Олимпиада • 18 Қаңтар, 2024

Спортшылар Канвонға жетті

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жасөспірім олимпиадашыларымыз байрақты дода өтетін Оңтүстік Корея­ның Канвон қаласына аман-есен барып қонды.

Спортшылар Канвонға жетті

ФОТО: kaz.inform.kz

Қазіргі таңда спортшыларымыз өздеріне арналған қонақүйлерге жайғасып жатыр. Олимпиада ойындарының алауы 19 қаңтар күні тұтанады. 1 ақпан күні мәресіне жетеді. Аталған жарысқа әлемнің 50 мемлекетінен 1 800 спортшы қатысады. 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жылдың басты жарысында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында 42 спортшы 5 спорт түрінен бақ сынап, 55 жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конь­кимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша сынға түседі.

Канвондағы қысқы жасөспірімдер Олим­пиадасының ашылу салтанатында Қазақстан Туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.