Еңбек • 22 Қаңтар, 2024

Қайраттың бағы

316 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кейіпкеріміз Қайрат Кәрімовтің мәпелеп өсіріп жатқан керемет бағы бар. Сергей Исаев атындағы эксперименталды коллекциялық питомник-бақ.­ Мұнда алма мен жүзімнің әрқайсының 200-ден аса түрі өсіп жатыр.

Қайраттың бағы

Атақты маманның батасын алған

Қ.Кәрімовтің эксперименталды бағы 2015 жылдың күзінен бастау алады. Сол жылы жары Роза, балалары және ағайындарымен Орал қаласының іргесіндегі 7 гектар алқапты тазалауды бастаған. Бұл жер ертеде әдемі бақ болған, кейін жабайыланып, тұмса тоғайға айналған мүйіс еді. Әуелгі жылы тал-теректі тамырымен құртып тазалап, келесі жылы әлгі жерге қыша егіп тастады. Бұл жер тыңайып, арам шөп пен бұта тамыры түгел құруы үшін керек еді. Содан кейін ғана алма көшеттерін егуге кірісті.

Айтпақшы, Қайраттың бағының тарихы қалай басталғаны жөнінде күнделік жазбалары Ирина Исаеваның «Жемісті бақ» («Плодовый сад») сайтында фотоқұжаттармен бірге басылған. Ал И.Исаеваның өзі деген кім еді? Ол – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, өз қолымен талай бақты жайқалтқан бағбан, осы салада ізін қалдырған атақты ғалым, қаншама шәкірт тәрбиелеген ағартушы. Оның әкесі Сергей Исаев та өмірін алманың жаңа сорттарын шығаруға арнаған аңыз адам болатын. Әйгілі И.Мичуриннің ең талантты шәкірті С.Исаев Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өзі өсіріп бастаған алманың жаңа тұқымдарын сақтау үшін жанкештілікпен еңбек етіпті. Оның әңгімесі өте ұзақ әрі қызықты. Біз оған тоқталмай, осы ғалымдардан қалған ең үлкен коллекция қазір Орал қаласының түбінде, Қайраттың бағында өсіп жатқанын айтамыз.

«Ресей бағбандық ғылымының аңы­зы» атанған Ирина Исаева былтыр 16 шілдеде 88 жасында өмірден өтті. Әйгі­лі ғалымның бақи кешер алдында айтқан сөзі диктофонға жазылып қалып­ты: «Қымбатты Қайрат! Міне, сен бақ ектің, онда негізінен менің әкем – ХХ ғасырдың ірі селекционер ғалымы шығарған сорттарды отырғыздың, әрі бақты Сергей Исаевтың есімімен ата­дың. Әкем әйгілі Мичуриннің шәкірті еді. Ұстазы дүниеден өткен соң біздің елде бүкіл селекциялық жұмысқа жетек­шілік етіп, алманың талай жаңа сортын шығарған еді. Әлемде теңдесі жоқ осы жұмыс, алманың генетикалық қор-қазынасы «қайта құру» кезінде қирап қалды. Мен 80-жылдардың соңынан бері осы қазынаны сақтау, бола­шаққа жалғау үшін күрестім. Егер менің қолымнан бір нәрсе келсе, ол өзің сияқты жанкешті энтузиастардың арқа­сы дер едім. Тіпті солардың ішінде сен ерекшесің! Сен Мичурин бастаған, одан менің әкеме, одан маған көшкен ұлы істің тікелей мұрагерісің!» Ирина Сер­гей­қызы өмірден өткенше осы сөздерді айтып, Қайратқа үміт артып кетті.

 д

Алуан түрлі алма

Осылайша, Оралдың түбінде, 7 гектар алқапта Қайраттың бағы тамыр тартты. Ұстазы да, Ирина Сергейқызын сыйлайтын ресейлік селекционер ғалымдар да бұл іске көмегін аямаған. Шын мәнінде Қайрат пен Розаның ісі – нағыз ғылыми жұмыс. Осы бақтың аясында түрлі алма тұқымдарын Батыс Қазақстанның күрт құбылмалы ауа райында зерттеп, сынақтан өткізетін тәжірибе алаңы қалыптасты. Қайрат Кәрімов пен Роза Өмірзақова Орынбор мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірді. Ерлі-зайыпты бағбан қазір аядай бақта алманың алуан түрін аялап өсіріп жатыр.

«Мұндай ғылыми бақ кәсіпкерлер үшін өте керек. Олар эксперимент жасап отыра алмайды ғой. Алманың қандай да бір түрі барлық қасиетін ашып көрсетуі үшін кемінде 7 жыл қажет. Сол жұмысты біз атқарып, әбден тәжірибеден өткізіп, бизнес өкілдеріне қандай сорт егуі қажет екенін анықтап береміз. Бізде қазір осындай ғылыми жұмыс жүріп жатыр», дейді Қайрат.

Бағбанның айтуынша, әр сорттың өзінің бағы жанатын, жұлдызы жанатын жері болады. Бір қызығы, алманың көп сорты дәл осы Қайраттың бағында өзінің толық әлеуетін көрсетіп, жайқалып тұр. Алма қалай сыналады? Қандай фактор маңызды? Аязға, ауруға төзімділік, көп күтім сұрамауы, жыл сайын өнім беруі, сыртқы түр-сипаты, дәмі, тіпті ағашта көп тұруы – бәрі ескеріледі. «Өте тәтті алмалар бар, бірақ піскен бойда жерге түсіп қалады. Өндірістік алма шаруашылығы үшін мұндай сорттар жарамайды. Өйткені пәлен гектар бақтың өнімін аз уақытта жинап үлгеру керек. Осының бәрін ескереміз», дейді кейіпкеріміз.

Қайраттың алма жайындағы әңгі­ме­сі таңға дейін таусылмайды. Оның сөзі­нен өз ісіне деген шексіз махаббатты көре­сің. Ол махаббат Қайраттың тап-тұй­нақтай, көрсе көз тоймайтын алма бағы­нан да көрініп тұр. «Алма деген – адам сияқты ғой» деп басталған әңгіме адам­ды ұйытады, сендіреді, тереңіне тартады.

д

«Алманың сорты, тұқымы бар, одан бөлек «подвой» (телтүбір) деген бар. Подвойды «алма ағашының іргетасы» деп атайды. Әр сорт әр подвойда өзін қалай көрсетеді? Міне, сол өте маңызды. Алманы біз сорттарымен білеміз. Ал подвой нөмірмен белгіленеді. Бізде 80 түрлі подвой бар. Мысалы, «антоновка» деген сортты алайық. Антоновка әр подвойда өзін әртүрлі көрсетеді. Тіпті түсіне дейін бөлек болады. Бірінде өнім көп береді, бірінде төзімді болады. Мысалы, аязға төзімді сортты басқа подвойға отырғызса, үсіп кетеді. Сондықтан сортты зерттегенде түрлі подвойға салып сынайды. Подвой комбинациясы өте керемет нәтиже береді. Мысалы, 1862 жылы Воронеждан Алматыға көшкен бір шаруа өзінің қарапайым көшеттерін ала барған. Сол қарапайым тұқым Алматының сиверс деген подвойына телініп, белгілі бір биіктікте егілген кезде өзін апорт сияқты көрсеткен», дейді Қайрат.

Бағбанның айтуынша, алманың өсуіне күн көзінің әсері өте ерекше болады.

«Біздің жақтың алмасына, оның дәрумендік құрамына тіпті алматы­лық­тардың өзі таңғалады. Бізде өскен алмалардың дәмдік сапасы өте жоғары болатыны дәлелденген. Қыста салқын, жазда ыстық, жаздыгүні күн көзі 19 сағат бойы түседі – осының бәрі әсер етеді. Жақында біз Роза екеуміз Ресей­дегі Мичурин конференциясына бардық. Сол жерде Орлов ҒЗИ ғалымдары өздері шығарған «орловский полосатый» деген алма сортын алып келді. Ал ол сорт бізде қып-қызыл! Біздегі күннің көзі сондай, қызарғанда жолағы көрінбей кетеді. Фотосын көрсетіп едік, «Мынау шынымен біздің «орлов жолақ» па?» деп орыс ғалымдары таңғалды», дейді ол.

Өткен күзде Астанада өткен бір форумда арнайы апарылған, Қайраттың бағында өскен алма мен жүзім түрле­рі­нің дәмін татып көрген жандар таң­ғалыпты. «Біздің алмалар кәмпит сияқты, дәмі өте тәтті. Әр сорттың өзінің десерттік дәмі бар» дейді Қайрат мақтанышпен. Бұл рас. Осы жолдардың авторы да әйгілі бақтың жемісін татып көріп, ғажайыпты әбден мойындаған.

 д

Ғалымдар мойындаған бағбандар

«Біздің Оралдың алма бағы кезінде бүкіл әлемге мәшһүр болған. 1910 жылы Парижде өткен әлемдік көрмеде Оралда өскен анис тұқымды алманың алтын медаль алғанын білесіз бе? Тіпті кеңес өкіметі жылдары да Оралдың алма бақтары одақ бойынша ең жақсы өнімімен әйгілі болған», дейді Қайрат.

Тарихи деректерге қарасақ, Батыс Қазақстан облысында 1916-1917 жылдары жеміс бағының көлемі 2 349 гектар болыпты. Сол жылы 1 100 тонна алма жиналған. Оралдың алмалары Мәскеу, Санкт-Петербургке тасылған. Облыс аумағынан сыртқа кеткен алманың көлемі 500 тоннаға дейін жетіпті. Айтса айтқандай, бұрын одақ кезінде Орал облысының әр ауданында кемінде 2-3 жерде алма бағы болды. Сол алмамен аудан халқын қамтамасыз етіп тұрды.

«Мұның бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, дені сау ұлт – мемлекет байлығы. Әр адам дәрумені көп, өз жерінде өскен экологиялық таза жемісті жеп өседі. Екіншіден, импорт алмастыру деген осы ғой. Неге біздің ақшамыз басқа жаққа кетеді? Неге өзгенікін аламыз? Өзімізде өспейтін зат болса екен. Керемет өсіп тұр ғой. Үшіншіден, мұндай бақтар көп болса, өз балаларымыз алма бақтың не екенін көріп өсер еді. Қазір 30-ға келіп қалған жастар бақ­тың не екенін білмейді. Табиғатты көр­меген буын өсіп шықты. Студенттер осын­дай жерде жұмыс істеп үйренсе, таби­ғатқа жақындап, елін сүйіп өсер еді», деп күйінеді Қайрат.

Расында, күні кеше дерлік Теректі ауданындағы Барбастау алма бағының даңқы талай жерге жетіп тұрған еді. Орынбор университетінде Қайраттың ғылыми жетекшісі болған белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Евгений Савин 1980 жылдары осы Барбастауда ергежейлі алма ағаштарына тәжірибе жасаған екен. Сол кезде бүкіл кеңес одағы бойынша үздік өнімділігімен әйгілі болған Барбастау қазір жоқ. Өкінішті.

Қайрат пен Розаның биыл күзде Ресейдің Мичуринск қаласындағы ғылыми конференцияға еліміздің атынан қатысып қайтқанын айттық. Шыны керек, орыс ғалымдары оралдық бағбан отбасын өте жоғары бағалайды. Бағбаншылық өнерінің бүкіл марғас­қа­лары жиналған сол жиында ғалымдар Қайрат пен Розаның сөзінен кейін: «Мұндай ғылыми терең баяндаманы біз көптен бері көрмеп едік» деп мойын­дапты. «Алманың мынадай алуан генофонды сіздің бағыңыздан басқа еш жерде қалмайтын шығар», депті бір ғалым.

«Біз кішкентай ғана отбасымыз ғой. Мүмкіндігіміз шектеулі. Алма бағының көлемін үлкейтіп, өндірістік дәрежеге жеткізу үшін күш-қуат, қаржы, мемлекеттің қолдауы қажет. Әзірге ондай болмай тұр», дейді Қ.Кәрімов.

Айтпақшы, 2020 жылы Ресейдің аты әйгілі бір топ ғалымы Қазақстан Президентінің атына хат жазған:

«Біз Орал қаласында коллекциялық тәлімбақ өсіріп жатқан әріптестеріміз Қайрат пен Розаның ісіне үлкен үмітпен қарап отырмыз. Мұнда алманың 200 тұқымы мен 80 түрлі телітушісі, жүзімнің 170 түрлі сорты өсіп жатыр. Кәрімовтер осы кезге дейін өз күші­­мен қыруар жұмыс атқарды. Осынау еңбекті еш кетірмей, нәтижені өндірістік масштабқа дейін жеткізу үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден Қайрат Кәрімовке заманауи деңгейдегі өндірістік бақ қалыптастыруына қажет көмекті грант ретінде бөлу жөнінде орталық өкілетті органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бұл Батыс Қазақстанның ғана емес, тұтас мемлекеттің абыройын асқақтататын іс болар еді», деген еді сол хатта Ирина Исаева, Леонид Котов, Максим Раченко, Евгений Савин сынды ғалымдар.

«Бұл хаттың нәтижесі не болды?» деген сұрақ тіл ұшында тұрған шығар? Иә, өкінішке қарай, осыдан екі жыл бұрын Премьер-министрдің өзі «Өнеркәсіптік баққа көмектесіңдер» деп қол қойған хаттама әлі жүзеге аспай келеді.

 л

Берекелі істің басы

Қайрат әзірге өз қолынан келетін істен тартынған емес. 2020 жылы Батыс Қазақстан облысында «Менің аулам – менің бағым» деген жоба бас­талды. Өңірдің әр аудан-ауылдарында тұратын аз қамтылған отбасылар өз қалауы бойынша жеміс ағаштарын алып, ауласына отырғызып бастады. Бұл іске бас кеңесші болып Қайраттың өзі жүрді. Әр өңірге лайықты сортты таңдау, көшетті отырғызу, күтіп-баптау жөнінде көмегін аяған емес. «Сол жеміс ағаштары енді-енді өнім бере бастады», деп қуанады бағбан.

2021 жылы Астананың алты мекте­бі­нің ауласында да Қайраттың бастамасымен 100-ге тарта алма ағашы егілген еді. Қазір олар да – бақылауда.

«Мичуринскіде ғалымдар баптап-күтетін үлгілі өндірістік бақ бар. Бизнес өкілдері келіп, әртүрлі тұқымның артықшылығын, ерекшелігін көреді. Сол жердегі арнайы тәлімбақтан өзі қалаған сортты өзі қалаған көлемде сатып алады. Қазір Қазақстанға алма да, көшеттер де негізінен шеттен келеді. Себебі бізде мұндай бақ жоқ», дейді Қайрат.

Негізі Қ.Кәрімов өндірістік баққа арналған жерді дайындап қойған. Бірақ оны игеріп алып кетуге көп күш керек. Жеміс сақтайтын қойма, түрлі техника, мамандар, қаражат қажет. Бастапқыда мемлекет тарапынан көмек-қолдау болса, кейін өзін өзі ақтайтын, әрі мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатын үлкен іске айналар еді.

«Қазақстан ауа райы күрт құбыл­малы аймаққа жатады. Соған қара­мастан, алманы Қазақстанның бар­лық өңірінде өсіруге болады. Біз халқымызды өзіміз алмамен толық қамти аламыз. Ал қазіргі біздің бақта өсіп жатқан мынадай генофонд – стратегиялық маңызы бар қазына дер едім», дейді Қайрат.

Айтпақшы, келер жылы Оралда ботаникалық бақ ашылғалы жатыр. Жобалаушылар бұл Орал қаласының «тұз көзірі», ерекше визит-орталығы болады деп отыр. Әрине, бұл жерде де біздің Қайрат білегін сыбанып, бас кейіпкер болып жүргені анық.

«Менің ойымша, ботаникалық бақтың функциясы ғылыми-ағарту­шы­лық бағытта болуы керек. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған ботаникалық үйірмелері, студенттердің ғылыми жоба жазып, тәжірибе жасайтын алаңы болады деп ойлаймын. Алматының ботаникалық бағымен, ботаника институтымен тығыз қарым-қатынастамыз. Қазір әкімдік 12 га жерді белгілеп берді. Жоба жасалды. Ботаникалық бақ белгілі кәсіпкер Тимур Турловтың қаржылай қолдауымен қалыптаспақ», дейді Қайрат.

 

Батыс Қазақстан облысы