Туризм • 18 Қаңтар, 2024

Самарқанға саяхат

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қалалық Ардагерлер кеңесінің жоспарына сәйкес былтырғы жылдың аяғына таман 50 ардагер Самарқан қала­сына саяхат жасап қайттық.

Самарқанға саяхат

Ардагерлер кеңесінің төр­ағасы К.Әбдікешованың ұйым­дастыруымен ардагерлерге «Дми­трий И» компаниясынан Өз­бекстан шекарасына дейін өте жайлы автобус бөлініп, шекарадан өткен соң келісімшартқа отырған компанияның жайлы көлігімен Самарқан қаласына жеттік. Екі күндік сапар барысында қаланың тарихи, мәдени ескерткіштерімен таныстық. Саяхаттың бірінші күні өз дәуірінде жарты әлемді жаулаған падишах, ұлы жиһангер Әмір Темір жерленген «Гур-Эмир» кесенесін араладық. Ерекше архитектуралық үлгімен салынған, ішкі ою-өрнектері түгелдей алтынмен апталған бұл кесенеде оның ұлдары Шахрух пен Миран-шах және немересі Ұлықбек жерленген. Келесі саяхат нысаны қаланың орталығындағы «Регистан» алаңы болды. Мұнда бабамыз Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы салдырған «Шердор», «Тилла қадир» және Ұлықбек медреселері орналасқан. Бұл 3 медресе де әлемге өз архи­тектуралық ерекшелігімен танымал. Әрқайсысы әр кезеңде салынса да, бірегей ансамбль болып, біздің заманымызға баға жетпес бабалар мұрасы ретінде жетіп отыр. Қаладағы қайталанбас тарихи ескерткіштердің бірі әрі бірегейі – «Биби-Ханум» мешіті. Әмір Темірдің сүйікті жары, Моғолстан мемлекетінің ұлы ханы Тоғылық Темірдің қызына арнап тұрғызылған сәулет өнерінің туындысы ардагерлерді ерекше әсерге бөледі.

Осымен бірінші күнгі экскурсиямызды аяқтап, кешке қарай жайлы қонақүйге келіп демалдық. Келесі күні ардагерлер Әмір Темірдің ең жақын адамдары мен Орта Азияға белгілі тұлғалар жерленген «Ша­хи Зинда» зират-пантеонына келдік. Бұл әлемге әйгілі қорымда Мұхаммед пайғамбардың немере ағасы Кусама ибн Аббас сахабаның кесенесі ерекше орын алады екен. Зират-қорым ХІ ғасырдан бері осы кісінің құрметіне «Шахи Зинда» (тірі Шах) деп аталған. Осынау ұлы әруақтар жатқан қасиетті орында Тараз қаласының ардагерлері атынан арнайы Құран оқылды.

Келесі барған тарихи орын «Ұлықбек» обсерваториясы деп аталады. Кешеннің алдында әмір әрі ғалым Ұлықбектің ең­селі ескерткіші орнатылған. Ескерт­кіш алдына естелікке суретке түсіп, ұлы ғалымға бағыштап құран оқыдық. Кезінде діндарлар тал­қандаған обсерваторияның қал­дығын көріп болған соң, Өз­бекстан республикасының бірінші президенті И.Каримовтің мәңгілік мекеніне бет алдық. Бұл жерде VIII-IX ғасырларда салынған мешіттің үстіне қайта тұрғызылған сәулет кешенін аралап, И.Каримовтің жатқан жеріне зиярат жасадық. VIII-IX ғасырларда салынған сәулет өнеріне жалғаса тұрғызылған И.Каримовтің кесенесі өте үйле­сімді ансамбль құрғанына қарап, өзбек халқының бірінші прези­дентіне деген құрметін аңғардық.

Самарқандағы тарихи орындарды аралап болған соң, түс қайта жолға шықтық. Жолай ел астанасы Ташкент қаласына соғып, қала орталығын аралап «Ташкент сити» сәулет орталығын тамашаладық.

Тараз қаласы ардагерлерінің Өзбекстанға жасаған екі күн­дік сая­хатын Тараз қалалық әкім­дігі ішкі саясат бөлімінің қол­дауымен, Жамбыл облысы бойын­ша ком­мерциялық емес заңды тұлғалар бір­лестігінің ұйымдастырды. Со­ның арқасында аса құнды тарихи мұраларды аралап, терең тарихын тануға мүмкіндік туды. Осындай жағдай жасағаны үшін ардагерлердің алғысы шексіз.

 

Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ,

Тараз қаласы Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы