткен. Ғұлама ойшылдар мен батырлардың, өнер қайраткерлерінің ғиб­рат­ты ғұмырлары мен мол мұрасы бүкіл хал­қы­мызға үлгі-өнеге екендігі дәлелдеуді қажет ет­пейді.

«Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Хал­қымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылық­тар­ды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», деген Президент сөзін барша бұқараға жол нұсқаған басты бағыт-бағдар деп тануымыз, қабылдауымыз, ұстануымыз керек.

 

Алтынбек НУХҰЛЫ,

Сенат депутаты