1860 жылы Орынбор облыстық басқармасы Ы.Алтынсариннің үзбей жазған өтінішін қанағаттандырып, қазақ балаларына бастауыш мектеп ашуға рұқсат берді. Енді ол күре жолдан шалғай жатқан Торғай өлкесінен ашылатын мектепке мұғалімдікке жіберілді. Бірақ білім ордасы бірден ашылмады. Бұл аралықта Ыбырай атамыз ауылдарды аралап, жұртшылықпен жүздесіп, мектептің не екенін түсіндіріп, өз үйінде біраз баланың сауатын ашты.
Алдымен оған Торғайдан мектеп салуға жергілікті көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қолдау көрсетті. Әсіресе нағашылары – атақты Шақшақ Жәнібек батыр ұрпақтары, соның ішінде Шеген бидің балалары жәрдем беріп, ортақ іске қаражат жинады. 1861 жылы мектептің құрылысы басталды. Оның қабырғасы 1 метрлік саман кірпішпен қаланып, қадасы 1 метр сайын салынған.
Ыбырайтанушы ғалым, ақын Серікбай Оспанұлының айтуынша, мектеп салу бастамасы көтерілгенде ел ішінен сәулетші іздейді. Сонда сәулетшілік білімі болмаса да, ауылда көптеген үйдің іргетасын қалап жүрген Шилі ауылының тұрғыны Талпақ Байтөреұлы есімді шебер аталған ғимараттың нобайын сызып, құрылысты өз мойнына алған. Торғайда құрылысқа жарайтын ағаш өспейтіндіктен оны 500 шақырым қашықтықта жатқан Аманқарағай орманынан тасыған. Ыбырай атамыздың өзі ел адамдарымен бірге қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан өгіз арбамен бірнеше мәрте қатынап, ағаштарды тасып жеткізген.
Осыншама талмас күш, қажыр-қайрат жұмсалған мектеп төрт жылдан кейін толық салынып бітті. 1864 жылы 8 қаңтарда білім ордасының алғашқы қоңырауы соғылды. «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жазады ағартушы, профессор Н.Ильминскийге жолдаған хатында. Торғай жеріндегі алғашқы мектептің ашылуы үлкен думанға ұласып, ұлттық ойындар ойналған.
«Ыбырай Торғайда мектеп ашуға 1860 жылы кірісіп, он тоғыз жыл ішінде он бір мектеп ашқан. Бұл оңай шаруа емес. Бір шеті мен екінші шетіне ұшса, құстың қанаты талатын Торғай облысының ауылдарын қысы-жазы аралап, жалынып-жалпайып жұрттан тиындап ақша жинау үшін шыдам керек. Оның үстіне қараңғы халықтың көбі үмітпен емес, күдікпен қарап, «балаларымызды шоқындырып жібереді» деуі, өзін «шоқынды» атауы жүрегіне инедей қадалады. Түсінгендері қолдарынан келген көмектерін аямай, барын ұсынады, отын, кірпіш дайындауына қол ұшын береді. Ең сорақысы – чиновниктердің шовинистік көзқарасы, қазақ даласында мектеп салуға қарсылығы, аяқтан шалып, қудалауы, өтірік-өсек қаулатуы...Осының бәріне төзіп, қолға алған ісін тоқтатпауы – Ыбырайдың ерлігі, елін шексіз сүйгендігі», деп жазады ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы «Ыбырай жолы» атты кітабында.
Ұлағатты ұстаз өзі ашқан мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрды. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысты. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдеді.
Бір өкініштісі, ғасырдан астам уақытқа төтеп берген Торғайдағы Ыбырай мектебінің ғимараты 1969 жылы қолмен құлатылды. Бірақ ұлы ұстаздың ағартушылық жолы шәкірттерімен мәңгілікке жалғасын тапты.