Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР
Ә.Қастеевтен «сурет салуды кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда, «Ешкінің мүйізінен, апамның киізінен, бұлақтың сылдырынан үйрендім» деп жауап берген екен. Бейнелеу өнеріне бейімділігі бала күнінен байқалған Әбілхан мал бағып жүріп, ұзақ күн табиғатпен армансыз сырласып, әктастан түрлі пішінді ойып, қолөнер бұйымдарын жасай бастайды. Анасына сырмақ пен текеметке ою салып көмектесетін де, ауыл қыздарын таңғалдырып әшекей жасайтын да Әбілхан болған екен. Кейін отбасы Шежім ауылынан Жаркентке қоныс аударады.
Ә.Қастеевтің бүкіл шығармашылығы елінің өткен және кейінгі тарихымен тығыз байланысты болды. Замандас қаламдастардың айтуында, «Қастеевтің туындыларын тамашалау барысында бүкіл қазақ халқының тарихымен танысып, иен даласын жаяу аралап шыққандай боласың». Расында, мың түрлі бояу әлемін аралап жүргенде, теңдессіз туындылардан даланың хош иісі самал болып еседі, аспанмен астасқан алқап бетіндегі өсімдік пен жәндіктің дыбысы құлаққа келеді. Алғаш рет 25 жастағы Қастеев өз қабілетін жетілдіру үшін ауылдан Верный қаласына келіп, екі жыл бойы Н.Хлудовтың көркемсурет студиясында сурет салудың алғашқы сабағын алып, кескіндеменің негіздерін үйренеді. Ұстазы Николай Хлудовтың «Қазақ бейнелеу өнерінің қалай дамитыны саған байланысты болады» деген бірауыз сөзі намысын қамшылап, бояудың әр грамын босқа ысырап жасамай, даланың рухын асқақтатқан белгілі туындыларын жаза бастайды. Бұл уақыттың еншісіне «Мектепте» (1930), «Колхоз тойы» (1937), «Бие сауу» (1936) сияқты шығармалары жатады.
Биылғы мерейтой көрмесінің басты жаңалығы – бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған Кенесары портретінің көпшілікке ұсынылуы. Портрет 1936 жылы салынған. Кенесары тарихымен айналысқандардың бәрі жаппай қудаланып жатқан кезде бұл суретті қарапайым музей қызметкері жасырып қалған көрінеді. Мұндағы Кенесары келбеті кейінгі жылдары салынған көзге үйреншікті хан бейнесіне ұқсамайды. Жас Әбілханның орындауындағы биік таудың етегінде, ақ ордасының алдында алқа-қотан әңгіме-дүкен құрып отырған нөкерлерінен оқшау бейнеленген ханның алысқа көз тіккен жанарында алаң басым. Киіз үй де, төселген сырмақ та, жақсы-жайсаңдардың үстіндегі киім де бояу тілімен өрнектеліп, қазақы нақыш құрайды. Бояуы қанық суреттің әрбір деталі қазақша сөйлеп тұр.
Көрмеге келгендерді қарсы алған шоқтығы биік шығарма, әрине, «Амангелді Иманов». Суретші 1930 жылдардың ортасынан 1970 жылдардың соңына дейінгі қырық жыл уақытын Амангелдінің өмірін зерттеуге жұмсаған. Батыр өмірге келген, ұлт-азаттық көтерілісі болған Торғай өңіріне арнайы барып, үзеңгілестерімен, ағайын-туысымен кездесіп, көзкөргендердің суреттеп-сипаттауына қарай Амангелді бейнесінің 100-ден аса эскизін жасайды. 1944 жылы алғаш рет Амангелді бейнесін кескіндегені үшін Ә.Қастеев Қазақ КСР Халық суретшісі атағына ие болады. Бірақ халық батырының образына іштей көңілі толмай, зерттеуін жалғастыра береді. Нәтижесінде, 1953 жылы қалың қолды бастап келе жатқан ат үстіндегі әйгілі Амангелді бейнесі туады. Бүгінгі күні кинода, театрда көрініс тауып жүрген Амангелді образы Қастеевтің кескіндемелік шығармасының негізінде қолданылады. Амангелді тақырыбындағы туындылар желісі мұнымен де түйінделмей, көтеріліс кезінде батыр бастаған сарбаздардың ұрыс сәтін бейнелеген «Торғай жорығы» атты батальды шығарма да көп ұзамай суретшінің бай мұрасының қатарын толықтырады.
Ә.Қастеевтің шығармашылығында портрет жанры маңызды орын алады. Абай, Жамбыл, Шоқан, Біржан, Кенен бейнесін түрлі қырынан жазды. Шығармашылық шабытпен, жан дүниесіне терең үңіле отырып жазған портреттерде адам мінезінің өз мәнері, ерекшелігі болатынын, жеке тұлғаның ішкі әлемі ғана емес, сыртқы келбеті де өз заманымен байланысты кескінделетінін айшықтайды.
Бүкіл шығармашылық ғұмырында суретші бір ғана Абайға арнап оның отызға жуық образының эскизін жасайды. Қарындаш, акварель, майлы бояумен салынған суреттердің ішінде 1945 жылы салынған «Жас Абай» Ә.Қастеев шығармашылығындағы маңызды кезең болып саналады. Ол осы бейнені жазу үшін «Абай жолын» бірнеше мәрте оқып, ақын туған Семей өңіріне сапарлап барып, келгеннен кейін М.Әуезовтің өзімен ақылдаса отырып, жинаған мол дерегін жүрегімен қорыта келіп, қылқаламын қолына алған.
Ә.Қастеев – Жамбылдың жақын тұтқан сыйлас інісі болған. Жыр алыбының ауылында жиі мейман болып, жата-жастана, ақсақал шағын әдемі бейнелеген. Басында жасыл масаты бөркі, үстінде сары түсті шапаны бар, малдас құрған қалпы, сырласындай болған домбырасын аялай ұстап, терең ойға батып, шау тартқан шағындағы бейнеде даналық білінеді. Тіршілігінде қимас достарға айналған ақын мен суретші арасындағы сыйластықтың берік болғаны сондай, шайырдың көзі жұмулы, аппақ жүзі қуарып, бақиға аттанып бара жатқан ақыреттік сәтін бейнелегені кенеп үстіндегі бақұлдасу сияқты жүректі шымырлатпай қоймайды...
Ұлттың ұлы тұлғаларының жарқын бейнесімен бірге, суретші шығармашылығында қарапайым шопандардың, өндіріс озаттарының, тың игерушілердің, балықшылар мен мұнайшылардың жанқиярлық еңбегімен қазақ елінің жаңа келбетін жасаған қарапайым адамдардың портреттері де елеулі орын иеленеді.
Ә.Қастеевке бүкіл шығармашылық ғұмырында нақты бір сюжеттер мен бейнелерге оралып отыру тән. Мысалы, өзге жұртты алып болат жолмен бейнелеу өнері арқылы таныстырған шағын ғана «Түрксіб» туындысы 1932 жылы алдымен акварельмен салынған. Қастеевтің ең танымал туындыларының бірі болып тараған бұл туынды майлы бояумен 1969 жылы қайта жазылып, осы аттас ауқымды кескіндемеде жаңаша көрініс тапты. Еңбек жолын Түрксіб теміржолы құрылысында жер қазушы болып бастап, тағдыры темір жолмен тоғысқан суретшінің жанына бұл тақырып етене жақын. Екі суретті салыстырғанда, суретшінің шығармашылық эволюциясы айқын көрінеді, сондай-ақ мазмұны күрделеніп, жаңа бейнелермен байытылып шыққаны байқалады. Кенеп үстінде керіліп, сонау көрменің түкпірінен бұзып-жарып бері қарай келе жатқандай көз тартатын алып полотно – Ә.Қастеевтің мәңгілікке қалдырған шығармасы. Композиция нақты оқиғаға, қазақ даласына пойыздың келуіне арналған. Суреттегі пойыз далада ертегі кейіпкері ретінде пайда болды. Бұл суреттің маңызды ерекшелігі – автор пойызды алғаш көрген адамдардың шаттығын, қуанышы мен таңданысын, жаңа өмір мен жаһандық өзгерістердің символын көрсетеді. Суретші картинасында пейзажға айрықша мән береді. Сайын даланың төсін солқылдатып, атырапты тұмсығымен тіліп келе жатқан пойыз көрермендерге қарай жүріп келеді, ал композицияның сол жағындағы түйелер керуені ескіліктің белгісі ретінде, керісінше, кеңістікке терең сіңіп кетеді. Реализмнің қыр-сырына қаныққан Ә.Қастеевтің ашық бояу түсін таңдауы көңілді қанаттандырмай қоймайды: түрлі түсті бояулар гаммасы суреттің өн бойына мерекелік сипат береді.
Ә.Қастеев – қазақ даласының нағыз жыршысы. «Табиғат адаммен немесе адам табиғатпен етене байланысты» деген ұстаным – суретші шығармашылығының темірқазығы. Оның пейзаждық композицияларының жанрлық бастауы осыдан шығады. Көрменің жетекшісі Сандуғаш Жұмабекованың айтуынша, 1950 жылдары суретші пейзаж жанрында анағұрлым табысты еңбек еткен. Ол жасаған туған өлкенің бейнелері эпикалық ұлылығымен, панорамалық кеңдігімен, лирикалық нәзіктігімен ерекшеленеді. Ол жылдардағы өнер адамдары, суретшілер идеологияға қызмет етті, тапсырыс орындады. Ал Қастеевтің бейнелеуіндегі ландшафтарда адам әрқашан жаңа өмірдің авторы ретінде қатысады. 1950-1960 жылдары Ә.Қастеев «Жаңа Қазақстан», «Қазақстан жерінде», «Қазақстанның байлығы» «Қазақстан жері мен халқы», «Биік таудағы мұз айдынында», «Қапшағай ГЭС-і» сияқты бірнеше акварельді цикл жасайды, онда ол Қазақстанның ауқымды экономикалық қайта құрылуын бейнеледі. Осы жылдары суретші қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол екі рет Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.
Әбілхан Қастеевтің әрбір туындысы – туған жер мен оның адамдары туралы шабытты әңгіме, өмірі мен өнерін арнаған туған халқының ең жақсы және бақытты өміріне деген үмітінің көрінісі.
Алуан жанрда қалам тербеген суретші шығармашылығымен таныстыруды мақсат тұтқан БАҚ өкілдеріне арналған кең ауқымды баспасөз турынан соң «Ғасыр мұрасы» көрмесі ашылды. Көрменің ашылуына Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Асқар Бөрібаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова, белгілі өнертанушы Ермек Жангелдин, Халықаралық авторлар қауымдастығының (ALAI) мүшесі, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық өнер сыншылары қауымдастығының мүшесі Ли Камилла, ЮНЕСКО Қазақ ұлттық клубтар федерациясының вице-президенті Серқан Аязбаев, Ә.Қастеевтің ұлы Нұртас Әбілханұлы, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің директоры Рамазан Тұңғышбаев сөз сөйледі. Суретшінің қыздары Гүлдария мен Гүлназия Қастеевалар, немерелері Дәурен мен Сауран суретшінің өмірбаяны туралы естеліктер айтты.
АЛМАТЫ