Көрме • 19 Қаңтар, 2024

«Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы»: Көшпелі көрме ашылды, жәдігерлер 10 қаланы аралайды

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының Батыры №1 Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ғасырлық мерейтойына орай Алматыда Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Ашылуына Алматы өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы»: Көшпелі көрме ашылды, жәдігерлер 10 қаланы аралайды

Фото: gov.kz

Көрменің ашылуында Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Алматы филиалының эстрадалық-би тобы өнер көрсетті. Сұңқар Әлимұса Нұрлан Нұртазиннің «Сағадат» әнін орындады.

«Тақырыптық тұрғыдан көрме материалдарын соғысқа дейінгі, екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы және тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құрудағы тұңғыш Қорғаныс министрінің рөлін көрсететін үш кезеңге бөлдік», деді аталған музей бастығы Ләззат Әлжан.

Көрмеге тарихи фотосуреттер, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлықтың, Алтын жұлдыздың көшірмелері және фуражка, белдік, кобура, гимнастерка, шинель, былғары қолғап, етік, генерал погондары секілді Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке заттары қойылған. Бір қызығы, жәдігерлер арасында оның жақындары біле бермейтін сирек фотосуреттер де кездеседі.

gov.kz

Алматы қаласындағы көрме 31 қаңтарға дейін жалғасады. Сосын бұл құнды жәдігерлер еліміздің өзге де 10 қаласын аралайды.