Балалық шағы Арыс өзенінің жағалауында өткен Әділ Сұлтанбекұлы жастайынан алғыр болып өседі. Өзімен тете өскен інісі Омар да орысшаға жетік болған. Әкесі Сұлтанбек күнкөріс қамымен ояздың арбасын айдайды. Өзі қарапайым жұмысшы болса да балаларының білім алып, қызметке араласқанын құп көрген, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Білімнің алғашқы негізін өз ауылындағы мектептен алған бала Әділ он төрт жасқа толғанда, әкесі оны Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне алып барады. Алғыр бала медреседе үздік оқып қана қоймай, ізбасар інілерінің де білім алуына ықпал етеді. Інісі Омар мен туысқан інісі Бекжанды осы медресеге оқуға түсіреді. Өзі оқуды бітірген соң Түркістан ояздығына тілмаш болып жұмысқа орналасады. 1917 жылы Түркістан ояздығының аты өзгеріп «Түркестанский уездной комитет» болады да, оның бірінші орынбасары болып Әділ Сұлтанбекұлы тағайындалады. Осылайша, жиырманың о жақ-бұ жағындағы балаң жігіт алғырлығымен, білімдарлығымен көзге түсіп, ауыл-елдің бетке ұстар азаматына айналады. Кейбір деректерде Әділ Сұлтанбекұлы сол кездері Түркістан атты әскерінде саяси басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарған Нәзір Төреқұловпен жақын араласқан. Өзі сияқты алғыр да білімпаз достарының ықпалы болған шығар, 1918 жылы Әділ Сұлтанбекұлы Сырдария губерниясына, досы Абдулла Жармұхаммедов Каттақорған қаласына ішкі істер мекемесінің бастығы болып тағайындалады. 1921 жылы Нәзір Төреқұлов Түркістан орталық атқару комитетінің төрағалығына сайланады да, Әділ Сұлтанбекұлы араға бірер жыл салып Өзбек АССР Жоғарғы соты орыс тілі бөлімінің бастығы болады. Жауапты қызметті атқара жүріп сол жылдары мемлекетаралық шекараны белгілеуге қатысып, Ташкент қаласы шекараның арғы бетінде қалып бара жатқанына шырылдап, Мәскеуге қайта-қайта хат жазады. Бірақ оның бұл әрекетінен ешқандай нәтиже шықпайды, қайта шамадан тыс ұлтшылдығымен көзге түсіп, қара тізімге ілігеді. Көп өтпей-ақ бұл «еңбегі ескеріліп», Жоғарғы соттан шеттетіледі. Алайда іскер маманды мүлдем жұмыссыз қалдыруға болмайтынын ескеріп, Хорезм облысының соты ретінде төмендетіп жібереді. Қайда жүрсе де өзінің ұлтына қызмет етуден тайсалмайтын, қайта оны өзіне өмірлік мұрат еткен Әділ Сұлтанбекұлы 1930-1931 жылдарда қуғын-сүргінге ұшыраған Қарағандының қазақтарына көмектеседі. Бас сауғалап бара жатқан көш Тәжікстанның құзырлы органдарының қолына түсіп қалса керек, отыздан астам түйесі мен бар байлығын тәркілеп, өздерін қамап тастағанын естігенде, арттарынан іздеп барады. Құзырлы органдардың қолында қамауда отырған қандастарына араша түсіп, тиісті басшыларына жолығып, ұзақ келіссөзден кейін бәрін босатып алады. Көнекөз қариялардың айтуынша, босап шыққан керуеншілер жиналып кім босаттырғанын, қалай босағандарын біліп, өзара келісіп, оған құрмет көрсеткен деседі. Керуен басы қасына екі-үш адамын алып, бір түйені жүгімен жетектеп Әділ сотқа барады. Рахметін айтып: «Сен болмасаң бізді соттап, қамалып кете берер едік, мына түйені жүгіменен саған сыйға беруге ұйғардық, сені бізге Құдай жеткізген шығар», деген екен. Сонда Әділ Сұлтанбекұлы: «Біріншіден, біз үкіметтің адамымыз, яғни қызметіміз үшін үкімет ақы төлейді. Екіншіден, өз қандастарымыздың басына іс түскенде, қол қусырып қарап отыруға арым жібермеді. «Қарағандылық қазақтар қамауда отыр екен» дегенді естігеннен қалай да құтқарып қалудың қамына кірістік. Ол үшін ешқандай құрмет те, сый да дәметпеймін. Қайта өз қандастарыма қызмет еткеніме қуаныштымын», деген екен. Арнайы ала келген сый-сияпатын ауылдағы қиналып отырған қандастарға үлестіріп беруге кеңес береді.
Қызмет істей жүріп «Ташкентті қазаққа қайтарамын» деп жоғарыға хат жазуды тоқтатпайды. Сол кездегі оқымысты, белсенді азаматтар Нәзір Төреқұлов, Абдулла Жармұхаммедов (Қазақ энциклопедиясында Ярмұхаммедов деп жазылған) Сұлтанбек Қожанов, Нұртас Оңдасынов, Иса Ақынбеков сияқты басқа да азаматтармен тығыз байланыста ел мүддесі үшін тізе қосып әрекет еткен. Әділ Сұлтанбекұлы Хорезмнен кейін Жызақ облыстық сотының төрағалығына ауыстырылады. Аталған облыста қызмет еткен кезінде де әділдігімен аты шығып, ел арасында зор құрметке бөленген.
Ауылдастары оның ат бәйгесіне, ұлттық ойындарды насихаттауға да ерекше қызығушылық танытқанын айтады. Мал бағып өскен бала ғой, ат ұстап, көкпар шауып, «Әділдің сары аты» деген атын көкпарға қосқан екен. Ташкентті қазаққа қайтарамын деп тынымсыз жаза берген соң, Жызақ облысы сот төрағалығынан шеттетіп, «Мақтаарал дайындау» мекемесіне басшылыққа жібереді. 1937 жылы одан да түсіріп, «халық жауы» деп қудалап, қамауға алады. НКВД-ның үштігі ұзақ ұстауға қорқып, «сауатты, орысша-қазақша таза жаза да, сөйлей де біледі, өзі заңгер, заңды жақсы меңгерген. Босап кетер болса, басымызға бәле болады», деп атуға үкім шығарып, отбасы, туысқандарымен қоштасуға да мұрша бермей, ертесіне аттырып жібереді. Әдетте атуға үкім шыққан соң отбасы, туысқандарымен қоштасуға он-он екі күн рұқсат береді екен. 1962 жылы Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандары он жылға Өзбекстанға жалға берілуіне байланысты 1964 жылы Өзбек КСР-інің прокуратурасы Әділ Сұлтанбекұлын ақтап газетке шығарды. Бірақ өкінішке қарай, ол күндерді көру бақыты оған бұйырмапты. Есімі ескерусіз қалып бара жатқан тұлғаның рухына тағзым ете отырып, оның есімін жаңғыртып қоюды жөн көрдік. Солардың аттарын елге дәріптеп, жаңғыртып, ауылға, мектепке, көшеге берсек, келешек ұрпаққа көрсеткен өнегеміз болар еді.
Камалбек ОРТАЕВ,
Журналистер одағының мүшесі