Пікір • 21 Қаңтар, 2024

Аралға – әлемдік көзқарас

386 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­батында еліміздің бірнеше беделді халық­аралық ұйымға, оның ішінде Аралды құтқару халықаралық қорына төрағалық ететінін айтты. Ал бұл қордың құрылуы оңай болмағаны басы-қасында орындаушы қызметін атқарған бізге аян. 1991-1994 жылдары Президент аппараты мен министрлер кабинетінде экология және табиғатты пайдалану бөлімі болды, онда меңгерушілік қызметін атқарған едім. Сол жылдары көптеген ауқымды жұмыс атқарылды. Соның бірі – Арал проблемасын әлемге таныту, инвестиция тарту болды.

1992 жылдан бастап бүкіл әлемнің алпауыт елдерінің басшыларына, әлемдік ұйымдарға хат жазылды, халықаралық конференцияларда Арал проблемасын қоғамға таныстырдық. Осы жерде Жапонияның Глобалды инфрақұрылымдық қорының (GIF) еңбегі зор болды. Оның басшылары Масаки Накадзима, доктор Ямамато, Есихиро Такано және «Тачибана Трейдинг» компаниясының президенті Токико Хаяси ханымның еңбегі орасан. Жапон жағы Аралды құтқару үшін үлкен инвестиция тарту керек екенін және экологиялық апат аймағындағы елдерді жұмылдыру мақсатында халықаралық арнайы қор құру қажеттігін және оған басшылықты ел Президенті жасауға тиіс екенін айтқан еді.

Токиода 1991 жылы 11 қыркүйекте арнайы семинар өткізілді. Артынша 17-20 қазанда Аме­риканың Атланта қаласында арнайы халық­аралық конференция өтті. Онда «Арал-Азия-Қазақстан» қоғамдық қорының атынан Мұхтар Шаханов және Үкімет атынан мен сөйледім. Кеңес дәуірінде құрылған «Арал» консорциумы қайта жасақталып, алдымен Мәскеуде, кейін Арал бассейінінде орналасқан бес мемлекетте жиындар өткізілді.

Қор құрылмас бұрын көптеген кездесу мен конференция өтті. Бұлар мемлекет басшылары жиналған Рио-де-Жанейро (Бразилия, 3-14 мау­сым 1992 жыл), Женевада өткен ЮНЕП жиналысы (31 тамыз – 5 қыркүйек 1992 жыл), оған Ұ.Қараманов, К.Салықов, Н.Мұқитановтар қатысып, Аралды қорғау аясында экологиялық қор құру керектігі туралы Қазақстанның ұсы­нысын жеткізді. Сол жылы біз Ресей президенті Б.Ельцин және Орталық Азия мемлекет басшыларына хат жазып, ортақ мәселені бірлесе шешу керек екенін айттық. Кездесулерді Арал қаласы мен Нөкісте өткізу ұсынылды. Бұдан кейін көптеген келіссөз жүргізіліп, ақыры 1993 жылдың 3 қаңтарында Ташкентте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі болды. Онда Халықаралық Аралды құтқару қорын құру туралы келісімге қол қойылды және оның отырысын Қызылорда, Нөкіс, Ташауыз қалаларында өткізуге уағдаласты.

Сонымен, тарихи кездесу Арал проблемасы туралы Орталық Азия және Қазақстанның мемлекет басшыларының конференциясы 1993 жылы 26 наурызда Қызылорда қаласында өтті. Онда қордың барлық қызметін реттейтін ереже қабылданды. Үкіметаралық жұмыс тобының қызметін экология жөніндегі Мемлекеттік кеңесші Ұзақбай Қараманов пен Президент және министрлер кабинетінің экология бөлімі жүргізді.

Халықаралық Аралды құтқару қоры былтыр отыз жылдық мерейтойын Тәжікстанның кезекті басқаруына байланысты Душанбе қаласында «Орталық Азия: тұрақты даму жолына күшті өңірлік институт арқылы» атты конференция аясында атап өтті. Осы жылдары қор Арал проблемасын шешуде бірлескен халықаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды қаржыландырды. Өткен отыз жылда қордың 11 саммиті өткізілді, 2023 жылдың 14-15 қыркүйегінде Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекет басшыларының кезекті отырысы өтті.

1997 жылы қор құрамына Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы, Мемлекетаралық тұрақты даму комиссиясы кірді. Сондықтан қор қосымша мемлекетаралық су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысты. 2008 жылы халықаралық қор БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы мандатына ие болды. Сол уақыттан бері Бас Ассамблея Арал мәселесі бойынша бірнеше қарар қабылдады.

Өткен кезеңде Солтүстік (Кіші) Аралды сақтап қалуға қол жеткізілді, су шаруашылығын реттеу жобаларының нәтижесінде Аралға құятын су көлемі секундына 350 текше метрден 700 текше метрге дейін көбейді, теңіз аумағы 2 414 шаршы километрден 3 288 шаршы километрге дейін ұлғайды, су көлемі 15,6 текше километрден 27,1 текше километрге дейін өсті, су тұздылығы 23 г/л-ден 17 г/л-ға дейін түсті. Өзбекстан аумағында 1,7 млн гектар Арал табанына сексеуіл егілді, Қазақстанда бұл жұмыс 337 гектар жерде жүргізілді.

Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы комитеті әр мемлекетте кезегімен жұмыс істейді, бірақ әр қатысушы мемлекетте тұрақты түрде олардың филиалдары болады. Өкініштісі, біздегі филиал жайлы жер Алматыға қоныс тепкен еді және оны су шаруашылығы немесе Арал өңіріне қатысы жоқ адамдар басқарды. Сондықтан адами факторлардың салдарынан көптеген келелі іс орындалмады. Осыған байланысты қордың атқарушы органы Астанада орналасқан жағ­дайда оның филиалы Алматыда емес, Қызылорда қаласында қызмет атқаруға тиіс және оны басқаратын адам су мен жердің сырын жақсы білетін, Сыр өңірінен шыққан маман болғаны дұрыс.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

қоғам қайраткері, профессор