11 Маусым, 2010

КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК КЕЛІСІМІ ЕЛДЕГІЛЕРДІҢ ЕРЕН ҚҰРМЕТІ

539 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ел халқы Елбасының  ұстанымына құрметпен қарайды Парламент Мәжілісінің депу­та­ты Камал Бұрханов пен Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған Есіл ауданының тұр­ғындарымен кездесті. Явленка кен­тінде өткен жиынға мәслихат де­путаттары, “Нұр Отан” ХДП-ның мүшелері, білім беру, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, жастар қатысты. Аудан әкімі Асқар Бегманов Жолдау талаптарының жергілікті жерлерде қалай атқа­ры­лып жатқанын баяндап берді. Аса жауапты науқан – көктемгі дала жұмыстарын тыңғылықты аяқтаған диқан қауымы егінді күтіп-баптау ісіне қызу кірісіп кеткен. “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалының қолдауымен де біраз шаруалар тын­дырылып жатыр екен. Сондай бас­тамалардың бірі – “Бірлігіміз жа­расқан!” акциясы аясында орталық спорт стадионын күрделі жөндеу­ден өткізуге көпшіліктің жұмыла кірісуі. “Ақбидай” облыстық жазғы спорт спартакиадасы осында өте­тін болғандықтан, саламатты өмір салтына бейімделуді алғы мақсат тұтқан тәрізді. Үкімет аппаратында жұмыс істеп, аудан тізгінін енді қолға алған Асқар Әбдіғалиұлы алдағы жұмыс бағдарламаларымен де бөлісті. Белгілі тарихшы-ғалымдар жи­налғандарды ел өміріндегі жаңа­лықтармен таныстырды, Үкіметтің, Парламенттің халықтың әл-ауқа­тын арттыруға бағытталған мемле­кет­тік мәні зор бағдарламаларды жүзеге асыруынан хабардар етті. Рухани, мәдени салаларға қатысты мәселелер де сөз болды. – Бұл жолғы сапарымыздың мәні бөлек, айрықша, – деді К.Бұр­ханов. – Мен өз сөзімді ел өмі­ріндегі соңғы саяси оқиғадан бастағым келіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент қабылдаған Тұңғыш Пре­зидент, Ел Басы туралы заңна­маға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қоюдан бас тарту туралы шешімі халық сеніміне бас иетін азаматтың нар тұлғасын тағы бір айшықтады. Мұндай қадам екінің бірінің қолы­нан келе бермесі анық. Бәріміз үй­ренетін қасиет. Ел Тәуелсіз­ді­гі­нің алғашқы күндерінен Елбасы дұрыс саясат, айқын мақсат ұста­нып, елді адастырмай, қиын ке­зең­дерден сүріндірмей алып келе жатқанына бәріміз куәміз. Іргелі елдермен иық тірестіріп, тұрақты экономикалық дамуға батыл қадам басуымыз – тату тірліктің, мықты бірліктің арқасы. Осыдан екі жыл бұрын сіздердің Ақтас ауылында болып, 90 орынды сәулетті білім үйінің ашылу салтанатына қатыс­қан едім. Міне, тағы да жолым түсті. Бір үйдің баласындай өмір сү­ріп жатқан достық, татулық ахуа­лын көріп, шаттанып тұрмын. Бүр­кіт Гелманұлы да Пре­зиденттің заң­дарға қол қоюдан бас тарту ту­ралы мәлімдемесі халық, ұлт мүд­десін ойлау тұрғысынан жасалған өте пайымды да парасатты байлам екенін, қазақстандықтар онсыз да ұлт көшбасшысы санайтынын, мұндай ұстаным баяғыда-ақ қалып­тасқанын жеткізді. Сөз соңында ауыл жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты мәселемен жақ­сы таныс екенін, тиісті орын­дарға жеткізілгенін, бақылауда тұрғанын еске салды. Астаналық қонақтардың сөзде­рін Есіл аудандық мәслихатының хатшысы Бауыржан Шериязданов, Бұлақ, Тораңғұл мектептерінің директорлары Ғалия Аманжолова, Қымбат Тұралинова қолдап, Пре­зи­денттің бұл қадамын ерекше ри­зашылықпен атады. Біз әркез Ел­басымен біргеміз! Мемлекет бас­шысының саяси-экономикалық реформалары мен батыл баста­маларын бірауыздан мақұлдаймыз, – деді олар. Кездесу соңында жерлестері ту­ған жерге деген аялы қамқорлығын іс жүзінде көрсетіп, экономикалық, мәдени өркендеуіне тікелей атса­лы­сып жүрген Бүркіт Аяғанға “Аудан­ның құрметті азаматы” атағын беру туралы мәслихаттың шешімін жария етті. Арнайы куәлік пен төсбелгі табыс етілді. Бүкең өз кезегінде өзіне көрсетілген үлкен сенімге алғысын білдіріп, Прези­денттің балалық шағынан шынайы мемлекетшіл қайраткер тұлғасына дейін баяндайтын түрлі-түсті сурет­термен безендірілген кітаптың бірнеше данасын сыйға тартты. Тораңғұл, Бұлақ ауылдық ок­руг­терінде де өткен мұндай тағы­лымы мол кездесулерде ел мүдде­сіне талмай қызмет етіп келе жат­қан Елбасына деген ауыл тұрғын­дарының құрметі айқын сезілді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы. ЕҢ БИІК МӘРТЕБЕ ХАЛЫҚ ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ Президенттің жүрегі ха­лық деп, халықтың жүрегі Президентіміз деп соғып тұрған серпінді уақытта өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздіктің жиырма жылында өз халқын қақтыр­май, соқтырмай жарқын бо­лашағына қарай аман-сау алып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жақсы­лы­ғына қайтарым ретінде халық әрдайым оның амандығы мен абыройын ойлайды. Терең бағамдай алсақ, біздің Пре­зидентіміздің амандығы мен абыройын, асқан азаматты­ғын, ізгілікке негізделген өр­кениетті идеяларын, барлық халықтың бақыты дейтін белсенділігі үшін дүниенің төрт құбыласындағылар түгел тілейді. Өйткені, бәріне де олардың да арман-мүддесін, сұранымын қапысыз түсіне­тін, қолдау жасайтын Н.На­зар­баев сияқты өте сенімді, аса пәрменді серіктес керек. Әлем халықтарының дәл бүгін аңсап отырғаны адам құқы, оның мүмкіншіліктерін ашып, барынша бақытты ғұ­мыр кешуге мүдделілігі. Бұ­лары Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясатпен сәйкес келетіндіктен, оған деген ілтипаттары өзгеше. Ендеше, біз өз Елбасы­мыз­дың қадір-қасиетін тере­ңірек біле беруге, бастама­ла­рын тұрақты қолдап, бір ба­ғытқа қарап, бірге жүруге сөзсіз міндеттіміз. Ең бас­ты­сы, қазақ үшін жасап отырған тың қи­мыл-әрекетін әрі-бері тартқы­лап, бұра тартып, қара­дай қа­раулық жасау қасіретін қағып тастау дейтін кісілікті қаперде ұстау кімнің де парызы. Елбасы ненің ақылға, ұят­қа сыйымды, ненің сыйым­сыз екенін әділ көрсетіп бе­руімен ерекшеленеді. Қолдан даралануға ұмтылатын дара­қы­лыққа қаны қас. Ондай құбылыстар бізде аз болмаған. Президентіміз кезінде арнайы жарлықпен “халық жазушы­сы”, “халық әртісі” дейтін атақ­тардың қолдан жасалған мәртебе екенін айтып, оның заңды күшін жойған болатын. Осы туралы өзінің бір сөзінде Хемингуей, Шекспир ондай заң­дастырылған атақсыз-ақ әлем халықтарының жазушы­сы болып отырғанын атап көрсет­кен. Бұл өз кезегінде “халық жазушысы” атағын алу кезе­гін­­де тұрғандарға соққы, былайғыларды сүйсіндірген өте әділ шешім еді. Енді, міне, Президент: “Ел Басы мәрте­бесін тек заңдармен, декрет­тер­мен немесе өзге де құ­қықтық актілермен белгілеуге болмайды деп есептеймін” деп қасиетті де өсиетті шешім қабылдады. Нұрсұлтан Назар­баев онсыз да қазақ мем­лекетінің тарихында өшпес тұлға ретінде, тәуелсіз Қазақ­стан Республикасының тағ­ды­рындағы өлшеусіз еңбек сі­ңірген басшы ретінде қалмақ. Біз әлі жеке азамат­тық этика сұранымымен өмір сүруге жаппай ден қойып жүрген жоқпыз. Көбіміздің алдымызда “Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар” ұста­нымы тұр. Әсіресе, бұл біраз шенеуніктерге тән. Сон­дық­тан олар шыр айналып отба­сылық мүддеден шыға алмай жүр. Сондай кезде Президент­тің өз отбасы туралы: “...бар­ша қазақстандықтар сияқты ел азаматтарын теңестіретін бұлжымас заңға бағынуға тиіс”, деп әлгіндей ой-өрісі тар шенеуніктерге тарихи сабақ берді. Сөйтіп, өзін, өзгені, тұтастай алғанда, мем­лекетті қадірлей білетін баршаның мәртебесін көтеріп тастады. Білгенге Прези­денттің бұл шешімдері қоғам­ды азаматтық мәдениетке, ұлттық өркениетке, адамгер­шілік жасампаздыққа тәр­биелейді. Елбасымыз өсіп-өркендей беретін мемлекет үшін биліктің ұшар басынан да биік тұратын ұлы құбылыс – ұлттық ең биік мәртебе – Халық екенін көрсетті. Ол осысымен де заңғар, халқына жақын, ардақты да абыройлы. Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері. Жамбыл облысы. КӨПШІЛІК ТІЛЕГІН ЕСКЕРГЕН ДЕ ЖӨН ЕДІ Қазақ халқының армандап, аңсап жеткен тәуелсіздігінің баянды болуында Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан зор. Егемен­дік алған 19 жылдың ішінде Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік-саяси тұрғыдан ілгерілеуі әлемдегі қарқынды дамыған елдермен деңгейлесті. Этносаралық қарым-қатынастар тұрақтылығының арқасында тарихи қадамдар жасалып, Қазақстанның дүние жүзіндегі беделі арта түсті. Сөйтіп, талай сындарлы сәттерден сүрінбей өттік. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деп айтқан халқымыздың дана сөзін ұстанған Елбасымыз көпэтносты Қазақстан халқын бір шаңырақтың астында берекелі бірлікке жетелеп, жаңа белестерге құтты қадам жасап келеді. Мен ауыл шаруашылығының ардагері­мін. Саналы ғұмырымды туған жерімнің өркендеуіне арнадым. Көк байрағы жел­біреген тәуелсіз еліміздің жақсылықтары­ның куәгерімін. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, қиын кезеңдерде халық­қа жігер беріп, елдің көшбасшысы ретінде Н.Назарбаев еңсемізді көтеріп, көрегендік пен кемеңгерлік танытты. Жақында Сенат және Мәжіліс депу­таттары “Ел Басы” мәртебесін заңдастыру туралы Парламенттің шешімін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынды. Осыған орай Нұрсұлтан Әбішұлы Қа­зақ­стан халқына, Қазақстан Республика­сы­ның Парламентіне, “Нұр Отан” халық­тық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнау жолдап, Мемлекет бас­шысына қосымша өкілеттіктер беру үшін жіберілген заңға қол қоюдан бас тартты. Ал менің ойымша, ел мүддесіне аянбай еңбек етіп жүрген Қазақстанның адал перзенті ретінде заңға қол қойса да еш сөкеттігі жоқ еді. Өйткені, мұндай заңнама еліміздің ертеңі үшін қажет болуы ықти­мал. Менің бұл пайымымның дұрыстығын заңды қуаттап көптеген ел тұрғындарының Парламентке өздерінің ұсыныстарын жолдағандары да айғақтай түседі. Хош, сонымен Президент шешім қабылдады. Заңға қол қоюдан бас тартты. Бұл – Мемлекет басшысының өз құқы. Ең бастысы – Елбасының еліміздің тәуелсіздігін баянды ету жолындағы батыл да батыр қадамдарына сәттілік тілейік. Кәкімжан КАРБОЗОВ, Жангелдин аудандық  мәслихатының депутаты. Қостанай облысы.