Қазақ өнерпаздарының концерттік бағдарламасы Бельфор залының ресми кестесіне енді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл сирек кездесетін оқиға. Содан болар, зал көрерменге лық толып, қошеметке бөленді.
Айта кетейік, «Focus Kazakhstan 2024» жобасын Бельфор Ұлттық театры «Le GRANIT» және «Art Ambassadeurs» ұйымы ұйымдастырып отыр. Жалпы, іс-шараның мақсаты – Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту. Алдағы уақытта түрлі жәрмеңкелер, фильмдер мен көрмелер өткізу жоспары бар. Еске салсақ, 2022 жылы аталған ұйым өкілдерінің жобаны іске асыру аясында екі елдің мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында «Қазақконцерттің» тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді. Делегация «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері мен классикалық өнер бөлімінің солистерінің шығармашылығына зор қызығушылық танытты. Нәтижесінде, «Қазақконцерт» әртістері «Focus Kazakhstan 2024» жобасында өнер көрсетіп жатыр.
19 қаңтарда Maison du Peuple de Belfort залында әлемге әйгілі «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, қазақ би өнерінің інжу-маржаны «Гүлдер» ансамблі мен «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солистері Айзат Қарабек пен Асқар Мұқияттың қатысуымен «Дала әуендері» концерті өтті. Әртістердің шығармашылық коллаборациясы шетелдік көрерменге дала рухы мен ұлттық мұра байлығын біріктірген қазақ мәдениетінің әсем әлемінен ұмытылмас әсер сыйлады.
Ал 26 қаңтар күні жоспарланған музыкалық кешке классикалық өнер бөлімінің солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Мәдениет саласының үздігі Дина Мирманова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік және «forte trio» мемлекеттік триосы қатысады. Концерт бағдарламасында шетелдік және еліміздің композиторларының классикалық музыка жауһарлары орындалады.
Францияның қоғам қайраткері Рафаэль Содини екі ел арасындағы ортақ мүдделердің бар екеніне тоқталды.
«Бұл қазақ мәдениетін жақсы білмейтін, бірақ танысқысы келетін Бельфор тұрғындарына керемет мүмкіндік. Қазақстан мен Франция арасында ортақ мүдделер бар. Тек саяси-экономикалық тұрғыда емес, мәдени жағынан да қарым-қатынасымызды нығайту маңызды деп ойлаймын. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі Бельфорда екінші мәрте өнер көрсетіп отыр. Бұл жолы жергілікті тыңдарман көп болды. Сондай-ақ аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамы франциялық қауым үшін жаңалық болды», деді Рафаэль Содини.
Сондай-ақ «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Әріпқызы гастрольдік сапардың мәдени маңызын атап өтті.
«Франция сахнасында өнер көрсету – біз үшін бір жағынан сынақ, бір жағынан мәртебе. Белгілі «Тұран» ансамблімен бірге шыққанымыз да бишілерге емтихан сынды. Ұлттық аспаптарда дәстүрлі әуендеріміз орындалды. Мың бұралған бишілеріміз бен әншілеріміз өз өнерлерімен шашу шашты. Сахнадағы көгілдір экраннан еліміздің көрікті жерлері көрсетілді. Концертке жиналған қауым Қазақстанға виртуалды саяхат жасағандай әсерде болғанын ерекше таңданыспен айтты», деді ол.
Ал әнші Асқар Мұқият француз сахнасында халық әні «Екі жиренді» шырқады. Бұл әнді таңдап алуы да бекер емес.
«Француздардың және сол жақта өмір сүріп жатқан түркі тілдес халықтардың қазақтың ұлттық өнеріне, ұлттық аспаптарына, биі мен әніне деген ыстық ықыласын көріп, ерекше толқыдым. Алғашқы концертіміз жоғары деңгейде өтті. Кеш соңында көрермендер орындарынан тұрып, қошемет көрсетіп, бізді сахнадан жібермей біраз тұрды. Ал өзім Франция еліне халық әні «Екі жирен» мен Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін» таңдап алдым. Өйткені «Екі жирен» – қазақ өнерін Еуропа төріне танытқан Әміре Қашаубаевтың репертуарында болған және Парижде орындалған ән», дейді Асқар Мұқият.
«Focus Kazakhstan 2024» іс-шарасы екі елдің музыкалық дәстүрлерінің мәдени байланысына баса назар аударған екі ел арасындағы бірыңғай мәдени көпір болмақ. Айта кетейік, жыл соңына дейін жалғасатын жоба аясында бірқатар концерт, жәрмеңке, кино көрсетілім мен көрме жоспарланып отыр.