Форум • 18 Қаңтар, 2024

Давос форумы: Жаһан экономикасы еңсе тіктей ме?

164 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

XX ғасырдың 70-жылдары неміс экономисі Клаус Шваб негізін қалаған Дүниежүзілік экономикалық форум осы аптада кезекті жұмысын бас­тады. Форум жаһандық проблемалардың шешімін табу мақсатында мемлекет пен жеке сектордың күш біріктіруін мақсат тұтады. Форум ұдайы Давоста өтіп келеді және осы жолы да дәстүрінен айныған жоқ. Биыл жетекші саясаткер, ғалым, экономист, сарапшы мамандар жасанды интеллект, әскери қақтығыс пен соғыс, климаттың өзгеруі және жұмыссыздық проблемаларын талқылайды.

Давос форумы: Жаһан экономикасы еңсе тіктей ме?

«Жыл басында біз әлемнің жай-күйін жүйелі және стратегиялық тұрғыдан талдау үшін жиналамыз. Тиісінше, ахуалға оңынан әсер етудің жалпы негізін табамыз деп үміт­тенеміз», деді форумды ашқан атқарушы төраға Клаус Шваб.

Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйеннің айтуын­ша, дәл қазір жа­һандық ынты­мақ­­тастықты ­бұрын-соңды бол­ма­­­ған деңгейде ­ын­таландыру қажет. «Еу­ро­пада осы жаһандық ын­ты­мақ­тастықты нығайтудың біре­гей мүмкіндіктері бар» деп есеп­тей­ді ол.

Келген қонақтардың алдына төрт негізгі түйткіл талқы ететін тақырып ре­тінде тартылмақ. Олар:

  • Бытыраңқылыққа ұрынған әлем­дегі қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­тық;
  • Жаңа дәуірде жұмыс орындары және өсіммен қамтамасыз ету;
  • Экономика мен қоғамның қоз­ғаушы күшіне айналған жасанды интеллект;
  • Климат, табиғат және энергия үшін ұзақмерзімді стратегия.

«Форум жүргізген сауалнамаға қатысқан жетекші экономистер ж­а­һан экономикасының өсімі барынша байыпты және шашыраңқы өрістеп жатыр деп есептейді. Бұл өз кезегінде құбылмалылық пен бел­гісіздікке әкеліп соқтырады. Олар геосаяси түйткілдер мен әлем эко­номикасының бөлшектенуі жал­ғаса береді деп болжайды. Өңір­лік айырмашылықтар ұлғайып, бел­гісіздік жақын болашақтағы бол­жамдарға көлеңке түсіре бастады, ал әлемдік экономика қатаң ақша-кредит саясаты мен түрлі қақты­ғыс­­тың салдарымен күресті жал­ғас­ты­рып жатыр», дейді сарапшылар.

Сауалнамаға қатысқандардың 56 пайызы 2024 жылы әлем экономикасы әлсірейді деп жауап берген. Бірақ 70 пайыздан астамы еңбек нарығы мен қаржы жағдайы жақсарады деп ойлайды. 77 пайыз респондент Еуро­падағы экономикалық өсімнің әлсіз қалыптасатынын болжаған. Бұл – бүкіл өңір бойынша болжам ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Оның есесіне сарапшылар Оңтүстік Азия мен Шығыс Азиядағы экономикалық өсім аса күшті болады деп күтеді. Сонымен қатар мамандар жасанды интеллект экономикаға кіріге түседі және осы саладағы тиімділікке ті­келей әсер ете бастайды деген па­йым­дарын білдірген.

«Жалпы шолу қазіргі эконо­ми­калық ахуалдың сенімсіздігін көр­сетеді. Жедел жүріп жатқан бытыраң­қылық үдерісі әлем экономикасы үшін сынақ болып тұр. Әлемдік инфля­ция төмендегенімен, өсім ке­шеуіл­дейді, қаржылық жағдайлар қатал болып қалады, жаһандық шие­ле­ніс күшейіп, теңсіздік күше­йеді», дейді форумның басқарушы директоры Садия Захиди.

Жиналғандардың жартысынан көбі биыл әлем экономикасының өсім қарқыны біршама баяулайтынын болжайды дегенді айттық. Сондай-ақ қалған сарапшылар әлемдік ішкі жалпы өнім 2023 жылғы деңгейінде қалады немесе тіпті жылдамдауы да мүмкін дейді. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, 2024 жылы әлем экономикасы 2,9 пайызға өседі.

Жалпы, қатысушылар көптеген сеңбұзар тақырыпты қозғап, келелі ойларын ортаға салды. Атап айт­қан­да, сарапшылар заң үстемдігі, жемқорлықпен күрес, сот жүйесінің тәуел­сіздігі секілді мәселелерді тал­қы­лады. Дәл осы құндылықтар ашық­тық пен әділетке жол ашады дейді. Сонымен бірге олар кейінгі жылдары әлемдік дамудың бір ізге түспей тұрғанын айтып, еркін сауданың тапшы ресурсқа айналып бара жатқанын да меңзеді. Форум 19 қаңтарға дейін жал­ғасады.