Ұстаз • 17 Қаңтар, 2024

Мәртебелі мұғалім

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өмірде жүрегі қалаған мамандығын жаңылыспай тауып, кәсіби шеберлік шыңына шыға білгендіктен, жасы егде тартса да жастардан қалыспай, жан­қияр­лықпен еңбек етіп жүрген майталмандар аз емес. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мек­тебінің жоғарғы санатты қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұға­лімі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері Қасым Нұрғалиев.

Мәртебелі мұғалім

Ол мектеп табалдырығынан аттап, сауатын ашысымен ауыл кітапхана­сындағы ертегі-дастандар мен балаларға арналған көркем шығармалардың бәрін бастауыш сыныптарда оқып тауысқан. Сондықтан болар жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қақыжан Бейсеновтің сүйікті шәкіртінің бірі болды. Болашақта сол ұстазы сияқты мұғалім болуды армандады. Алайда кеңес өкіметі тұсында еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылып, орысша оқытуға көшіріліп жатқандықтан, Дәуқара ауылына жақындау орналасқан Көкшетау мен Петропавл қалаларындағы педагогика институттары қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлаумен айналысқан жоқ. Ал ондай жоғары оқу орындары бар шалғайдағы Қарағанды және Алматы қалаларына барып, оқуға түсуге Қасымның отбасылық жағдайы мүмкіндік бермеді. Амалсыздан Көкше­тау қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын алып шықты.

Кеңшарда қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер болып істеп жүрген кезінде республикамыз өз егемендігін жариялап, солтүстік өңірлерде ана тілімізді қайта өркендету шаралары қолға алына бастады. 1991 жылы Көк­ше­таудағы Ш.Уәлиханов атындағы педагогика институтында қазақ тілі мен әдебиеті факультеті ашылды. Осы жағымды хабар құлағына тиісімен кеудесіндегі бала арманы қайтадан атойлап шыға келді. Дереу аталған факультеттің сырттай оқыту бөліміне құжат тапсырды.

Сөйтіп, ұстаздық жолын 35 жасында бастайды. Тек сабақ берумен шек­тел­мей, өлең жазып, Қожаберген жы­рау, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсіреповтің мерейтойларына арнал­ған облыстық мүшәйралардың жүл­дегері атанды. Бұған қоса ауыл бала­ларының бойындағы ақындық пен айтыс өнерінің көзін ашуға тырыс­ты. «Орынбай, Ақан сері, Үкілі Ыбы­рай, Мұса, Кәкімбек сынды ақиық ақындар шыққан Айыртау өңірінде ақындық пен айтыс өнері ұмыты­ла бастағаны намысымды қамшылады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Дәуқара орта мектебінің жанынан Ақындық мектеп аштым. Нәтиже­сінде, шәкірттерім Айыртаудың да, Қы­зыл­жар­дың да атын шығара баста­ды», де­ді Қасым Нұрғалиұлы. Ол ұс­таз­дық еткен 32 жыл ішінде 25 шә­кір­ті өзі­нің жолын қуып, қазақ тілі мен әде­биеті пәндерінің мұғалімі атан­ған екен. Қазіргі кезде 5 оқушысы осы ма­ман­дықты мемлекеттік грант арқы­лы меңгеріп жүр. Ауыл ұстазының «Шы­­ғар­машылық жұмыстар арқылы оқу­шы­лардың тіл мәдениетін дамыту» тақырыбындағы әдістемесі 2018 жылы облыс мектептеріне таратуға ұсынылған.

«Мен әдебиеттен гөрі математика пәнін сүйіп оқып, өскенде прокурор болуды армандап жүр едім. Бірақ Қасым ұстазым мені бесінші сыныптан ақындыққа тәрбиеледі. Сөздік қорымды байыту үшін көркем шығарма оқытып, қисса-дастан­дар­ды, өлең-жыр­ларды жаттатқызды. Байқаудан жүлде­гер болып келсем де, тоқмейілсіп кетпесін деп, үнемі қарсыластарымды мақтап, мені қайрап отырды. Ақындық өнермен қатар, өмірде жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды, обал мен сауапты айыруды үйретті. «Жүрегіңде өлеңің барда, әрдайым орның төрде болады» деген сөзін қазір елдің ықы­ласына бөленіп, қошеметін көріп жүрген кезде түсіндім», дейді Қасым Нұрғалиевтің шәкірті, мұғалім, айтыс­кер ақын, «Қазақ тілі» Халықаралық олимпиадасының жеңімпазы Мұхам­мед Қоңқаев.

Ол – туған ауылының көкейкесті мәселе­лерін шешуге де аянбай атсалы­сып жүрген белсенді азамат. Мәсе­лен, Дәуқарадан аудан орталығы – Саумалкөлге баратын автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу мәселесін билік органдарының алдында талай көтеріп, ақыры оң шешілуіне қол жеткізді. Ауылдағы алқалы жиындарда сөз бастаушы да – Қасым Нұрғалиұлы. Орны – әрдайым төр. Жуырда оған Айыртау ауданының Құрметті азаматы атағы берілгендігі де – лайықты құрмет. Ал мектеп басшылығы бүгінде жасы жетпіске таяп, ауыл ақсақалы атанған ардақты ұстазды зейнет демалысына жіберуге қияр емес.