Саясат • 18 Қаңтар, 2024

Шектеулерді алу талқыланды

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресей Премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук екіжақты сауданың қордаланған проб­лемалары талқыланды.

Шектеулерді алу талқыланды

ФОТО: primeminister.kz

Күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер – өзара саудадағы бірқатар шектеу­ді алып тастау және «Ресей-Беларусь» шекарасында қазақстандық тасымалдаушыларды өткізу болып отыр. Тараптар ресейлік шошқа етінің Ресей Федерациясынан Қазақстан арқылы өтетін транзитінің ашылуына және 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап Ресей Федерациясына қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қойыл­ған шектеулердің алынуын оң бағалады. Қазір екі тарап та ветери­нария­дағы күрделі мәселелерді шешуге мүм­кіндік беретін ақпараттық жүйелер­дің  интеграциялауына бет бұрып отыр.

Ресей тарапы Қазақстанға Ресейдің сауда желілеріне тауық жұмыртқаларын жет­кізуді арттыру туралы өтініш жасады. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселені қысқа мер­зімде қарауды және қазақстандық өнім­ді Ресей Федерациясының шекаралас ай­­мақ­тарын­а жеткізуді арттыру мүм­кін­ді­гін із­деуд­і тапсырды. Сондай-ақ өнер­кәсіп­тік қ­ауіп­сіздік мәселелерінде шешім қа­­был­дауда икемділік қажет екенін атап өтті.

Қазақстанда отандық құс фабрика­ларының жұмыртқамен қамтамасыз ету деңгейі 2022 жылы халық қажеттілігінің 102%-ын құрады. 2023 жылдың 11 айында Қазақстан Ресейге, Ауғанстанға және Қырғызстанға шамамен 186,6 млн дана тауық жұмыртқасын экспорттағанын айта кеткен жөн.

2023 жылғы 26 қаңтарға жоспарлан­ған ЕЭК Кеңесінің отырысы қарса­ңын­да тараптар «Ресей-Беларусь» шекара­сындағы қазақстандық жүк көліктерінің кешігу жағдайын реттеу үшін Мәскеуде кеңейтілген құрамда тағы бір екіжақты кездесу өткізуге келісті.

Белгілі болғандай, 2023 жылдың 12 желтоқсанында Ресей мен Беларусь азаматтары болып табылмайтын азаматтар үшін «Рудня» өткізу бекетіндегі өткел толығымен жабылды, ал 2024 жылдың 8 қаңтарында осы аталған шектеу қалған екі «Қызыл» және «Қызыл тас» өткізу бекеттеріне де таралды.

Қазір Ресей тарапының көмегі­мен «Ресей-Беларусь» шекарасын­дағы жағ­дай басқа өткізу пункті арқылы жүк ағын­дарын қайта бағыттауға мүмкін­дік бер­ді. Көліктердің негізгі бөлігі шекарадан өтіп үлгерді. Навига­ция­лық пломба­лар­ды электронды түрде рәсімдеуді қажет ете­­тін жүктермен қиындықтар туындады.

Тараптар жағдайды тезірек шешу үшін барлық қажетті шараны қабыл­дауға келісті. Келіссөздер ЕЭК Кеңесі­нің отырысы қарсаңында Мәскеу­дегі екі­жақты кездесу шеңберінде жалғасады.