Қоғам • 24 Қаңтар, 2024

Пойыздан – ұшаққа

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алдағы ақпан айынан бастап елімізде «Пойыз+ұшақ» интермодальды тасымалдау қа­нат­­­­­қақты жобасы іске қосылады. Бұл жоба «Жолау­шылар тасымалы» АҚ, «SCAT» әуеко­м­па­­ниясы және «UvU» компаниясы өзара ынты­мақ­тастығының арқасында жүзеге асып отыр.

Пойыздан –  ұшаққа

ФОТО: kz.kursiv.media

Жолаушыларға ұсынылатын бұл қызмет автобус, әуе және теміржол билеттерін бір бағыт бо­йынша сатып алуға мүмкіндік береді. Осылайша, азаматтар өздеріне ыңғайлы бағытты таңдап, билет іздеуге жұмсайтын уақыттарын үнемдейді. Сондай-ақ қызмет арқылы еліміздің барлық қаласы бойынша саяхаттау мүмкіндіктері кеңейеді. Қанатқақты жоба (пойыз+ұшақ) «Қостанай-Астана-Шымкент» бағытында және кері бағытта сынақ түрінде өткі­зі­леді.

«Қостанай-Астана-Шымкент»(пойыз+ұшақ) бағыты бойынша тақ күндерде жол жүру кестесі:

- Қостанай стансасынан №81 «Қостанай-Астана» по­йызы Астана қаласына жөнелтіледі;

- «Нұрлы Жол» вокзалының №2 келу залының шығаберісінде трансфер Астана қаласының халықаралық әуежайына жөнелтіледі;

- Астана әуежайынан DV 772 «Астана-Шымкент» рейсі Шымкент қаласына ұшады.

«Шымкент-Астана-Қостанай»(ұшақ+пойыз) бағыты бойынша тақ күндерде жол жүру кестесі:

- Шымкент қаласының әуежайынан DV 771 «Шымкент-Астана» рейсі Астанаға қонады;

- Астана қаласы әуежайының №2 терминалының бірінші тұрақ желісінен «Нұрлы Жол» вокзалына дейін трансфер жөнелтіледі;

- «Нұрлы Жол» стансасынан №47 «Астана-Атырау» пойызы Қостанайға жөнелтіледі.

Қанатқақты бұл жоба 28 ақпанда аяқталады.

Жолаушылар әуе билеттерін scat.kz сайтынан, ал темір жол билеттерін bilet.railways.kz сайтынан қарай алады. Одан бөлек, қажетті мекенжайды таңдап, uvu.kz/ktz сайты арқылы трансферге тапсырыс беруге болады.