Спорт • 23 Қаңтар, 2024

Әлем чемпионы Айыртауда жүр

941 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұқан Ағзамовтың шәкірттері Үнді елінің Хайдарабад қала­сында стритлифтингтен өткен Әлем чемпионатынан жеті алтын, екі күміс, бір қола медаль алып, командалық есепте үшінші орынға ие болды.

Әлем чемпионы Айыртауда жүр

Суретте: Мұқан Ағзамов шәкірттерімен

Өскемен қаласынан 35 ша­қырым қашықтықта Ұлан ауда­нына қарасты Айыртау деген ауыл бар. Мұқан Ағзамов ұзақ жыл­дан бері аталған ауылда тұрады. Техника ғылымдарының кан­дидаты, профессор, ауыл шаруа­шылығының майталман маманы. Кезінде 10-нан аса рацио­нализаторлық жаңалықтарды өндіріске енгізген, 20-дан аса өнертабыстық патенті бар. Мұқан Сағидоллаұлының шегірткені құртуға арналған қондырғысын өңірдің шаруа қожалықтары кеңінен пайдаланған. Мұқанның өзінің де қожалығы бар, еңбекқор азамат. Бұған қоса Сәрсен Аман­­жолов атындағы Шығыс Қа­зақстан университетінде жас кадр­ларға өз тәжірибесін үй­ре­тіп, дәріс оқиды. Ұзақ жылдар гір спорты мен қол күресінен Дүниежүзілік федерацияның вице-президенті және президенті болды. Әлем чемпионаттары мен Азия біріншіліктерінде гір спорты мен қол күресінен 12 рет жүлдегер, 5 рет чемпион  атанды.

– Хайдарабад қаласындағы Әлем чемпионатына біз өз қаржы­мызбен бардық. Стритлифтингтен өткен Әлемнің 10-біріншілігіне 18 мемлекеттен кілең «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар жиналды. Тартысты өткен жарыста мен 2 алтын, інім Ерік 2 алтын, ұлым Жүрсін (барлығы Ағзамовтар) 2 алтын, Иван Мальков 1 алтын, 1 қола, Еріктің ұлы Жан 2 күміс медальды иеленді. Айта кету керек, Жан Ағзамов өткен жылы стритлифтинг Азия федерациясының президенті болып сайланды. Бұл спорт Қазақстанда жедел дамып келеді. Ұлым Жүрсін өткен жылы стритлифтинг Дүние­жү­зілік федерациясының вице-президенті болып сайланды. 2024 жылы біз әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстарға қатысамыз. Аманшылық болса, шілде айының 15-21 аралығында Өскеменде стритлифтингтен Әлем чемпионатын өткізуге әзірленіп жатырмыз. Бұрындары да қол күресі мен гір спортынан әлем және Азия чемпионаттарын өт­кізген тәжірибеміз бар, – дейді Мұқан Ағзамов.

Ауылда тұрса да, аталған спорт түрлерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Мұқан сияқты аза­маттарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы