Кеше Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Осымен оныншы рет өтіп отырған Ұйым Кеңесінің отырысында өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер талқыланды.
Отырысқа Ұйымға мүше Мемлекеттер басшылары – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон және Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Руслан Қазақбаев, байқаушы мемлекеттерден – Моңғолияның Президенті Цахнагийн Элбэгдорж, Пәкстан Ислам Республикасының Президенті Асиф Али Зардари, Үндістан және Иранның Сыртқы істер министрлері, арнайы шақырылған елдерден Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхаммедов, сондай-ақ халықаралық беделді ұйымдардан өкілдер қатысты.
ШЫҰ Кеңесінің мәжілісі Ұйымға мүше Мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы отырысынан басталды. Одан кейін отырыс кеңейтілген құрамда әрі қарай жалғасты. Кеңес отырысына Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов төрағалық етті. Отырысты ашардағы сөзінде Ислам Каримов Ұйымға қатысушы Мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында қаралған мәселелерден қысқаша хабарлама жасады. Өзбекстан басшысының атап өтуінше, отырыс аса мазмұнды және жоғары деңгейде өткен. Өңірлік және халықаралық маңызды проблемаларға баса назар аударылып, сол мәселелер төңірегінде пікірлер алмасылған. ШЫҰ-ның жыл ішіндегі жұмыс қорытындысына баға беріліп, қол қоюға баяндалған құжаттар жобасы қарастырылған. Сонымен қатар, отырыстың күн тәртібі – ШЫҰ аясында көпжоспарлы ынтымақтастықты тереңдету және Ұйымның халықаралық беделін көтеру мәселелері талқыланыпты.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес мемлекеттер басшыларына сөз альфавит бойынша берілді. Сөйтіп, алғашқы сөзді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алды. Қазақстан басшысы бірінші кезекте Өзбекстан Президенті Ислам Каримовті ШЫҰ-дағы төрағалығын табысты аяқтағандығымен құттықтап, Мемлекет басшылары кеңесін тамаша ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Өткен жылдар бедерінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселелеріндегі көпжақты үнқатысудың беделді форумы және маңызды тетігі ретінде берік орнықты, деді өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. ШЫҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша жоғары деңгейі ұйымның уақыт тынысымен тыныстап, сыртқы қауіп-қатерлерге күш біріктіре қарсы тұрып, оларды өзара сенім мен түсіністік негізінде еңсеруге болатынын көрсетіп берді.
Қазақстан Президенті сондай-ақ ШЫҰ құрылуының онжылдығы қарсаңында еліміздің ұйымға төрағалық тізгінін ұстайтыны біздің өңірімізде болып жатқан саяси оқиғаларды есепке алғанда ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап көрсетті. Осыған байланысты ШЫҰ-ға қазақстандық төрағалықтың негізгі басымдықтарының бірі Орталық Азия өңірінде бейбітшілікті сақтай отырып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету болады. Мұның, әсіресе, Қырғызстандағы оқиғалармен байланысты көкейкестілігі арта түседі.
Бауырлас Қырғызстан халқына бүгінгі қиындықтарды еңсеруде, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға қол жеткізуде көмек қолын созудың маңызы ерекше жоғары. Қырғызстанға ШЫҰ-ның гуманитарлық көмегінің маңызы зор, деді осы орайда Қазақстан басшысы.
ШЫҰ қызметінің аса маңыздағы бағыттарының бірі терроризммен күрес болып қалып отыр және бұл бағытта ұйымның Өңірлік антитеррорлық құрылымы (ӨАТҚ) белсенді жұмыс атқаруда, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын есепке алатын болсақ, ШЫҰ-ның ӨАТҚ Атқару комитеті мен ЕҚЫҰ-ның Антитеррорлық бөлімшесі арасындағы байланыстарды тереңдету үшін жақсы мүмкіндік бар.
Қазақстан Президенті осы ретте ШЫҰ ӨАТҚ мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Контртеррорлық комитеті және 1267 комитеті, Интерпол, БҰҰ басқармасы аясында жұмыс істейтін есірткі мен қылмысқа қарсы құрылым – ОАӨАҮО араларындағы өзара іс-қимылды іс жүзінде кеңейте түсу қажет деген пайымын ортаға салды. Контртеррорлық ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын дамыту үлкен маңызға ие.
Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы қылмыспен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын қуана құттықтайды. Бұл жерде террорлық белсенділіктің тамырына қан жүгіртіп отырған негізгі көздердің бірі – есірткі саудасына қарсы күреске айрықша назар аударылып отыр. ШЫҰ-ның 2011-2016 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стратегиясын қабылдау есірткінің заңсыз айналымымен күреске бағытталған шаралардың тиімділігін арттыруға оң ықпал ететін болады, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін өңірде бүгінде жұмыс істеп тұрған есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес құрылымдары төңірегіне топтастыруды ұсынады. Орталықазиялық өңірлік ақпараттық-үйлестіруші орталық (ОАӨАҮО) есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі жаһандық желінің маңызды элементі бола алар еді. Біздің бәріміз Ауғанстанның орнықты және тұрақты дамуын қалаймыз. Аталған елдегі ахуалдың қалыпқа түсуіне Орталық Азия өңіріндегі және тұтастай алғанда әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік тәуелді болып табылады.
Осылай деп ой сабақтаған Қазақстан басшысы Ауғанстанды ШЫҰ кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерге – экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, оның ішінде “ШЫҰ-Ауғанстан” байланыс тобы желісі бойынша, белсендірек тартудың маңызы зор екеніне екпін түсірді. ШЫҰ мен Ауғанстанның Терроризммен күрес, есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмыс проблемалары бойынша іс-қимыл жоспарын тиімді жүзеге асырудың маңызы зор.
Экономикалық кооперация Шанхай ұйымы қызметінің маңызды бағыттары қатарына жатады және салалық министрліктер мен ведомстволар жетекшілерінің кеңесі жұмысын, сондай-ақ ШЫҰ-ның Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына байланысты іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметін белсенділендіруді талап етеді.
Біздің елдеріміздің энергетикалық болашағына әлемдік қуат көздері қорларының тапшылығы ықпалын есепке алсақ, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы, ШЫҰ аясында өндірісшілердің, тасымалдаушылар мен қуат көздерін пайдаланушылардың стратегиялық мүдделерін үйлестіруге болатын энергетикалық қоғамдастық құрудың барлық мүмкіндіктері бар екеніне сенім мол.
Маңызды бағыттардың қатарында көлік коммуникацияларын дамыту тұрғанын атап өткен жөн. Қазақстан, трансқұрлықтық автокөлік инфрақұрылымын белсенді дамытып отырған ел ретінде, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері арасында халықаралық автомобиль тасымалы үшін ыңғайлы жағдай жасау туралы келісімді үйлестіруді жеделдетуді ұсынады. Қаржы жүйесі дағдарысы тереңдете түсіп отырған әлемдік рыноктағы тұрақсыздық жағдайында жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төнеді. Сондықтан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері арасында қол қойылуы жоспарланып отырған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аталған қауіп-қатердің салдарын азайтуға бағытталған шаралар қабылдауға оң ықпал ететін болады.
Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезекте жұртшылық назарын соңғы кездері жиі бой көрсете бастаған табиғи және техногендік катаклизмдерге аударды. Мұндай жағдайда, деді Мемлекет басшысы, Қазақстанда ШЫҰ-ның төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою жөніндегі орталығын құру табиғи апаттардың ықпалын азайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, мүше елдердің бір-біріне көмектесуіне жағдай туғызады.
Нұрсұлтан Әбішұлы қауіпсіздіктің көкейкесті өлшемдерінің бірі – ақпарат саласына назар аударды. Өңірдегі соңғы оқиғаларды ескере келгенде, бірлескен іс-қимылсыз ақпараттық қауіпсіздікті техникалық, сонымен бір мезгілде мазмұндық тұрғыдан да қамтамасыз ету қиын болатынына көз жеткізгенімізді атап көрсетті. Осы ретте 2011 жылы ШЫҰ жауапкершілігі аймағында нақты жұмыс істейтін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетігін жасау үшін таяу уақыттарда консультациялар өткізу қажет деп санайтынын мәлімдеді. Бұл тұрғыда мәдениет, туризм және спорт, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық пен ШЫҰ аясында жастар арасындағы байланыстарды дамыту перспективаларының болашағы зор.
ШЫҰ-ның халықаралық ықпалды құрылым ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайту оның халықаралық және өңірлік бірлестіктермен байланысын кеңейтуді қарастырады.
Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі рөлін, сондай-ақ еліміздің ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіндегі алдағы төрағалығын аталған ірі өңірлік форумдардың Шанхай ұйымымен өзара іс-қимылын кеңейту үшін пайдалану ниетінде, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы сөзінің соңында бүгін еліміздің 2010-2011 жылдары өзіне ШЫҰ-дағы төрағалық секілді жауапты миссияны алатынын атап өтті. Қазақстан Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы лауазымында өзінің негізгі күш-жігерін көпжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша біздің қоғамдарымыздың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағыттайтын болады. Сонымен қатар, байқаушы мемлекеттер мен үнқатысу бойынша әріптестерді ШЫҰ қызметіне тартуға, оның халықаралық байланыстарын әлемдік беделді геосаяси субъект ретінде белсенділендіруге жоғары назар аударылады, деді Қазақстан басшысы.
Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының үйлестіруші тетіктерін нығайту, барлық бағыттарда өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету, біздің ұйымымыздың халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз.
Біздің біріккен күш-жігерлеріміздің нәтижесінде осы және басқа да көптеген міндеттер табысты жүзеге асатынына сенімдімін. Барлығыңызды 2011 жылдың 15 маусымында Шанхай ынтымақтастық ұйымының күнінде Астанада көремін ғой деп үміттенемін, деді сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан соң сөз Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоға берілді. Қытай басшысы Өзбекстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуі барысында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылғанын, Қытай елі оны жоғары бағалайтынын айта келіп, Ұйым аясында жүзеге асырылған негізгі іс-шараларға тоқталды. Төрағаның атап өтуінше, осыдан алты жыл бұрын ШЫҰ-ның Ташкенттегі мәжілісінен бергі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарды. Әсіресе, соңғы жылдары ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық артып, жаңа сатыға көтерілді. Ташкенттегі сол саммитте ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім жасалған еді. Бүгін соған қол жеткізіліп отыр.
Қытай Төрағасы осыған ризашылық білдіріп өтті. Сонымен қатар, Ху Цзиньтао бүгінде әлемде экономикалық ынтымақтастық дамып, халықаралық саясат өзгеріп жатқанын, жаһандық экономикалық дағдарыс елдерді жақындастыра түскенін атай келіп, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне табыстар тіледі. Келесі жылы ШЫҰ-ның құрылғанына он жыл толатынын, осы мерекелік дата Астанада Ұйымға мүше Мемлекеттер басшыларының кеңесінде кеңінен әңгіме болатынын атады.
Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев ШЫҰ-ның халықаралық беделі уақыт өткен сайын артып келе жатқанына назар аударып, Ұйым аясында Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру жайына тоқталды. Ресей Президентінің хабардар етуінше, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге барынша күш-жігер жұмсап келеді. Сондықтан да Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға көмек қолын созды. Осыған байланысты Ұйымға қатысушы бірқатар елдер шұғыл әрекет жасауға тура келді. Бұл мәселені біздер шағын құрамдағы отырыста да талқыладық, деді Дмитрий Медведев. Сөз жоқ, бұл – өте маңызды тақырып. Біздің елдер уақыт оздырмай дер кезінде қырғыз халқына көмектесе білді. Бүгін біздер алдағы уақытта Қырғызстанға ШЫҰ желісі бойынша ықпал етуді үйлестіру жөніндегі мәселені де талқыладық. Оны өкілетті ведомство жүргізетін болады.
Ресей Президенті, сондай-ақ Қырғызстанның мемлекеттілігі жайында да пікір білдірді. Оның айтуынша, ШЫҰ Қырғызстанға өз миссиясын жібереді. Олар 27 маусымда өтетін референдум үдерістерін бақылайды. Бұған қоса Дмитрий Медведев Ұйымның өңірдегі қауіпсіздікті нығайту барысындағы іс-шараларын атай кетті. Ұйымға мүше мемлекеттер арасында лаңкестікке, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орныққан. Ұйымның Өңірлік антитеррорлық құрылымы жұмыс істейді. Бүгінде ШЫҰ-ның аталған мәселелер мен күрестегі іс-қимылы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр.
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ-ның басты мақсаты өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету екеніне, алдағы уақытта да солай болып қала беретініне тоқталды. Президенттің тоқталып өткеніндей, Ұйым соңғы жылдары беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасай бастады. Жақында ШЫҰ Хатшылығы мен БҰҰ Хатшылығы арасында қол қойылған бірлескен декларацияның маңызы зор. Бұл құжат орын алуы мүмкін кикілжіңдерді беделді осы екі ұйым бірлесе отырып реттеуге жол ашады. Сондай-ақ ол Ауғанстанға байланысты да пікір білдірді. Эмомали Рахмонның хабардар етуінше, кейбір мәселелер қазіргі кезде тоқтап тұр. Бұдан соң Президент Қырғызстанды тұрақтандыру өңір үшін аса жауапты екендігін атап өңірдегі энергетикалық қауіпсіздік жайын сөз етті.
Ал Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Руслан Қазақбаев негізінен Қырғызстандағы жағдайды, жақында өтетін референдум баян етіп, осы шаралар елді саяси жағынан тұрақтандырып, экономикалық даму жолына бағыттайтынын атады. Халықаралық ұйымдарды референдум үдерістерін бақылауға шақырды. Сонымен қатар, ол 10 маусымнан 11 маусымға қараған түні Ош облысында орын алған қайғылы оқиғалардан да хабардар етті.
Ұйым Кеңесінің кеңейтілген отырысында, сондай-ақ Моңғолия Президенті Цахнагийн Элбэгдорж, Ауғанстан Президенті Хамит Карзай, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхаммедов, тағы басқалар сөз алып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне ризашылықтарын білдірді және Қазақстанның Ұйым төрағалығындағы қызметіне табыстар тіледі.
Ұйым Кеңесі отырыстарының қорытындысында ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің оныншы отырысының декларациясы қабылданды. Сонымен қатар, Ұйымның жаңа мүшелерін қабылдау туралы ережеге, Ұйымның процедуралық тәртібін бекіту туралы шешімге, Ұйымға мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, тағы басқа құжаттарға қол қойылды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.