«Сәбиттің өмірі мен еңбегі жазушының бір басының ерекшелігін ғана баян етпейді. Ол қазақ әдебиетінің тарихындағы аса күрделі дәуірдің өскен жолын, ізденген мүддесіне жеткен өрісін де баян етеді», деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, Сәбең сөз жоқ өз дәуірінің тарлан қаламгері болғаны анық. Көзі тірісінде биіктен түсіп көрген жоқ. Жарықтық өмірінің соңында да сол биікті аңсаған екен.
«Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты естеліктер жинағында орыс жазушысы Алексей Брагин, науқасы меңдеп Совминнің ауруханасында жатқан Сәбеңнің алқымына ажал тіреліп, бақиға аттанар шақта жары Мәриямға айтқан соңғы сөзін келтіреді. «Мәриям мені қайда түсіріп барады мыналар? Мен төменге емес, тауға шыққым келеді», депті марқұм («Кәдімгі Сәбит Мұқанов». Естеліктер жинағы (құрастырған: С.Шаймерденов, Қ.Ергөбеков). – Алматы: Жазушы, 1984. 295-б).
Замандасы Ғабит Мүсірепов айтқандай, оның дарынының қайнар көзі – халықтың қалың ортасы мен қазақтың кең байтақ даласы еді. Сондықтан да шығар оның өлімі күллі бұқараны қайғыртты. Жазушының қазасы хақында «Социалистік Қазақстан» газетінде 1973 жыл, 20 сәуір, №93 саны ресми қазанама жарияланып, оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевтан бастап, барлық республика дәргейіндегі атқамінерлер көңіл айтыпты.
Газеттің келесі күнгі (21 сәуір, №94) санында ақын Ғафу Қайырбековтің жоқтау жыры жарияланыпты. Онда:
«Көзім күйіп барады жастан менің,
Тағдыр шіркін, тас па едің, тастан ба едің,
Қайран Сәбе, суымай жатыр әлі,
Табаныңмен кеп-кеше басқан жерің.
Әрқашан да даңқың бар соған сенбек,
Қалдырдың сен бай мұра, ерен еңбек,
Томдарыңды қолтықтап бара жатқан,
Сан ұрпақтың жүрегі соғар сен деп...»
деп жазылыпты.
Осылай алматылықтар шежіре-жазушы Сәбит Мұқановты 21 сәуір күні ақтық сапарға шығарып салады. Бірақ бұл шаруаның ішінде қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлы бола алмапты. Себебі сырқаттанып, ауруханада жатқан. Сөйтсе де, жазушының жарына хат жазып, көңіл айтқан екен. Хатта: «Қадірлі жеңгем Мәриям, қарақтарым балалар! Абзал ағам Сәкеңнің алыс сапар салғанына қатты қайғырып жатырмын. Басына баруыма докторлар рухсат етпей отыр. Ауыр қайғыларыңызға ортақпын. Орны толмас абзал ағамның жатқан жері торқа болсын. Б.Момышұлы. 20.04.73 ж. Больница».
Бұл жәдігер қазір С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің қорында сақтаулы тұр. Музей қызметкерлерінің айтуына қарағанда, бұл хат-жәдігерді жарының құжат-қағаздарымен бірге Мәриям Мұқанова тапсырыпты.