Олимпиаданың алғашқы күні шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных чемпион атанып, тұңғыш алтынды жеңіп алды. Ал келесі күні шорт-тректен 1000 метр қашықтықта сынға түскен спортшыларымыз арасынан Полина Омельчук мәре сызығын үшінші болып кесіп өтіп, Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ол 1000 метр қашықты 1:41,600 уақыт көрсеткішімен бағындырды. Аталған сында бірінші және екінші орындарды қытайлық спортшылар Цзинцзы Ли мен Цзиньчжу Ян жеңіп алды.
Осы жеңістерден кейін Қазақстан 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте 6-орында келеді. Бүгінгі күнге дейін Канвон олимпиадасының медалін 18 мемлекеттің ұлттық құрамалары алып үлгерген. Медальдар кестесінде Франция көш бастап тұр. Франция – 4 алтын, 2 күміс, 1 қола, Италия – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола, Қытай – 3 алтын, 3 күміс, Германия – 2 алтын, 2 күміс, 1 қола, Словения – 2 алтын.