Сараптама • 17 Қаңтар, 2024

Орталық Азия табиғи апаттарға дайын емес

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банк сарапшылары Орталық Азия (ОА) елдері табиғи апат тәуе­кел­дерін қаржыландыру үшін мемле­кет-жекеменшік серіктестікті дамытуға тиіс деп санайды.

Орталық Азия табиғи апаттарға дайын емес

ФОТО: turaninform.kz

«1966 жылы жер сілкінісі кезінде Ташкент жермен-жексен болды. Апат салдарынан жүздеген ғимарат қирады. Кеңес республикалары жаппай көмекке ұмтылып, адамдарды үйінді астынан алып шығуға, үйлер мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге көмектесті. Қала 3-5 жыл ішінде қалпына келтірілді. Сол кезде Ташкент Орта Азияның жауһарына айналды. Қаладағы құрылыс жоғары қарқынмен жүріп, халық саны артып, ел экономикасына ерекше серпін берді. Кейінгі онжылдықта осы үш фактор шаһар бейнесін түбегейлі өзгертті. Ташкенттің өсуі аймақтың ең сейсмикалық белсенді аймақтарының бірінде жүріп жатыр. Дамуы сейсмикалық тәуекел­дер­мен байланысты Орталық Азияның басқа да қалалары бар. Мәселен, Бішкек, Душанбе, Алматы және тағы өзге де шаһарлар. Жалпы алғанда, Ор­та­лық Азия елдері табиғи апаттарға дайын емес», деп түйіндейді Дүниежүзілік банк.

Жер сілкіністерінен басқа, ОА-да жыл сайын су тасқыны, көшкін, сел және өрт жиі болады. 2000 жылдан бастап аймақтағы табиғи апаттардан 10 миллионға жуық адам зардап шекті, келтірілген залал 2 миллиард доллардан асты. Климаттық өзгеріс салдарынан табиғи апат та жиілей түсуде және салдары бұрынғыдан да ауыр болмақ, деп болжайды ғалымдар.

Табиғи апаттардан туындаған күйзелістерге төзімділік өте маңызды. Үкімет тиісті оңтайлы шешім­дер қабылдай бастаған кезде ғана орнық­тылық артады. Орнықтылық үш компоненттен тұрады: физикалық, әлеуметтік және қаржылық.

Қаржылық тұрақтылық немесе табиғи апаттар тәуекелдерін қаржыландыру – бұл экономикалық тиімділікті қамтамасыз ете отырып, табиғи апаттан кейін пайда болатын шығындарды қаржылық басқаруға бағытталған дайындық тәсілі.

«Орталық Азияда үкіметтер өз бюджеттеріне көп сенім артады: табиғи апаттар болған кезде қаржы министрліктері өздерінің резервтік қорларын пайдаланады, бюджеттік ресурстарды қайта бөледі, шекті деңгейде несие алады және шетелден ынтымақтастық желісі бойынша қаражаттың тез түсуіне үміттенеді. Алайда мемлекеттік сектор мұндай қиындықпен жалғыз күресе алмайды. Табиғи апатқа байланысты туындаған шығындарды қаржыландыруға жеке сектор мүлде араласпайды десе болады. Сақ­тандыру ауқымы төмен, 10 пайыз деңгейіне де жетпейді, ал нарық капиталы дамымаған», дейді сарапшылар.

Табиғи апаттан міндетті сақтандыру бағдар­ламасын ОА-да алғаш болып Қырғызстан 2015 жылы қабылдады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Мемлекеттік сақтандыру ұйымы құрылды. Енді үкімет мемлекет-жекеменшік пулды қалып­тас­тырып жатыр. Бағдарлама өз потенциалына жету үшін оған әлі де қолдау қажет.

«Орталық Азияның өзге елдері қаржылық дайындық мәселесін зерттеуге енді кірісті. Тәжік­стан табиғи апаттар тәуекелін қаржыландыру стратегиясын қабылдады және қазір табиғи апат резервтік қорын құруды қарастырып жатыр. Өзбекстан табиғи апаттарды қаржыландыру стратегиясын қабылдауға дайындалып жатыр. Халықаралық қаржы мекемелері бұл елдерге кадрлық әлеуетті арттыру және талдау жасау бо­йынша көмек беруге дайын», дейді ДБ.

Олардың пікірінше, Орталық Азия елдері тәуекелдерді бөлуді және апатты облигацияларды қарастыруы мүмкін. Тәуекелдерді бөлу әртүрлі қаржыландыру көзін үнемді біріктіру үшін үлкен маңызға ие. Қарастыруға лайық тағы бір шешім – табиғи апаттарды қаржыландыруға қатысты мемлекет-жекеменшік серіктестік. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі табиғи апаттан зардап шеккен үй шаруашылықтарына жедел, жеткілікті төлемдерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік және жеке қаражатты пайдаланатын тәуекелдер пулы немесе бірінші шығын қоры (мысалы, Қырғызстанда) түрінде болуы мүмкін. Бұл ірі жер сілкінісі ке­зін­де елдің мемлекеттік бюджетке тәуелділігін тө­мен­детуі мүмкін.

Бұл орайда олар Түркия тәжірибесін мысалға келтіреді. 23 жыл бұрын ел үкіметі апатты тәуекел­дерден сақтандыру қорын құрды, оның қыз­мет­терін 2023 жылға қарай барлық үй шаруашылығының шамамен 50 пайызы пайдаланды. Жойқын жер сілкінісінен кейін төлемдердің көпшілігі бірнеше ай ішінде төленді.

«Мемлекет-жекеменшік әріптестігі ше­шімдері табиғи апаттардан кейін мемлекеттік бюджетке шамадан тыс тәуелділікті азайтумен қатар, төлем үдерісін тезірек, ашық және мақсатты ете алады. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі табиғи апаттар тәуекелдерін сенімді қаржыландыру үшін өте маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, үлкен күй­зеліс жағдайында мемлекеттік те, жеке сектор да қаржылық салдарды өз бетінше жеңе алмайды. Тұрақты экономикалық өсу мен жылдам урбанизацияны ескере отырып, МЖӘ Орталық Азиядағы табиғи апаттардан кейінгі әсерді басқару шешімдерінің ең озығы болып тұр деуге негіз бар», делінеді сараптамада.