Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Психиатрлар арасында ежелгі грек аңыздарындағы Медеяның күйеуіне деген қызғанышы өшпенділікке ұласып, қос бірдей ұлын өз қолымен өлтіретіні сияқты қанқұйлы оқиғалар қазір «Медея синдромы» деп аталады.
Мәселен, өткен жылы ғана үш бірдей перзентін терезеден лақтырған келіншектің оқиғасы жұрттың төбе шашын тік тұрғызса, биыл 4 қаңтарда Алматыда қос ұлын бауыздаған әкенің әрекетін естіген ел әлі есін жия алмай отыр. Көршілерден көмек сұрап, құлындаған балалардың даусын естігендер бар болса да, жалдамалы пәтерден шығатын жаман дыбыстарға құлағы үйренген, еті өлген қоғам дер кезінде көмекке келмеген, тек полиция шақырумен шектелген.
Бұл сұмдық оқиға шешелері жұмыста, балалардың қысқы демалысы кезінде болды. Туған ұлдарын дәрігерге апарамын деген сылтаумен алып кеткен жауыз әкенің әрекетін бүге-шігесіне дейін баяндауға дені дұрыс адамның дәті бармайды. Қазір өкініш пен қайғыдан қан жұтып отырған анасы мен жақындарының жайы айтпаса да түсінікті.
Өзін де өлтірмекші болған жауыз қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ал балалардың жақындары қылмыскер жүйкесі ауру деген диагнозбен жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді.
Ең өкініштісі, бұл ілуде бір қайғылы жағдай емес, Алматыда өгей қызын үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін ұрып өлтірген «қоғам белсендісі» Балжан Тұрлыбекова қазір түрмеде. Сол сияқты 28 желтоқсанда Талдықорған қалалық полициясына 14 жастағы оқушы қыздың жоғалып кеткені туралы ақпарат түскенін ақпараттық сайттар бірден жалаулатып алып кетті. Өйткені жасөспірім қараша айының басынан бері сабаққа қатыспаған. Полиция жедел-іздестіруді бастағаннан кейін-ақ жасөспірім қылмыстың құрбаны болуы мүмкін деген болжамды алға тартты. Әскери қызметкерлер мен еріктілерден құралған іздеу топтары қыздың мәйітін Текелі қаласының сыртына жерленген жерінен тапты. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалса, баланың жоғалу фактісі бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған анасы мен өгей әкесі тергеліп жатыр.
Қарап отырсақ, «жаным баламның үстінде дейтін» жұртты бейжай қалдырмаған мұндай оқиғалар барлық елде бар. Өркениетке қол жеткізген елдердің өзінде де баласын өлімге қиған қанішер адамдар табылады. Бір өкініштісі, бүкіл әлемде әйелдердің қолымен жасалған қылмыстық құрамда өз баласын өлтірген аналар өзекті сипатқа ие екен.
Тіпті адами құндылықтарды алдыңғы орынға қоятын елдердің өзінде күн сайын 4-5 бала өз әке-шешесінің қолынан көз жұмады. Дамыды деген Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Скандинавия мемлекеттерінде балалардың туған әке-шешесінің жауыздығынан өлтірілуі көбейген.
Ата-бабаларымыз «қаны қарайған» деген сөзді бекер айтпаса керек. Көп жағдайда баласын өлтірген әке түрмеге қамалып, қандықол шеше психиатриялық стационарға жіберіледі. Осы орайда арнайы мамандарға жүгінуді жөн көрдік.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми менеджмент және білім бөлімінің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүлім АБЕТОВА тақырыпты төмендегідей тарқатты:
– Өз балаларын, ең жақын туыстарын өлімге қиюдың субъективті себептерін ұзақ сипаттауға, оның ішінде мына жайттарды айрықша қарастыруға болады.
Ессіз сүйіспеншілік немесе махаббат. Басқаша айтқанда, өлтіру арқылы қылмыскер өзіне қорқынышты болып көрінетін жағдайдан жақындарын қорғаймын, құтқарамын деп ойлайды. Алайда ажалдан асқан қасірет жоқ екені, қиындықтың басқа жолдары бар екендігі ойларына келмейді. Қылмыскер әдетте психикалық ауытқулардан зардап шегеді, кейде сот сараптамасы «өз әрекетіне жауап бере алмайтын дәрежеде» деп шешім шығарады. Дегенмен психикалық ауытқуы барлардың бәрі бірдей мұндай әрекетке бара бермейді.
Өзін-өзі дәлелдеу мен зұлымдығын игере алмау. Бұл баланы масыл, ауыртпалық немесе өміріне кедергі келтіруші ретінде қабылдаған жағдайда, кенеттен бұрқ еткен агрессия мен қатыгездігін игере алмаған кезде болады. Көбінесе мұндай қадамға өзі бала кезінде қатыгездікке душар болғандар баруы мүмкін.
Қызғаныш, кек алу, өшпенділік. Мысалы, баланың анасына деген қызғанышы дес бермегенде, ер адам өз балаларын әйелінің жалғасы ретінде қабылдап, оның жанын ауыртып, кек алу үшін өз балаларын өлтіреді.
Бақай есеп. Әлеуметтік үдерістерден оқшаулану көбінесе адамның шиеленіскен жағдайды шешуге дайын еместігін айғақтап, пайда табу мақсатында қасақана зорлық-зомбылыққа жетелейді. Баланы пайдакүнемдік мақсатында өлтірген жағдайда оған тікелей тиесілі немесе оған мұра ретінде қалатын материалдық игіліктер көзделеді.
«Аффект» үстінде кісі өлтіру. Егер ата-анасы, яки басқа адам өз өміріне, мансап жолына, қаржылық жағдайына, жыныстық қатынасқа қол жеткізе алмай, әлеуметтік жағдайына көңіл толмауы күрделенгенде жағымсыз пиғылдың әсері осыған түк қатысы жоқ, кінәсіз адамдарға бағытталуы мүмкін. Әлбетте, мұндай жағдайда әсіресе балалар азап шегіп, қылмыскердің тұлғаішілік психологиялық өткір қақтығыстарының құрбаны болады.
Садизм. Яғни өзінен басқа тірі жанды қинап, азапқа салудың криминологиялық сипаты бар. Мұндай қадамға садистер ғана емес, өзгенің тағдырына немқұрайды қарайтын, ары мен денсаулығы, тіпті өмірін де түкке тұрғысыз деп бағалайтын қылмыскер де бара алады.
Педофилия. Балаларды өлтіру мен оларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасау зорлық-зомбылықтың ерекше санатына жатады. Кісі өлтіру немесе өлтіремін деп қорқыту, дене жарақатын салу, азаптау, ұрлау мен зорлау сияқты басқа да сексуалдық сипаттағы қылмыстар балаларды айналып өтпейтіні өкінішті. Педофилдердің құрбандығына 8–12 жас аралығындағылар жиі душар болады.
Біз дәрігер-психиатр Айгүлім Әбдірәсілқызынан балаларды өлтіруге жетелейтін жағдайларды қалай сипаттауға болатынын сұрадық.
– Мұның бәрі жоғарыдағыдай қайғылы қылмыстық мотивтер тізбегімен шектелмейді. Кісі өлтіруге бейім пиғыл кем дегенде төрт топқа жіктеледі. Бір мысал келтірейін, жан күйзелісі дертіне душар болған келіншек өзіне қол жұмсауды ойлап жүреді. Бірақ қарт ата-анасы қараусыз қалса, жағдайлары не болады деп ойлай келе, оларды өзі өлтіргісі келгенімен, алайда дәті бармайды. Өзі өлгеннен кейін қиындық көрмесін деген оймен, әке-шешесін де өз өздеріне суицид жасауға үгіттейді. Бұл келіншек өзіне-өзі қол салғанымен, тірі қалып, ауруханаға жатқызылды. Есесіне осы оқиғадан соң екі қарт бірін-бірі пышақтап, қайтыс болды. Бұл кеңейтілген суицид деп аталады (парасуицид). Ал балаларды зұлымдықтан сақтаудың тиімді жолы – құзырлы органдардың қырағылығы мен жұрттың айналасында болып жатқан қатыгездікке көз жұма қарамауына тікелей тәуелді, – деді ол.
Мамандар айтсын, мейлі басына түскен адамдар айтсын, ең ауыр қылмыстарға жетелейтін жайттардың қатарында жүйке кеселдері ғана емес, өшпенділік, дүниеқоңыздық пен қызғанышты жеңе алмау да бар.
АЛМАТЫ