Мәселен, Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылында блокты-модульді конструкциялардан тұрғызылған спорт кешені бой көтерді. Ауыл балаларының арманына айналған нысан – енді жастардың құзырында. Қалаған уақытында барып, шынықса болады. Тіпті арнайы жаттықтырушылар да қызмет көрсетеді. Ашылу салтанатында аудан әкімі Елдос Ахметов халықты осынау қуанышымен құттықтады.
«Жастарды дамытуға бағытталған мұндай игі істердің берері мол. Осындай спорт нысандарынан әлемдік ареналарда топ жаратын чемпиондар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін. Сіздерді осы қуанышты оқиғамен құттықтай отырып, әр отбасына бейбітшілік пен амандық тілеймін!», деді Е.Ахметов.
Жалпы, спорт кешенінің құрылысына 130 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Qaz Damu Construction» ЖШС орындады. Екі қабатты ғимараттың аумағы – 720 шаршы метр. Мұнда волейбол, баскетбол, күрес залдары, сондай-ақ тренажер залы, душ және басқа да қажетті бөлмелер бар. Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін шағын волейболдан алғашқы жарыстар ұйымдастырылды.
Атап өтсек, 2020 жылы Ескелі ауданы Қарабұлақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылса, былтыр Өрқусақ ауылында воркауты бар шағын спорт алаңы, ал Сырымбет ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған еді. Енді Көкжазық ауылындағы спорт кешені қатарға қосылды.
Ал Жаркент қаласында бұрынғы қараусыз қалған мәдениет үйін жеке кәсіпкерлер күрделі жөндеуден өткізіп, 120 орынды жаңа ««Daraboz»» спорт кешені ретінде ашқан. 53 мыңға жуық тұрғыны бар шаһар жастары үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Мұнда оқушылардан бастап, кез келген ауыл азаматы 10 секция бойынша спортпен шұғылдана алады.
Панфилов ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бұрын 80-жылдардағы қараусыз қалған ғимаратта Мәдениет үйі болған.
Жаркент қаласы әкімінің қаулысымен бұл ғимарат 5 жыл мерзімге жергілікті кәсіпкерлер Ильшат Османов пен Асхат Бурашовқа сенімгерлік басқаруға берілген. Олар 500 млн теңге өз қаражатын салып, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, барлық қажетті спорттық құрал-саймандармен жабдықтап, спорт кешенін ашты.
Енді жалпы ауданы 1 500 шаршы метрді құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимаратында бокс, күрес, дзюдо, грек-рим күресі, үстел теннисі және басқа да спорт түрлерінен 10 секция жұмыс істейді. Нысанда бір уақытта 120 адам жаттыға алады. Жаңа спорт кешенінің өз асханасы, жарысқа келген спортшыларға арналған 16 орындық жатақханасы мен спорт залы бар. Сондай-ақ теориялық оқыту орталығы және баскетбол мен футболға арналған жеке футзал алаңдары бар. Мұнда 10 жаттықтырушыдан басқа жергілікті тұрғындардан тағы 10 адам жұмысқа тартылды. Осылайша, 20 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыскерлердің орташа жалақы – 100 мың теңге.
«Daraboz» спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Марат Сағымбек меценаттар мен жергілікті кәсіпкерлерге ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуде қолдау көрсеткені, өскелең ұрпақтың денсаулығына қамқорлық жасағаны және халықты спортқа тартқаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Атап өтсек, бұл – Панфилов ауданында жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің есебінен ашылған тоғызыншы спорт кешені. Сондай-ақ 2023 жылы бюджет есебінен Пенжім және Үлкеншыған ауылдарында спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді. Ал Үшарал ауылында 100 орындық тағы бір жаңа спорт кешені салынып жатыр.
Жетісу облысы