Пікір • 21 Қаңтар, 2024

Жұртшылық пікірі ескерілген

192 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғанын атап өтті. Солардың бірі ретінде Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жаңа ереже бойынша сайлануын атады. Сондай-ақ былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Түркістан облысында Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек, Созақ аудандарында әкімдердің сайлануы еліміздегі негізгі саяси реформалар нәтижесінің бірі дер едік.

Жұртшылық пікірі ескерілген

Сондай-ақ Президент сұхбатында игі жұмыстар 2024 жылы да жалғасатынын, тиянақты және жоспарлы әрекет жасалатынын айтты. Яғни еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болатын жыл болмақ. Сайлаушылармен кездесулер өткізу мақсатында ауыл-аудандарда жиі боламыз. Кездесулерде тұрғындар елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды қолдап, жақсы бастамалардың оң нәтижесін сезініп жатқанын жиі айтады. Сондай-ақ жергілікті жердегі шешімін күткен мәселелер де ашық айтылып, сайлаушылар көкейде жүрген ұсыныс-пікірлерін де білдіріп жүр. Бұл орайда Президент «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұхбатында елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар екенін айтып өтті. Бұл – жұртшылық пікірін ескергендік. «Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін», деді Мемлекет басшысы. Осы орайда айта кетелік, тұрғындардың мұң-мұқтажы оң шешімін табуына облыстық мәслихат депутаттары да мүдделілік танытып, белсенді атсалысып келеді. Мысалы, былтыр депутаттар халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға 361 депутаттық сауал жолдады. Оның 231-і немесе 63%-ы қанағаттандырылып, орындалған. Қалған 130-ы орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктеме­лер берілген. «Amanat» партия­сы­ның қоғамдық қабылдау бөлме­сін­де депутаттар 1400-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізіп, 5 мыңға жуық азаматты қабылдады. Қабылдауларда көтерілген мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті ұсыныстар жолданды. Сондай-ақ облыстық мәслихат аппаратына жеке және заңды тұлғалардан 148 өтініш келіп түскен, оның 121-і жеке, 27-сі заңды тұлғалардан. Барлық арыз-шағым бойынша қолданыстағы заңнама шең­берінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді. Сонымен қатар өткен жылы облыстық мәслихат аппаратының кеңсесіне 1425 құжат келіп түсті. Келіп түскен кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер бойынша 1334 шығыс хат-хабарлар жолданды. Тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша облыстық мәслихат қабырғасында 13 жиын өткізіліп, тиісті органдарға 24 хаттамалық ұсыныс берілді. Бүгінде ол ұсыныстардың 15-і орындалып, 9-ы бойынша жұ­мыс жүргізіліп келеді. Депутаттар­дың ықпал етуімен Қазығұрт және Ордабасы аудандық ауруханаларының, Кентау қалалық орталық ауруханасы мен №1 облыстық перинаталдық орталығының күрделі жөндеу жұмыстары ертерек аяқталды. «Тұран-су» мекемесіне баратын жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен тиісті қаражат қаралды. Бұл – атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.

Қазіргі қыс ауасында тұтынушыларды сапалы жылумен қамту маңызды. Бұл жылу жүйелерінің қысқа қан­шалықты дайындалғанын айқындайтын кезең. Мемлекет басшысы сұхбатында жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығындағы мүшкіл ахуал – көпжылғы салғырттықтың салдары екенін ашық айтты. «Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды», деді Президент сұхбатында. Сондай-ақ бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқым­ды әрі күрделі міндет екенін, бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатқанын айтты. Осы орайда Түркістан облысы Кентау қаласындағы жылу мәселесі көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе екенін айта кетелік. Жылу қуатын өн­діру және тасымалдау қыз­метін атқаратын кәсіпорынның негізі 1934 жылы қаланған, ал 1952 жылы мұнда қуат өндіру қондырғылары орнатылған. Қала әкімдігінің мәліметінше, жылуэнергоорталықтың жылу қуаты сағатына 168 Гкал өн­діреді деп белгіленсе, қазіргі уақытта қолданыстағы жылу қуаты сағатына – 126 Гкал. Электр қуатын өндіру бойынша белгіленген қуаты 17,5 МВт/сағ болса, қолданыстағы қуаты 5,5 МВт/сағ болып отыр. Биылғы жылыту маусымына дайындық барысында қазандықтарды, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларды қайта құру жұмыстарының сметалық құны 13 701,1 млн теңге болып белгіленген. Жалпы, 3,0 млрд теңге қаржы қаралып, қазандықтардың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Төрт қазандықтың ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 30 қазаннан бастап жылу беру маусымы бастал­ған. Қазір кәсіпорын штаттық режімде жұмысын атқаруда. Бұл орайда мәслихат депутаттары Кентаудағы жылумен қамту жұмыстарымен танысып, тұрғын үйлерді, мектептер мен емханаларды аралап, жергілікті халықпен әңгімелескен болатын. Тұрғындардың мәселелерін назарға алып, қаладағы жылудың уақтылы және тұрақты берілуі бақылауға алынды. Жалпы, осындай ауыл-аудандарды аралау кезінде анықталған мәселелердің шешілуіне депутаттар барынша атсалысып келеді.

Президент сұхбатында айтыл­ғандай, еліміздегі саяси реформалар жүйелі, түбегейлі сипатқа ие болды. Халықтың саяси сана-сезімі өзгерді. Жаңа экономикалық үлгіге көшу, 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді қазіргіден екі есеге арттыру басты стратегиялық мақсат ретінде белгіленуі де халықтың ертеңге сенімін нығайта түсті. Оны елге жаңа леп әкелген өзгерістер жайында жиі айтылатын сайлаушылармен, яғни жергілікті халықпен кездесулерде айқын аңғарамыз.

 

Нұралы ӘБІШОВ,

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы