Былтыр ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан тұғырлы тұлғаның 125 жылдығына орай Темірбек Жүргенов жылы деп жарияланды. Осыған орай қоғам қайраткерінің құрметіне жыл бойы түрлі іс-шара ұйымдастырды. Соның жалғасы ретінде жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты кітабы түрік тіліне аударылса, ғалым Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» атты еңбегі орыс тілінде жарыққа шықты.
Б.Қойшыбаевтың түрік тіліндегі «Komiser Jürgenov» атты романында халқымыздың біртуар перзентінің өмір жолы, өскен ортасы, ел игілігі жолындағы жанқиярлық еңбегі, қуғын-сүргінге түскен қайраткер отбасының басынан өткен ауыр кезеңдері шыншыл жазылған. Сондай-ақ жазықсыз жаланың құрбаны болған ардақты тұлғаның жары Дәмеш Әмірханқызы ерінің есімін қоғам өміріне қайтару жолындағы ұзақ жылдар тынымсыз тер төккені шынайы баяндалған.
Ал ғалым Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» атты кең көлемдегі мұрағат деректеріне сүйеніп жазылған монографиялық еңбегінде көрнекті қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі барынша ашылған.
Іс-шара барысында сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев аталған министрлік Т.Жүргенов мұрасын насихаттауды үнемі назарда ұстайтынын айтты. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев мазмұнды іс-шараның маңызына тоқтала келіп, «Былтыр ардақты азаматтың 125 жылдығын күллі Түркі дүниесі бірігіп тойлады. Енді оның әдеби-публицистикалық мұрасын түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орнын нақты белгілеу– сіз бен біздің және келешек ұрпақтың мойнындағы парыз», деді ол.
Тұсаукесерді ТҮРКСОЙ-дың Қазақстандағы мәдени өкілі, академик Кәрімбек Құрманәлиев жүргізді. Жиында Парламент сенатының депутаттары Д.Қыдырәлі, Р.Рүстемов, ғалымдар Д.Қамзабекұлы, А.Шәріп, Е.Тілешев, Ә.Бәкір, О.Әлиев, темірбектанушы С.Аңсатов т.б. сөйлеп, тұлғатанудың ел бірлігі мен мемлекетшілдікке ықпалын баса айтты.