Қысқы спорт • 23 Қаңтар, 2024

Керлингтің кереметі

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мұз үстіндегі шахмат» аталып кеткен бұл ойынның денсаулыққа пайдасы көп. Әсіресе зерде мен зейіннің жақсы жұмыс атқаруына оң ықпал етеді екен. Көрер көзге жеңіл көрінгенмен, олимпиадалық ойын біраз еңбекті талап етеді. Қуа­ныш­тысы, елімізде керлинг спортына қызығушы­лар­дың қатары күннен-күнге артып келеді.

Керлингтің кереметі

Ойын тарихы XVI ғасырда Шотландиядан бастау алған. Бірде Данблейн тоғаны түбінен керлинг снаряды табылады. Ондағы «1511 жыл» деп қашалған жазу бұл спорттың расында ерте заманнан келе жатқанын баршаға дәлелдеді. Осылайша, бұқаралық спорт ретінде ғана танылған керлинг 1959 жылы Эдинбургте әлем чемпионаты деңгейінде дүркіреп өтеді. Ал 1998 жылдан бастап Олимпия ойындарының қатарына қосылады.

Қазақстан Керлинг федерациясы 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ара­лығында 16 құрама команда жасақталып үлгерген. Ерлер, әйелдер, жасөспірімдер мен паралимпиадалық команда спортшылары Алматыдағы ұлттық керлинг орталығында бас қосып тұрады.

Керлинг – ең демократиялы ойын түрі. Команда құрамында 16 жас пен 60 жас аралы­ғындағы спортшылар да қатар ойнай алады. Ал жаттығуға 5 жасынан кірісе беруге болады. Осындай талапты жастың бірі – 16 жастағы Мерей Тастемір керлингпен 6 жасынан бастап шұғылданған.

– Мен керлинг секциясы ашылғанын ести сала қызығушылық таныттым. Бірінші жаттығу күніміз ерекше әсер қалдырған соң, нақты осы спортпен шұғылданамын деп шештім. Дайындықтың нәтижесінде екі жыл бұрын Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына қабыл­дандым, – дейді ол.

Мерейдің ізімен туған бауыры Ибрагим де керлингпен айналысады. Ағайындылар Канвонда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада ел намысын қорғауға дайындалып жатыр.

Керлинг қауымдастығының Бас хатшысы Виктор Кимнің айтуынша, керлингте мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін де біршама жағ­дай жасалып жатыр.

– Қазір бізде есту қабілеті нашар және арбада отыратын спортшылар командасы жасақ­талған. Осыған орай Астанада керлингші-паралим­пиадашыларға арналған стадион жұмыс істеп тұр. Күрмеуі көп мәселелер ақырындап оң шешімін тауып келеді. Қазір Ұлттық олимпиа­да комитетінен бастап, министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті тиісті жабдық­тармен қамтамасыз етіп жатыр. Ендігі кезекте инфрақұрылым мәселесі реттелсе, нұр үстіне нұр, – дейді В.Ким.

Ойын ережесі – қарапайым. Төрт адамнан тұратын екі команда жарысқа түседі. Мұзайдынының ортасында арнайы сызылған шеңбер нысаны болады. Әр командада – сегіз тас. Қатысушылар кезек-кезек снарядтарды қолындағы ысқыш арқылы нысанаға жақын­датуға тырысады. Солайша ойын жеке спорт­шының емес, тұтас команданың комбинациялық үйлесімі арқылы қыза түседі.

Иә, керлинг – өз алдына ерекше спорт. Жоғарғы интеллекті мен мықты денсаулықты талап ететін ойында біздің де үлесіміз бар. Қазақ спортшылары керлингтен де керемет нәтиже көрсететіне сеніміміз мол. Сондықтан Канвон қаласына ел аманатын арқалап кеткен мұз үстіндегі мұзбалақтарға сәттілік тілейміз!