Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сұхбат маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмай, қоғам өмірінің барлық саласын қамтып, барынша жатық, түсінікті тілмен толыққанды берілген. Президент ұлт мүддесі ешқашан естен шығарылмайтынын жұртшылық назарына жеткізді. Халық арасында түрлі көзқарас, түрлі пікір туғызған Қаңтар оқиғасы туралы, Қазақстанға Ресейдің әскери қызметшілерін шақыру туралы қойылған салмақты сауалға Президент
егжей-тегжей тоқталып, сол бір дүрбелең қасіреттің басталуы, етек алып өрбуі, қандай қиын сындарлы сәттерді бастан кешуге тура келгені туралы кеңінен әңгімеледі. Қаңтар оқиғасы кезінде егемендігіміз ғана емес, елдігімізден де айырылып қала жаздадық. Осындай сындарлы уақытта Мемлекет басшысы табандылығы мен қайсар мінезінің, батыл шешімдерінің нәтижесінде, қайсарлылық танытып, елдігімізді, егемендігімізді сақтап қалды.
Сұхбат барысында еліміздегі саяси реформалардың 2019 жылы басталғаны, саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасқаны айтылды. Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық сот қайта қалпына келтірілгені сөз болды. Экономика бағытында да келелі ой айтылды. Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары жарияланғаны, маңызды міндет – инвестиция тарту, қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түсіп, жаңа мүмкіндіктер пайда болатыны сөз болды. Соған орай, Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойылғанын жеткізді. Президенттің тапсырмасымен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатқаны айтылды. Мемлекет басшысы Салық жүйесін жетілдіру, жаңа Бюджет кодексі тұрғысында өз ойын жеткізді.
«Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» тақырыбын арқау еткен сұхбат ел өміріндегі көптеген түйткілді мәселені қамтыған. Сұхбаттың парасатты әрі пайымды түйіні бәріміздің ойымыздан шығып, көкейдегіні жеткізгені ақиқат. Біз де сұхбаттағы пікірлерге толығымен қосыламыз, құптаймыз, қолдаймыз. Әділетті Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсысымыздың негізгі азаматтық борышымыз.
Сыр өңірінде кейінгі жылдары атқарылып жатқан жұмыстар елдегі бірлік пен берекені танытады. Аймағымыздағы ана мен балаға деген қамқорлық, денсаулық, білім саласындағы жетістіктерді атап айтуға болады. Салынған және жақында іске қосылатын Өнер орталығы, Отбасы орталығы, мектептер, дарынды балаларға арналған арнайы мектеп, Қан орталығы, жөнделіп жатқан жолдар, тап-таза қала келбеті бәрі-бәрі – облыс басшысының Президент тапсырмаларын орындаудағы, әділетті Қазақстан жолындағы нәтижелі еңбегі. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысының дамуы Мемлекет басшысының ұстанымын, жарқын идеяларын жүзеге асыруда әлеуетті деуге болады.
Қылышбай БИСЕНОВ,
академик,
Ұлттық құрылтай мүшесі