Қоғам • 21 Қаңтар, 2024

Ажырасу неге көп?

446 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкентте өткен жылдың кейінгі 4 айында сотқа ажырасу жөнінде 1128 талап-арыз түссе, оның 304-і бо­йынша шешім шығарылған. Бұл жөнінде мегаполистің кәмелетке тол­ма­ған­дардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мырзахан Тиметов айтып берді.

Ажырасу неге көп?

Судьяның мәлімдеуінше, ажы­расуға көбіне ер азамат­тар­дың жауапсыздығы түрткі болады екен. Ал ерлерді әдетте маскүнемдік пен ойын құмарлық немесе есірткіге салыну тура жол­дан тайдырады. Кей ер азаматтар жұмыс істемей үйінде жатып, тір­шіліктің бар ауыртпалығын әйеліне «тапсырып қойған». Осының бәрі ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, жанжал тудырады, ақыры ажырасуға алып келеді. Некенің бұзылуының тағы бір басты себебі – ер азамат­тар­дың некеге адал болмауы. Әйел­дер тарапынан да кінә болады. Бірақ соттағы статистика көр­сеткендей, мұндай жағдайлар өте сирек. Судья жұрттан жасы­рып екінші әйел алып, бала-ша­ға­лы болатын еркектердің де жиі­леп кеткенін айтады. «Бар ақи­қат ашылғаннан кейін ыдырап кетіп жатқан отбасылар көп», дейді маман. Бұдан бөлек, ақ­ша жетіспегеннен бірге тұруды қа­ла­майтын ерлі-зайыптылар да сотқа талап-арыз беріп жатады.

Судья қараған бір істе жасы қырықтар шамасындағы бір әйел сотқа ажырасамын деп келіпті. Себебін сұраса, бір бөлмелі үй­де тұрады екен, бір ұлы, бір қыз­дары бар. Ал достарының бәрінің жағдайы жақсы көрінеді. Кейбірінің баспанасы екіқабатты зәулім үй болса, өзге біреуінде кере­мет көлік бар дегендей. Қо­наққа шақырғанда қуықтай пәте­рі­нен қатты ұялады екен. Ал кү­йеуінің айлық жалақысы жүз мың теңгенің о жақ, бұ жағы ғана. Содан әйел әбден қорланғанын айтқан. Күйеуі сотта ажырасқысы келмейтінін айтып, «темекіге деп үш мың теңгесін алып қала­мын да, қалғанын құртпай әйелім­нің қолына санап беремін» деп ақ­талыпты. Сот мұндай жағ­дай­ларда тараптарды сабырға ша­қырып, ақылға көндіріп, барынша отбасын сақтап қалуға тырысады. Сол үшін де талап-арыз бойынша бірден шешім шығармай, алдымен ойлануға бір ай уақыт береді. Егер бұл мер­зім татуласуға, кеңесуге аздық етіп жатса, қосымша тағы да бір айға созады. Сотқа арыз тастап, үш күннен кейін қайтарып алатындар да бар. Бірақ тәжірибе көрсеткендей ондайлар аз. Осы тұста судьяларға соттағы психо­лог­тер көп көмектеседі. Ма­ман­­ның мәлімдеуінше, аза­мат­­тық істерде некені бұзу ісін осы күнге дейін медиация ұйы­­мы қарап келген. Кейінгі өз­ге­­рістерге сәйкес бұл міндет қай­тадан соттарға берілген. Де­генмен баланың тұрғылықты же­рін анықтау, 3 жасқа дейінгі балаға алимент өндіру бойынша қызметтер медиация құзы­ретінде қалып отыр.

Судья қоғамда ажырасудың жиілеуіне отбасылық тәрбиенің сол­­қылдақтығы да әсер етіп отыр­­ғанын айтады. «Әйелдердің салмағы артып, ерлердің бұрын­ғы­дай сөзін өткізе алмауы да отба­сылық қарым-қатынасты қиын­датып жіберген», дейді ол.

«Қазір көп ата-ана қыздарын барған жеріңе тастай батып, судай сің деп емес, ертең бір өзің қалып қойсаң, аш болмайтындай дипломың, жұмысың болсын деп тәрбиелейді. Бұрынғы аналарымыздай үйінде отырып ерін күтіп, бала-шағасын тәр­бие­лейтін әйелдің басты қыз­меті бұл күнде ұмыт болып барады. Баяғыда балалар анасының «әкең келе жатыр» деген сөзінен именетін. Өкінішке қарай, бұл тәрбие де қалмады. Өйткені қо­­ғамда әкелердің рөлі түсіп кетті. Оның үстіне қазіргі психологтер де жастарға көмегінен гөрі кесірін көп тигізіп жүр. Әлеу­меттік желілерде психолог­тер мен коучтардың «әйел өз қалауынша өмір сүруі керек, ол ешкімге бағынышты емес» деген әңгімесі қаптап кетті. Психологтердің ақыл-кеңесінен әбден миы уланып қалған бір әйел: «Мен уақытымды босқа өткі­зіппін, өзімді дамытуым ке­рек, биік мақсаттарға жетуге тиіс­пін» деп күйеуінен ажы­расып кеткен. Болжаммен айт­қан­да, жыл сайын 100 некенің шамамен 30-35-і бұзылады. Рес­пуб­лика деңгейінде де осы санды келтіруге болады», деді судья.

Маман өз сөзінде тағы бір маңызды ақпаратпен бөлісті. Бүгінде ажырасып кеткен ерлі-зайыптылардың дені 1983 жылы туған­дардан бастап төменгі жас­тағы азаматтар екен. Яғни егде жастағы адамдар арасында неке бұзу өте сирек кездеседі. «80-жылдардан бері туған ба­ла­лардың балалық шағы тоқ­саныншы жылдардың қиын­дықтарына тап келді. Сол бір қиын кезеңде, расында да, күн­көрістің қамы деп бала-шағаға тәрбие беру мәселесі екінші, тіпті үшінші сатыға түсті. Осы әлеу­меттік олқылық бүгінгі қо­ғамда салдарын көрсетіп отыр. Дегенмен келер ұрпақ аға буын­ды алмастырғанда қоғам қай­та ізгіленіп, жаңғыруға тиіс. Өйт­ке­ні бүгінде білім, тәрбие сала­сына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңа ұрпақтың қазір көзі ашық, көкірегі ояу. Оның үстіне рухани жаңғыру аясында дәстүріміз бен дініміздің асыл қасиеттерін жастар бойына қайта сіңіру бағытында ауыз толтырып айтар­лық іс тындырылып жатыр», дейді судья.

Судьяның айтуынша, негі­зінен ер адам – үйдің асыраушысы. Кейде ол ішіп келіп, үйінде айқай-шу шығарып, әйеліне қол жұмсауы мүмкін. «Егер әйелі полицияға арыз берсе, ер­тең күйеуі жауапқа тартылып, жұмысынан да айырылып қал­уы мүмкін. Сондықтан көп жағдайда әйелдер отбасының та­бысын, бала-шағаның ертеңгі күнін ойлап іштен тынып, осындай тіршілікке көндігіп жүреді. Балаларды тірідей жетім етпейін деген қазақтың сүйекке сіңген мінезінен де аттап кете алмайды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі ере­желер күшейтілгенімен, заң­ға көнбейтін қоғамның осындай ішкі қалтарыстары бар. Отба­сылық кикілжіңді бірін­ші ке­зекте қатаң заң емес, сыйлас­тық, адамгершілік, ар мен иман­дылық көбірек шешеді», дейді Мырзахан Тиметов.

 

ШЫМКЕНТ