Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ертеректе осыған қатысты бір ұзақ толғау оқығаным есімде. «Батырдың үш өкініші» аталатын шығарманың авторы жаңаарқалық ақын Хамит Жаманов болса керек. Атақты Ақжолтай Ағыбай батыр 83 жасқа келіп, өлерінде өмірлік үш өкінішін арзу етеді. Бірі: «осы жасқа келерімді білгенде соңымда «Ақкелеп» қалған Науанға қайырылуым керек еді. Жау қолында қалған Науанның «Ақкелеген» дауысы құлағымның түбінде жаңғырып кетіп барады» десе, қалған екеуі әйелге байланысты. Екіншісі – барымтада жігіттерін шетінен қырып келе жатқан бір талдырмаш жанды батыр екен деп өлтіріп алғаны. Ту сыртынан найзамен түйрегенде, аттан құлап бара жатқан батыр дулығасының астынан бұрымы төгіліп түскенін айтады. Үшіншісі – бәйбішенің шаңырағынан емес, сүйегінің тоқалының үйінен шығатыны. Осы үш мысалдың екеуі қазақ әйеліне қатысты болғанының өзі көптеген жайды аңғартады. Бірақ мұның бәрі ғасырдан-ғасырға көшкен фольклорлық мұралар. Бұқар жыраудың «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен, анаң бір аңырап қалмасын» дегені, тағы басқа аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандардағы ана бейнелері, осының бәрін тиянақтап, шоқтығын көтеріп тұратын жазба әдебиеттегі ана образы керек-ақ еді-ау бізге. Осы орайда тіл ұшына әуелі Ғабит Мүсіреповтің ана туралы әңгімелері мен повестері, романы ілікпей ме?
«Қазақ байлығы жылқысында» дейтін «Ұлпан» романының басында. Айтпағымыз бұл роман болмаса да, автордың «Ананың анасы» әңгімесі туралы ойлағанда, көз алдыма бырдай жылқыны шырқырата қуып бара жатқан барымташы жігіттер, әлгілердің алдынан кес-кестеп өтіп тоқтатқан айбынды ана бейнесі келеді. Алып та, зор да, сұлу да емес, кәдімгі қарапайым ана. Желіккен жігіттің бірі атына өңгеріп күңдікке әлде қатындыққа алып бара жатқан он бес жасар қызына бола бар қайратын бойына жиып, соқталдай сабаздарға бір өзі жеке шауып шыққан жұдырықтай ана жүректің айбынды рухы ғой қырық жігітті қаңтарып қойған. Бұл не алып тынады, не өліп тынады. Осының алдында ғана желіккен батырларға тегіннен олжа болып бара жатқан он бес жасар қызының соңынан шапқан әкесін ат үстінен алып ұрып, мүрдем жібере салған. Күйеуінен соң іле соңдарынан жеткен мына жалғыздың сұсы жаман. Батыр да, би де, хан-сұлтан да, қаптаған қол да емес, ана!
«Менің атым әйел, мына қыздың анасымын! Бәрің де анадан тудыңдар! Анамен алыспайды да, атыспайды да. Нең бар еді менің жалғызымда? Кел, ботам, өзіме!
Он бесімде өзім де тап осы қызымдай едім. Сендердің қолдарыңда кетсе, енді он бес жылдан соң қызым да тап қазіргі мендей болмай ма? Мен үшін бұдан артық қорқыныш та жоқ, қорлық та жоқ. Сол мені айдап әкелген! Берсеңдер тірі алып қайтам, бермесеңдер өлі алып қайтам!».
Бұл осы қайсар рухты ананың ғана сөзі емес, бар ананың серті десе болғандай. «Анамен алыспайды да, атыспайды да»! Осы тұста ана сөзінің орнына махаббатпен, мейіріммен, тіпті Жаратушымен десе де орныға береді. Көркем әдебиетке түскені бар, түспегені бар, тарихта мыңдап саналатын мұндай оқиғалардың түбінде аналардың махаббаты мен ерлігі жатыр. Соның негізінде іргеленген ұрпақ пен ұлттың амандығы, олардың бойына ана сүтімен дарыған ұлы мейірім мен ізгіліктің дәнегі жатқанын кейде ұмытады адамзат. Шығарма соны еске салады. Әйтпесе, жастай қалыңдығынан айырылған Жалпақ батыр осы жорыққа желіксе де, жұдырықтай қызда несі бар еді? Бала күнінде елін шапқандар қалыңдығын алып кеткені батырдың өзіне өмірдің ащы сабағы болуға тиіс еді ғой. Соның кегін қуып келсе де, кезінде өз басына тиген шоқпарды жазықсыз басқаның маңдайына сілтегені қалай? Қайта мың жерден батыр болса да, жанында ізгіліктің нұры бар Жалпақ қызын арашалай келген ана сөзіне қонақ беріп, соңын күткенінің өзі ерлік екен (ол да анаға деген махаббаттан туған ерлік).
Он бесінде өзі де осылай тегіннен олжаға кете барған әлгі ана өмір жолын өжеттікпен баяндап, қырық жігітті қаңтарып қойып, қызын арашалап әкетіп бара жатып: «Жалпақ деген батыр көрсеңдер, сәлем айт!», деп қалады. Жалпақ батыр «қолдары қарғаның тұяғындай қап-қара» ана кезіндегі өзінің қалыңдығы екенін сонда бір-ақ біледі. «Тау құлағандай гүрс етіп құлап түсіп еді» дейді автор.
Анадан туғаныңды, адамнан жаралғаныңды ұмытпау үшін Ғабеңнің ана туралы шығармаларын оқып тұрса артық емес.