Қоғам • 17 Қаңтар, 2024

185 мың теңге жәрдемақыны ақпан айында кімдер алады – министрлік жауап берді

5524 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде ақпан айында бір реттік жәрдемақыны кімдер алатынын түсіндіріп берді, деп жазады Egemen.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

185 мың теңге жәрдемақыны ақпан айында кімдер алады – министрлік жауап берді

Министрлік мәліметінше, жыл сайынғы дәстүрге сай ақпан айында 185 мың теңге көлеміндегі бір реттік материалдық көмек Ауған соғысының ардагерлеріне беріледі.

10 жылға созылған (1979-1989 жж.) Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың азамат қатысты. Биыл «Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толады. 

Ауған ардагерлеріне берілетін материалдық көмек мөлшерін әр өңірдің мүмкіндігіне қарай жергілікті мәслихат бекітеді.

«Төлемдердің әртүрлі болуы соғыста бірдей зардап шеккен азаматтар арасында түсінбеушілік тудыруы мүмкін. Біздің ұсынысымызды қарап, өңірлердегі құзырлы органдар 50 АЕК (184,6 мың теңге) көлемінде бірыңғай «біржолғы әлеуметтік көмек» төлеу туралы шешім қабылдады. Енді жергілікті мәслихаттар өз шешімдерінің жобаларына өзгеріс енгізуі керек. Сонымен қатар барлық ауған ардагерлері ерекше датаға орай  арнайы медальмен марапатталады», деді Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы төрағасы Бақытбек Смағұл.

Айта кетейік, бір реттік төлем тек «ауған соғысы ардагері» мәртебесін алған азаматтарға беріледі.