Өндіріс • 23 Қаңтар, 2024

Ошақтың отын маздатқан

192 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таулы өңірдің қысы алты айға созылады. Жаз жай шығып, күз түсісімен от жағу машақаты басталады. Мұндайда отын-су әзірлеудің әуресі аз емес. Әсіресе сырттан жеткізілетін көмір бағасының қымбатшылығы қалта жұқартады. Сондықтан ала жаздайғы тапқан-таянғанын жемшөп, отын-су даярлауға жұмсайтын жұртқа «Ойқарағай» көмірінен қолжетімдісі жоқ. Ошақтың отын өшірмей, қоздап жата беретін бұл көмірді тұтынатын өңір тұрғындары отын жарып, тезек теріп көп әуре-сарсаңға түспейді.

Ошақтың отын маздатқан

Аспантау аясындағы «Ойқа­рағай» кен орны Алматы қала­сы­нан шығысқа қарай 440 ша­қы­рым жерде, Қы­таймен шекаралас, Кетпен тауының биік қыраттарында, теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте, Алматы об­лы­сының Райымбек ауданында орналасқан. Өңірдегі жалғыз өндіріс орнының негізгі бағыты – қоңыр көмір өндіру. Кен орны 2000 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді.

Заманның қиын-қыстау шағын­да жұмыс бастаған көмір өндіруші «Бүркіт» отын-энергетикалық ком­паниясының көздеген мақсат-мүддесі – қысы қатал әрі ұзаққа созылатын таулы аймақтағы ауыл тұрғын­дарын қатты отынмен қам­тамасыз ету.

«Біз алғаш жұмыс бастаған жыл­дар тоқырауға тұспа-тұс кел­ді. Қазақстанда қазіргідей кен өндірісіне қажетті ауыр техникалар мен құрал-жабдықтар, қосалқы бөл­шектер жоқтың қасы еді. Сол се­бепті серіктестікті аяғынан тұр­­ғызуда бір­талай тәуекелдерге бар­­­дық. Бү­лінген, ескі техникалар­ды жөндеп, қалыпқа келтіріп, іске жараттық. Өңірдегі жалғыз кен орнына қажетті маман тапшы болғандықтан, Қарағанды, Кентау, Жаңатас, Жітіқарадан арнайы мамандарды жұмысқа шақырдық. Кен орнын меңгеру өзім үшін де көп ізденуді, оқуды, тәжірибе жи­науды талап етті», дейді «Бүркіт» отын-энергетикалық ком­па­ния­сының басшысы Ләззат Ботабекова.

Тарихы тереңнен басталатын Қазақ­станның көмір өнеркәсібі – мемлекет экономикасындағы ірі салалардың бірі. Соған сай көмір өндіретін кеніштердің де жұмысы жыл өткен сайын жанданып, жеке кен орын­дары көптеп ашылып жатыр. Дерек көз­деріне сүйенсек, елімізде 200-ден астам көмір кен орны бар екен. Ендеше, қара алтынға бағаланатын ел бай­лығын халықтың игілігіне жаратуда жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Ләззат Қайсарқызының көмір өндіру ісін ілгерілетуде та­бан­дылық пен қайсарлық танытып келе жатқан бірегей әйел басшы екенін ескеру артықтық етпес.

Жауапкершілігі зор әрі қауіпті де ауыр жұмысты басқару ісін қолға алған ширек ғасыр ішінде қиындыққа мойымай, мақсатқа жету жолында шүмектете тер төк­кен нәзік жанды басшы бірта­лай белесті артқа қалдырып, бү­гінде еселі еңбектің арқасында тау­лы ауданның әлеуметтік-эконо­ми­­калық дамуына, өркен­деуіне өзін­дік септігін тигізіп келе­ді.

«Ойқарағай» – әлеуметтік сипаты бар кен орны. Себебі тұты­нушыларымыз – ауылдық ауруханалар мен дәрігерлік амбулаториялар, мемлекеттік мекемелер, білім ошақтары мен мәдениет нысандары және аудан тұрғындары. Қазіргі уақытта Райымбек ауданында үлкен кәсіпорындар жоқ. Ең жақын теміржол кен орнынан 440 шақырым жерде ор­наласқан», деген Ләззат Қайсарқызы түп­кілікті тұтынушыларға сатылатын өзін­дік құнын анықтап, компанияның бар­лық шығыны есептеліп барып көмір­дің баға­сы бекі­тілетіндігін тілге тиек етті.

Осы күні көмірдің 1 тоннасы қо­сымша құн салығын қосқанда 8500 тең­геден сатылып жатыр. Кейінгі екі жылда «Ойқарағай» кен орны 40 мың тонна көмір өн­дір­­ген.

Кен орнында көмір сату мерзі­мі жылдың қазан айынан нау­рыз айына дейін жалғасады. Қал­ған жеті айда көмірдің бетін аршу жұ­мыстары мен от жаға­тын мау­сымға дайындық жұмыс­та­ры жүр­гі­зіледі. Сөйтіп, кен орнын­да­ғы тір­­шілік дамыл таппай, жыл он екі ай жалғасады.

Көмірдің бетін аршу үшін 200 мың тонна шамасында топырақ – тау жынысы шығарылып, төгіледі. Көмір бетін аршудың орташа коэффициенті – 5, кен орнының тереңдігі 80 метрге жуықтайды. Табанды іс-қимылдың нәтижесінде өңір­дегі тұтынушылар үшін көмір тап­шылығы туындаған емес.

Өндірілген өнімді сатып, пайда табуды ғана көздемейтін жауап­­кершілігі шектеулі серік­тестіктің пейілі кең басшысы Ләззат Ботабекова әлеуметтік тұр­мыс жағдайы төмен отбасы­ларға қыстан қысылмай шығуы үшін қолұшын беруді өзінің азаматтық борышы деп біледі. Биыл Райымбек ауданындағы аз қамтылған отбасыларға компания есебінен – 250 тонна, ал Кеген ауданына 100 тонна көмірді тегін үлестіруі – осы ойымыздың дәлелі.

Бұдан бөлек Райымбек ауданынан оқуға ынталы екі жасқа қаржылай көмек көрсетудің нәти­жесінде бүгінде олар студент атанып, Қ.Сәтбаев атындағы ұлт­тық техникалық университеттің ақылы бөлімінде білім алып жатыр. 2014 жылдан бері компания есебінен 10 студент оқы­тылып, қалаған мамандықтарын мең­геріп шыққан. Сонымен қатар мем­ле­кеттік мерекелерде де шет қалмай, көп­балалы аналар мен ардагерлерге сый-сияпат жасауда алдына жан салмайтын атымтай жомарттығын жұрт жоғары бағалайды.

«Көмір кенішінде техникалық мамандар жетіспейді. Атап айтсақ, шын­жыртабан трактор, ауыр жүк ма­шиналары мен экскаватор жүр­гізушілеріне зәруміз. Бұл маман­дық иелеріне аудан бойынша сұраныс жоқ емес. «Ойқарағай» кенінде 35 адам еңбек етеді. Олар­дың алды осы компаниямен бірге жасасып келеді. Арамызда зейнет жасына жақындап қалған жан­дар да бар. Табандылық танытып келе жатқан экскаватор жүр­гізушісі Василий Иващенко, бас механик Борис Нивниковтың еңбек еткендеріне 20 жылдан асты. Сондай-ақ көмір тиеуші Қаһарман Ахметов, разрез басшысы Болат Білдебеков, есепшілер Жәмилә Жанұзақова, Валентина Игі­лікова, кадр бөлімінің басшысы Дина Ібітанова, аспаз Қарлығаш Смағұлова, таразы басында тұратын Айым Оралқұлова сын­ды өз ісінің білгірлері өндірісті өркен­детуге өлшеусіз үлес қосуда. Мұндағы еңбек адамдарына бар­лық жағдай жасалған. Олар жайлы жатақхана, кең асханамен қам­тамасыз етілген. Үш уақыт ыс­тық тамақ беріледі. Ауыр еңбек­тен кейін ыстық моншаға түседі. Техникалық қауіп­сіздік шарттары басты назарға алы­нып, жыл мезгілдеріне сай арнайы қорғаныс киімдерімен қамтылған. Жұмыс­керлерді жылына екі рет дәрігер­лік тексерістен өткізіп, әрбірінің ден­­­сау­­лығына жіті көңіл бөлінеді. Жал­пы, кен орнының техникалық жаб­дық­та­ры, өнеркәсіптік базасы, барлығы белгіленген стандарт­тар­ға сәйкес Қытай, Корей және Жапонияның озық техникаларымен қамтамасыз етілгендігін баса айтқым келеді», дейді іскер басшы Ләззат Ботабекова.

Көмір өндіруде жер қойнауы­ның лас­тануына жол бермеу шараларын орындауды, жоспарланған іс-әрекеттердің қоршаған табиғи ортаға тигізетін әсерін бағалау және мемлекеттік табиғат қор­ғау мін­деттері уақтылы жасалуды қа­таң талап етеді. Бұл орайда «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» заң­дарына сәйкес еңбек ырғағын қалып­тастыруда. Сондай-ақ ғы­лым­мен байланыс орнатуға баса көңіл бөлініп, кен орнына ғы­лыми зерттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.

Сапалы көмірге сұраныс артқан. Райымбек пен Кеген ауданда­рына тара­­тылатын «Ойқарағай» көмірі енді Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандары мен Жетісу облысының Панфилов ауданы­на там-тұмдап болса да тасымал­дана бастағаны қуан­тады. Сон­дай-ақ Шым­кент пен Сарыағаш, тіпті Өзбек­­станнан да сұраныс барын мы­сал еткен Ләззат Қайсарқызы кен орнында геологиялық барлау-өндіру, қорыту, маркшейдерлік, инже­нер­лік жұмыстардың кідіріссіз атқарылатындығын әңгімеге арқау етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай, «Еңбек деген – қасиетті ұғым». Жетіс­тік атаулы еңбекпен ғана келеді. Осы өңірде туып-өстік. Өндірістің өркендеуіне қарлы­ғаш­тың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосуға бар күш-қуатымызды жұмылдырудамыз. Туған жердің дамуына әр перзент хал-қадерінше еңбек сіңірсе, бағындырмайтын белес жоқ. Өзде­ріңізге мәлім, Райымбек ауданы Қытай елімен шекаралас. Біздің кен орнынан таяқ тас­там жерде жатыр. Бір өкініштісі, өңір­де шешімін күткен мәселелер де аз емес. Электр желі­ле­рі­нің бағандары әбден тозған. Жел тұрса жарық жиі сөніп, жұмысқа кері әсерін тигізеді. Ауданға цифрландыру жүйесі әлі күнгі енгізілмеген. POS-тер­миналдар жоқ. Ұялы байланыс операторлары дұрыс жұмыс істемейді. Салдарынан интернет қолжетімсіз. Мұның барлығы ауыл халқының әлеуметтік мә­селе­ле­рінің қор­далануына әке­леді», деген кен орнының басшысы Ләззат Қайсарқызы алдағы жылы да өн­ді­ріс қуаттылығын кемітпей, ауыл жұртына жылу сыйлауды мақ­сат етіп отыр. Оған қоса техникалар мен жұмыс­шы­­лар жатақ­ха­насына жөндеу жұ­мыс­та­рын жүргізу де биылғы жыл­дың басты жоспарына енген­дігін атап айтты.

Ауыр кәсіптің тұтқасын ұс­та­ған Ләззат Ботабекованың аудан эконо­ми­ка­сының дамуына қосқан еңбегі еленіп, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамота­сы­мен, түрлі дә­ре­жедегі Ал­ғыс­­ха­т­тар, Мақтау қа­ғаз­да­ры­мен ма­рапатталған. Райымбек ауда­ны­ның Құрметті аза­маты атанған.

2019 жылы Президент Жар­лығымен «Ерен еңбегі үшін» төс­белгісін кеудесіне жар­­қырата тақты. Еселі еңбек ете жү­ріп, өмір­лік серігі, кәсіпкер Тоқан Көкен­ұлы­мен баянды ғұмыр ке­шіп, ба­­ла­ларын аяқтандырып, немере сүй­гендеріне шүкіршілік етеді. Әр ошақ­тың отын маздатып, шаңыраққа жылу сыйлап жүрген аяулы жанға көптің құр­меті айрықша.

 

Алматы облысы