Үкімет • 17 Қаңтар, 2024

Қаһармандардың ғасырлық тойы

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газе­тіне берген сұх­батын­да ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізетінін айта келе: «Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады» деген болатын.

Қаһармандардың ғасырлық тойы

Осыған орай кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев сөз сөйлеп, Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Қазақстанның Халық қаһарма­ны Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар туралы айтып берді.

25 мамырда Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қор­ғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, осы күнге орай батырдың туған жері Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы алаңға ескерткіш орнатылмақ. Ақмола облысының әкімдігі алаңды абаттандырады. Еліміздің бас қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көшеге ескерткіш дайындау және оны орнату жұмыстарын елорда әкімдігі ұйымдастырады.

– Құрлық әскерлерінің әскери инс­ти­тутында курсанттардың өмірі­нен сыр шертетін «Әскери ант» телехи­каясының түсірілімі аяқталды. Онда Отан алдындағы борыш, ар-намыс, жауапкершілік және сүйіспеншілік тақырыбы паш етіледі. Туындының тұсаукесері отандық телеарнада 2024 жылдың 7 мамырында өтпек, – деді департамент басшысы.

Бұған қоса, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп армия гене­ралының өмірі мен қызметі туралы деректі өмірбаяндық фильмді респуб­ликалық телеарналардан көрсету жос­­парланып отыр. Қарулы Күштер арда­герлерінің баспа басылымдарына сұхбаттары, очерктері мен естеліктері жарияланып, телесюжеттер мен деректі фильмдер теледидардан көрсетіледі және әлеуметтік желілерге шығару үшін бейнежазбалар дайындалып жатыр.

Қорғаныс министрлігі тақырып­тық баннерлер, билбордтар жасау үшін логотип дайындап, жергілікті атқару­шы органдарға жіберді. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министр­лігі әзірлеген пошта маркасы да шығарылады.

Т.Басқожаевтың айтуынша, биыл маусым айында Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Жиынға қатысуға Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына мүше мем­ле­кеттердің, сондай-ақ Әзербайжан мен Өз­бек­станның командалары шақырылды.

Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі еліміздің он қала­сында «Халық жүрегіндегі қаһар­ман» атты көшпелі көрмелер өткізбек. Іс-шаралар 17 қаңтардан Алматыдағы орталық мемлекеттік музейден бастау алады.

– 1924 жылы 19 қазанда туған Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев­тың жүз жылдығын мерекелеу бо­йынша бірқатар ауқымды іс-шара жос­парланған. Барлық гарнизонда әскери қызметшілердің, Қарулы күштер арда­герлерінің, әскери-патриоттық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер, акциялар, челлендждер өтеді, – деді Т.Басқожаев.