Бұған дейін барыстықтар төрт мәрте қатарынан жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алған еді. Салдарынан 50 ойыннан кейін 40 ұпаймен «Шығыс» конференциясында соңғы 12-орында тұрған-ды.
Уфалықтарға қарсы ойынды жерлестеріміз белсенді бастады. Нәтижесінде, елордалық ұжым сапынан Дмитрий Гурков 6-минутта мергендік танытты. Ойынның 21-минутында Кирилл Савицкий есепті үстемелей түскенімен, 40-минутта «Салават Юлаев» хоккейшісі Михаил Науменков көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ал 49-минутта Николай Кулемин тіпті есепті теңестіріп кетті. Осылайша, негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Ал буллитте «Барыстың» жолы болды.
Осы жеңістен кейін «Барыс» командасы «Шығыс» конференциясында бір саты жоғарылап, 52 ұпаймен 11-орынға жайғасты.
Енді Олег Болякиннің шәкірттері 19 қаңтарда – ЦСКА (Мәскеу) командасымен, 22 қаңтарда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.